“Dauletten" қайырымдылық қоры бір жылдығын атап өтті

2368
Adyrna.kz Telegram

"Dauletten" қайырымдылық қоры бүгінде баспанаға мұқтаж жандар мен білімге ұмтылған жастарды қолдап келеді.  Бұған дейін қор 40 баспана сыйлап, 100 шәкіртақы тағайындаған. “Бала-шағамен ауылға”,  “Екінші тыныс”,   “Білімнің жұлдызы” жобалары мен  “Қайырымды қала” әлеуметтік кешенін  іске қосқан. Бүгінге дейін қайырымдылық істерге 478 миллион теңге жұмсаған. Жақында қор ұжымы бір жылдық есеп беру кешін өткізді. Аталған кеше барып, қор мүшелерімен тілдескен едік. Әлқисса…

“Dauletten" қайырымдылық қорының кеңесшісі, танымал блогер Дәулет Мұқаевтың айтуынша, қайырымдылық шаралар о баста оқырмандардан түскен хаттардан басталған. Қадірлі істі қолға алған ол осылайша қордың құрылуына ұйытқы болыпты.

-Ең алғаш вагонда тұрып жатқан отбасыны көріп, оқырманым маған хат жазған болатын. Осыны инстаграмға салып көрейінші, мүмкін адамдар жиналар деп ойладым. Салғаным сол екен, бір тәуліктің ішінде бір отбасыны баспаналы қылдық. Осылайша бүгінге дейін мұқтаж жандарға 40 баспана алдық. Кейін атымыз танымал бола бастағаннан кейін, ресми түрде тіркелдік. Халықтың әрбір жиналған тиын- тебеніне есеп жасап отырмыз. Біз жалғыз баспана емес, білім бағытына да негізгі басымдық береміз. Себебі елдің барлығына үй әпере берсек, қоғамда масылдар да көбейіп кетеді. Сондықтан да «еңбек ет, әрекет ет» деген ұранмен білім бағытында да жұмыс істеп жүрміз. Осыған дейін 10 шақты баланың оқу ақысын төлеп бердік. Одан бөлек «Білімнің жұлдызы» деген гранттар да тағайындадық, — дейді ол.

Ал қордың алғашқы директоры Ұлан Дәулетқали қор жұмысын алып кету үшін біраз қиындыққа тап болғандарын айтады.

— Осы жобаны қолға алғанда әлемде пандемия басталып, содан баспананы қоя тұрып, оттегі концентратор алдыра бастадық. Оның логистикасы қиын болды. Яғни Қазақстанға келуі, құжаттардың реттелуі, оны аман-есен жеткізу — бәрі бізге үлкен мәселе болды. 300  аппаратты таратамыз дегенше, көп уақыт кетті. Екінші қиындық — қайырымдылық қорына деген қоғамның қайшы пікірі еді. «Бұл кім сонда, олар ақшаны қайдан алып жатыр» деген теріс пікірлер айтылды. Бірақ біз жұмысымыздың нәтижесімен дәлелдедік деп ойлаймын. 2020 жылы жазда «Бала-шағамен ауылға» деген керемет жоба әзірледік, — дейді ол.

“Dauletten" қайырымдылық қорының қазіргі директоры Нұрсұлтан Орынбек қазір қор білімге ұмтылған жастарға  көңіл бөліп, олардың оқу ақыларын төлеп беріп жатқандығын айтады. Алдағы уақытта қордың бастамасымен ел астанасындағы Ұстаздар аллеясына "Ел үміті" атты  ескерткіш қойылмақ.

-Бүгінде қор жұмысын арнайы сайтынан, инста парақшасынан көруге болады. Сол жерге мұқтаж жандар өтініш те қалдыра алады. Арнайы кеңес талқылап, кім көмекке зәру екенін шешеді. Қорға қаражат халықтан, меценаттар мен компаниялардан жиналады, — дейді Ұлан Дәулетқали.

Сонымен қордың бір жылда атқарған жұмысын бір ауыз сөзбен түйіндеу қиын. Дегенмен ел игілігіне еңбек етіп, мұқтаж жандарға қол ұшын созып жүрген қайырымды жандардың қай бастамасы да өзгелерге үлгі болары анық. Бұл жерде сондай-ақ қор ұжымы ғана емес, бүкіл ел болып, түкпір-түкпірден көмек қолын созған еріктілердің де еңбегі ерен. Әр еріктінің айтар өз хикаясы бар. Олар жақсылық жасауға құштар, бір-бірін тыңдайды, сыйлайды, өзгелердің қуанышына қуанады. Шара соңында қордың барлық мүшесі риза болып тарасты. Біз де қор ұжымына сәттілік тіледік.

"Адырна" ұлттық порталы.

 

Пікірлер