Абаев: Елдік мүдде жолында тізе қосып қимылдау - қасиетті парызымыз

1480

Елдік мүдде жолында тізе қосып қимылдау - баршамыздың қасиетті парызымыз. Бұл туралы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына арналған «Ұлы дала ақыны» атты халықаралық конференцияда ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Азаматтарға, әсіресе, өскелең ұрпаққа білім беру – мемлекеттің маңызды міндеттерінің бірі. Ал мәдениет – отбасында және өскен ортада алған тәрбиеден басталады. Сол үшін қоғамның мәдениетті болуына мемлекетпен қатар әр отбасы да жауапты. Мұндай ортақ жүкті мемлекет пен қоғам тізе қосып, теңдей көтерісуге тиіс. Бұл істе, әсіресе, зиялы қауымға артылар салмақ ерекше. Қай заманда да елдік мәселенің дұрыс-бұрысын ел ағалары бағдарлап келген. Ағылшындар Шекспирмен мақтанып, орыстар Пушкинді пір тұтса, біз де ұлы тұлғаларымыз бен классиктерімізге сүйенеміз. Елдік мүдде жолында тізе қосып қимылдау баршамыздың қасиетті парызымыз деп есептеймін», - деді Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары.

Ол таяуда Жазушылар одағында болып, интеллегенция өкілдерімен кездесуінде өз ойларымен бөліскенін атап өтті.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елімізде қаламгерлерді, әсіресе жас ақын-жазушыларды қолдау ісі қарқынды түрде жалғасатын болады. Өткен жылы зияткерлік қоғамдастығының бірқатар өкілі Абай атындағы мемлекеттік сыйлыққа лайық деп танылды. Биыл, Тәуелсіздік күні қарсаңында да көптеген әдебиет өкілдері мемлекеттік награда алады. Жыл сайын әдебиет пен мәдениет қайраткерлері президенттік стипендия беріледі», - деді Дәурен Абаев.

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер
Редакция таңдауы