«Тәуелсіздік – мәңгілік елдің тұғыры»

830
Adyrna.kz Telegram

Өңіріміздегі химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде «Қазіргі әлемдегі Қазақстан» атты ашық сабақ өтті. Іс-шараға Шымкент қаласындағы алдыңғы қатарлы 30 мектептен 900-ге жуық оқушы онлайн қатысуға мүмкіндік алды.

Тәуелсіздік сабағы «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының авторлық бағдарламасының негізінде әзірленген. Онда оқушылар Қазақстанның тәуелсіздік жылдарында жеткен жетістіктері мен бағындырған белестерін атап көрсетті.

Зияткерлер «Тәуелсіздік – мәңгілік елдің тұғыры» атты бүгінгі шарада елдің өткен тарихы мен бүгінгі жетістігіне шолу жасады. Сабақ барысында олар Қазақстанның 30 жыл ішінде жеткен белесі жайында баяндап, жарқын болашақтың кілті – игі бастамалар екенін айтты.

Байназар Сейтек, Химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы: «Бүгінгі сабақта біз тәуелсіздікте болған оқиғалар, яғни, мысалға Назарбаевтың бастауымен ядролық қарудан бас тартқан секілді үлкен бастамалар бізге үлкен әлемдік деңгейдегі құрметті және демократиялық бастамалар әкелуде. Және осының арқасында біз басқа елдердің арасында үлкен абыройға ие болып отырмыз».

«Тәуелсіздіктің жастарға сыйлаған мүмкіндігі өте зор. Оны келер ұрпаққа аман-есен жеткізу басты мақсатымыз. Сонымен қатар, елдің мерейін асқақтатып, биік шыңдардан көрінуі біздің қолымызда» деді Шымкент қалалық химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің директоры Қайырбек Буксукбаев.

«Мұндай үлкен өзекті мәселелер біздің жастарымыздан бастап, оқушыларымыз терең оймен, ары қарай дамып, еліміз көркейеді деп сенемін. Себебі, елдің ең бірінші байлығы – бейбітшілік. Бейбітшілік болатын болса, басқа да салалардың дамуына мүмкіндік бар. Оның ішінде медицина, білім саласы, әр түрлі спорт жүйелерінің жаңартулары, мұның бәрі тек бейбітшіліктің арқасында жүзеге асады».

Мектеп директорының айтуынша, жыл соңына дейін Қытай Халық Республикасындағы Суджоу мектебімен онлайн форматта кездесу жоспарланып отыр. Бұл онлайн сабақ Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы дамуы мен жеткен жетістіктерін дәріптеуге арналмақ. Алдағы уақытта ұйымдастырушылар осы сынды сабақты офлайн форматта өткізуге ниетті екенін де жеткізді.

Гүлдана Дәурен

Пікірлер