Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай Шымкентте 10 үйге ортақ алаң абаттандырылуда

1170
Adyrna.kz Telegram

«Нұрсәт» шағынауданында 10 үйге ортақ алаң абаттандырылып, көгалдандырылуда. Бір кешенді құрайтын тұрғын үйлер 2019-2020 жылдары әлеуметтік тұрғыда осал топтарға жататын отбасылар мен жастарға берілген.

Бұл нысанға қала әкімінің аппарат басшысы Ғабит Мәуленқұлов пен Қаратау ауданының әкімі Абзал Әліқұлов арнайы барды. Аулада заманауи үлгідегі балалар алаңшалары мен жаттығу тренажерларын орнату бастамасы іске асып жатыр. Жасыл желектер отырғызылып, оларға су жеткізу жүйесін орнату жұмыстары атқарылған.

Ғабит Мәуленқұлов мердігер ұйымның өкілдеріне ағаштар отырғызу мен оларды күтіп-ұстауда аграрлық талаптарды қатаң ұстануды тапсырды. Айта кету керек, соңғы алты жылда аудан аумағында көпқабатты тұрғын үйлердің 95 ауласы абаттандырылып, барлығында балалар ойын алаңшалары орнатылған.

Биылғы жылы атқарылатын жұмыстар екі кезең бойынша қарастырылып, 31 аулаға балалар ойын алаңшалары қойылады деп жоспарланған. Қазір абаттандыру жұмыстары төрт аулада қызу жүргізілуде. Сонымен қатар, аудан аумағында осы жылы 25 спорт алаңшасы мен 2 әмбебап спорт алаңшасы салынады.

Пікірлер