Шымкентте қуғын-сүргін құрбандары жатқан жерге жол төселіп жатыр

1710
Adyrna.kz Telegram

Шымкентте сталиндік қуғын-сүргін кезінен бері "Қайтпас" деп аталатын жерге жол салына бастаған  деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы 31 арнаға сілтеме жасап. 

Жергілікті тұрғындар жерлеу орнында құрылыс жұмыстарын жүргізбеу туралы өтінішпен әкімдікке бірнеше рет жүгінген. Алайда тұрғындардың сөзіне шенеуніктер құлақ аспаған.

"Осы жерде, сайда жасырын атып, зиялы қауымды түнде әкеліп, өлтірген" — дейді жергілікті тұрғын Өлмесхан Жәнібеков.

Жұртшылықтың ішінде жол апаттары бұрын бейіт орнына төселген жолдың үстінде орын алатыны туралы сыбыстар бар. Ал мердігер мекеме басшысы Әлішер Ханалиевтің айтуынша, бас жоспарда бұл жерде қорымдар туралы мәлімет жоқ.

"Ұсынылған жобамен жұмыс істеп жатырмыз. Қазір құрылысты тоқтаттық", — дейді ол.

Шымкент қалалық құрылыс бөлімінің бас маманы Шамиль Аманқұлов бұл мәселе жан-жақты қарастырылатынын айтты: "Жобалаушыға ұсыныстар береміз, өзгертулер енгіземіз. Жобаны ауыстыруға, жылжытуға болады" — деді ол.

Бейіттерді қорғауға тырысқан тұрғындар қазір үкіметтен көмек сұрап жатыр. Олар бұл жерді мемлекет қарауына алуды сұрауда.

 

"Адырна" ұлттық порталы

 

 

 

 

Пікірлер