Шымкентте Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсы сахналанады

2402
Adyrna.kz Telegram

Шымкент қалалық опера және балет театры 30-31 қазан күндері тәуелсіздіктің 30 жылдығына ұлттық музыка жауһары – Е.Брусиловскийдің қайта жаңғырған «Қыз Жібек» операсын ұсынбақ. Бұл туралы өнер ордасында өткен брифингте театр директоры Майра Мұхамедқызы мәлімдеді.

– Биыл еліміздің музыкалық-сахна әлеміндегі тұңғыш қазақ операсы "Қыз Жібектің" дүниеге келгеніне – 87 жыл. Бұл опера туындысы барша әлемді селт еткізіп, ықлас-зейінін өзіне бірден тартты. "Қыз Жібек" бүгінгі күні ұлттық опера өнерінде ең ұзақ бақытты өмір кешкен керемет туынды. Ұлттық өнеріміздің алтын қорына енген 2 актілі 4 көріністі опера Шымкентте 2010 жылы А.Алтынбековтың режиссерлігімен сахналанған болатын. Араға жылдар салып, қойылымды жаңаша стильде қою мақсатында, Шымкент қалалық опера және балет театрына Ресей Федерациясының режиссеры Михаил Панджавидзе арнайы шақыртылды ,- деді М. Мұхамедқызы.

Спикердің айтуынша, бұл жолы сахнада ару Жібекті сомдайтын Түркістан музыкалық драма театрының вокал әртісі Әйкерім Шәріпбек және театрымыздың жас солисі халықаралық байқаулардың лауреаты Жұлдызай Мұсаева - Жібектің бойындағы нәзіктік, сабырлылық, биязылық т.б. сезімдерінің шынайылығын халық алдында көрсететін болады. Жібектің Төлегені болып Шымкент қалалық опера және балет театрының көркемдік жетекшісі Мәдіхан Дуйсеев өзінің ән орындау шеберлігімен көрермен көңілінен орын таппақ.

Брифингте қоюшы режиссер Михаил Панджавидзе, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің кавалері, дирижер Абзал Мухитдинов, театрдың бас балетмейстері Рита Хайрушева, қоюшы суретші Бақыт Күзембаев сынды спикерлер жаңа қойылымның ерекшелігі туралы айтты.

Шымкент қалалық опера және балет театрының сахнасында жаңа музыкалық редакцияда, режиссерлық шешімде, акустикалық, компьютерлік, жарық беру технологиясында, пластикалық хореография тұжырымдамасында, кейіпкерлердің ойнау, сөйлеу, ән айту тәсілдері арқылы қазақтың дәстүрлі орындаушылық ерекшеліктерінде қойылатын болады.

А. ЖӘДІГЕРҰЛЫ

Пікірлер