Шымкент: Азаматтарды баспанамен қамтуда жүйелі жұмыстар жүргізілуде

1071
Adyrna.kz Telegram

Шымкент қаласының тұрғын үй басқармасының басшысы Азамат Рысжанов тұрғындардың баспана мәселесіне қатысты өтініштерін тыңдап, жеке қабылдау жүргізді.

Басқарма басшысы 30-ға жуық азаматты қабылдады. Баспана мәселесімен келгендердің бірі қала тұрғыны Майра Ізбасарова. Тұрғын үй кезегіне халықтың әлеуметтік әлсіз тобы санатында толық емес отбасы ретінде 2012 жылы тіркелген. Ол тұрғын үй кезегінің соңғы уақыттарда айтарлықтай жылжып жатқандығын егов электрондық порталы арқылы бақылау барысында байқаған.

Басқарма басшысы Заңға сәйкес мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй белгіленген тәртіппен кезек реті бойынша берілетіндігін жеткізді.

Аталған шара барысында А. Рысжанов «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында несиелік негізде «Шаңырақ» бағытының қатысушыларына тұрғын үй сертификатының талаптары мен шарттарын түсіндіріп өтті.

Сонымен қатар тұрғын үй кезегіндегі азаматтардың кезек реті басқарма тарапынан атқарылып жатқан жоспар бойынша және жүргізіліп жатқан түгендеу жұмыстарына сәйкес тиісті деңгейде жылжып жатқандығын атап өтті.

Тұрғын үй кезегіне қатысты қызметтер бүгінде толығымен автоматтандырылған. Азаматтар өздерінің тұрғын үй кезек ретін егов электрондық порталы арқылы бақылай алады

Айта кету керек, кредиттік бағытта баспаналы болуды көздеген азаматтар үшін «Шаңырақ» бағдарламасы бойынша несиелік негізде жылдық мөлшерлемесі 5 пайызбен берілетін үйлерге тікелей сатылым бойынша өтінімдер «Отбасы» банк арқылы ағымдағы жылдың 15 қыркүйектен-13 қазан аралығында жүргізілуде.

«Отбасы» банкі жариялаған ақпараттарға сәйкес, Шымкент қаласында «Бақытты отбасы» бағдарламасының негізгі тізіміндегі төлем қабілеттігін растаған, алайда әлі пәтер іздеу үстінде немесе негізгі тізімде, әлі банкке келмеген азаматтар «Шаңырақ» бағыты арқылы беріліп жатқан баспаналарды 2 пайыздық жеңілдетілген көрсеткішпен ала алады. Бағасы нарықтан төмен баспананы алу үшін baspana.otbasybank.кz сайты арқылы азаматтар өз өтініштерін жолдай алады. Қалған азаматтар үшін Шаңырақ бағдарламасы бойынша алғашқы жарна 10 %, несие 5 %-бен беріледі.

Пікірлер