Сенімді ақтаған Зейнеден

594

Сербияда өткен әлемдік додада бір топ қазақстандық спортшымыз еліміздің рухын асқақтататын жеңістерге жетіп, әлемге жеңіс тұғырында тұрып Қазақстан мемлекетінің гимнін тыңдатты. Солардың қатарында грэпплинг күресінен  84 кг салмақта әлем чемпионы атанған оралдық Зейнеден Мұхамбетжанов та бар.

Негізінде, грэпплинг  күресі спортшы қауымға ғана болмаса, расын айтсақ, көбімізге  бейтаныс жекпе-жек. Оның шығу тарихы да өз алдына бір әңгіме десек, ерекшелігі де бар. Жанкүйерлер грэпплингті «жерде жатып шахмат ойнап жеңіске жету» деп те атайды екен.

Өз салмақ дәрежесі бойынша чемпион атанған Зейнеден грэпплингпен айналысқанына 5 жылдан астам уақыт ішінде ол бірден көзге түсті.  Азия чемпионатында күміс, ал елімізде өткен  қалған жекпе-жектерге алтын жүлдеге ие болып жүрді.  Ең бірінші жеңіске 2017 жылы Қызылорда қаласында өткен республикалық чемпионатта, одан кейін Қостанай қаласындағы чемпионатта қол  жеткізді. Көп ұзамай Қазақстанның Грэпплинг  федерациясы  тарапынан ол Сербиядағы Әлем чемпионатына іріктеуден өтіп, жауапкершілік пен сенім жүгін арқалап әлемдік додаға қатысты.

   - Зейнеден, Әлем чемпионатындағы жеңіске жету жолындағы әсерлеріңмен бөлісе кетсең?

- Сербиядағы  Әлем чемпионатына,өздеріңіз білетіндей, 25 елдің спортшылары қатысып, жеңіс үшін бақ сынастық. Менің бірінші қарсыласым –индус балуаны болды, мен одан басым болып, оны 6: 0 есебімен жеңдім.  Екінші қарсыласым – әзірбайжан балуанын да айқын басымдылықпен еркін жеңдім.Үшінші қарсыласым - американдық Келвин Робертболды. Айта кетейін, оның жеңіске деген ұмтылысы жоғары болды. Тіпті жарыс кілеміне шыққанымда ол күрес кілеміне бірден шыға қоймай, жанкүйерлерінің қолпаштауына масаттанып, сырбазданып шықты.Мұндайды спортшылар психологиялық шабуыл дейміз. Қазақта мұны дөңайбат деуші ме еді... Сонымен, америкалықпен күрес басталып кетті. Ол маған аяқты ауырту әдісін жасап, жеңем деп ойлады.Оған көп күш жұмсады. Бірақ мен ауырсынсам да төзіп, аяғымды шығарып алған соң оны еркін күрестің әдісімен аударып тастап,тиісті ұпайымды алдым.Осылайша америкалық балуанды 2:1 есебімен ұттым. Финалда Францияның  Мухаммед Байрактар деген атақты балуанымен күрестім.Ол джиу-джитсудан қара белдік иесі, мықты балуан екен. Қандай атағы болса да, мен жүрексінбедім. 5:3 есебімен басымдықпен жеңіп, Әлем чемпионы атандым.

-Сені жеңіске жетелеген қандай күш?

-Әлем чемпионатына бүкіл Қазақстанның атынан шығып жатқан соң мені намыс қамшылады. Намыс деген үлкен қамшы екен... Қарсыластарым да өз елінің іріктеуінен өтіп келген мықты балуандар ғой. Бірақ, салыстырмалы түрде айтар болсақ, күрес алаңында өзімнің бойымнан байқағаным, менің дайындығым физикалық жағынан да, функционалдық жағынан да жоғары деңгейде екендігі.  Менімен күресте олар қанша мықты болса  шаршап қалатынын байқадым. Мен күрестің аяғына дейін шаршамадым. Оның басты себебі - ол дайындықтың нәтижесі.  Әрине, қуаныштың аты қуаныш, жеңіске жеткенімде қуандым. Өйткені бұл жеңісті бүкіл  қазақтың жеңісі деп түсінемін. Жеңісімді бүкіл еліме арнаймын!

-Қазір орда бұзар отыз жастан жаңа ғана астың. Болашаққа қандай жоспар бар?

- Жалпы алғанда грэпплингке жас жағынан шектеу жоқ. Айта кетейін ,күресті 16 жастан бастауға болады. Ал жастың жоғарғы деңгейі, әрине, кім өзін қалай сезінеді, соған байланысты. Денсаулық сыр бере бастаса судьялық немесе жаттықтырушылыққа ауысуға болады. Бірақ, қазіргі таңда 35-40 жасқа  дейінгі балуандарды көрдім айналысып жүрген. Өзім әлі де жалғастырмақ ойым бар бұл күресті.Грэпплингтің Қазақстанда дамуына өз үлесімді  қосқым келеді әлі де. Батыс Қазақстанда, дәлірек айтқанда Орал қаласында грэпплингке мән беріліп, оған жастарды баулу жұмысы  жақсы жолға қойылған. Реті келгенде айта кетейін,  менің жеңіске жетуіме атсалысқан көп адамдар болды. Солардың бәрін атамасам да кейбіреуіне ризалығымды білдіргім келеді. Ең бірінші , қазір ол кісілер о дүниелік болып кетті ,еркін күрестің негізін қалаған Оқашев Амангелді мен Молғабеков Өтепті  атар едім. Иманды болсын. Қазіргі жаттықтырушыларым Мұхтар Хамзин,Қаленов Жәнібек,Қаметов Жүсіп,Бразилиядан келген грэпплинг жаттықтырушысы Карлос  Фальс,Батыс Қазақстан облыстық грэпплинг федерациясының басшысы Ыхсанов Азат, жаттықтырушысы Ыхсанов Алмас,Қазақстан грэпплинг федерациясының президенті  Қанат Алинге  алғысым ерекше. Менің чемпион атануыма осы кісілер көп еңбек сіңірді .

-Чемпион жігіттің үйдегі рөлі қандай: лидерсің бе, әлде?...

-Әрине,отбасы дегеніңіз – ер адамның тынысы. Үйде ата-анам,екі қызым, әйелім менің тілеуімді тілеп отырғаны маған керемет күш береді.Біздің отбасымызда ер адамның орны жоғары. Әйелім мен сияқты қарапайым. Ақылды. Ер адамды қолдай біледі.

-Ақ көңілден шыққан әңгімеңе рахмет, Зайнеден! Әлі де талай жеңістерге жетеді деген ойдамыз. 

Әңгімелескен Баян Таңатарова,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер
Редакция таңдауы