Булану алқабының жартысы құрғатылды

3545
Adyrna.kz Telegram

Атырауда «Сасық сай» аталып кеткен булану алқабының жартысы толықтай құрғатылды. Бұл жұмыс Атырау мұнай өңдеу зауытының сол жерді қалпына келтіруге арналған «Тазалық» жобасы аясында іске асуда деп хабарлайды Forbes.kz.

«Сайды төрт бөлікке бөліп, бірінші секторды толығымен құрғаттық. Екіншісі 95 пайызға аяқталды. Онда аздаған көлемде су қалады. Біз оны кейін сорып аламыз. Әзірге ол жерге техника бара алмайды. Судың толықтай ағып кетуі үшін уақыт қажет» дейді Атырау мұнай өңдеу зауытының құрылысты ұйымдастыру бөлімі басшысының орынбасары Қанат Сағызбаев.

Оның айтуынша, 2022 жылы бірінші және екінші секторлардағы қамыс шабылып, жері жыртылып, рекультивацияланды. Тиісінше мұнай қалдықтары гектарына бір тоннадан бөлінетін биологиялық өнім арқылы тазартылады. Бұл препарат негізгі ластаушы мұнай өнімдерін жоюға көмектеседі. Содан кейін топырақ құрамы азоты бар тыңайтқыштармен байытылады. Осылайша қара жерге көңіл аударғанның арқасында сол маңда өсімдіктердің табиғи түрде қайта бас көтеруіне мүмкіндік пайда болады.

«Алғашқы екі-үш жылда негізінен қамыс өседі және ол жерді жақсы тазартады. Содан кейін басқа шөп шыға бастайды» дейді Қанат Сағызбаев.

Булану алқабының екінші-үшінші секторын құрғату 2022 жылы басталады. Оның рекультивациясы да 2023 жылға дейін алғашқыдағыдай схемамен жүзеге асады. Кейін бірнеше жыл қатарынан мамандар зиянды заттардың азаю динамикасын қадағалап, мониторинг жүргізетін болады.

Қазіргі уақытта Атырау мұнай өңдеу зауытынан бөлінетін қалдық су булану алқабына төгіліп жатыр. Жақында уақытша жабық құбыр іске қосылған соң, 3 жарым шақырымға созылған ашық канал құрғатылады. Ал оның орнына екі тұрба тартылады. Оның біреуі қосалқы қызмет атқарады. Дегенмен құбырлар «сасық сайға» емес, қаланың кәріздік тазарту жүйесіне қарай бағытталған.

«Ағын судың 15 пайызы қайта пайдаланылады. Егер суды тазалау барысында сапаның жоғары көрсеткіші байқалса, қайта пайдаланылатын судың көлемін арттыратын мүмкіндік бар» деп түйіндеді сөзін Қанат Сағызбаев.

«Сасық сай» – қаланың сол жағалауынан шығатын ағын сулар мен өндіріс қалдықтары жиналатын булану алаңы. Оның 476 гектары әкімдікке, 860 гектары Атырау мұнай өңдеу зауытына тиесілі.

2021 жылдың сәуір айында зауыт булану алқабының өзіне тиесілі бөлігін қалпына келтіруге және ағын суларды тоқтатуға бағытталған «Тазалық» жобасын іске асыруды бастады. Жобаны қаржыландыруды «Еуропалық қайта құру және даму банкі» мойнына алып, жобаны жүзеге асыру үшін 80 миллион АҚШ долларын бөлуге дайын екенін білдірді.

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер