Аналары түрмеде: Сот орындаушысы қорғансыз қалған қыздарды күштеп қуып, баспанасын сатып жібермек болған

6422
Adyrna.kz Telegram

Алматыда жеке сот орындаушысы анасы түрмеде отырған 15 және 3 жастағы қыздарды үйлерінен күштеп шығарып, баспанасын сатып жібермек болған, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы Stan.kz сайтына сілтеме жасап. 

Бұл туралы адвокат Жохар Өтебеков өзінің Facebook парақшасында жазған. Анықталғандай жеке сот орындаушысы Расулов анасы сотталып кеткен балалардың баспанасын өз бетінше бағалап, сатуға қоймақ болған.

Оның баспананы алу туралы бұйрығына Медеу аудандық сотының судьясы Молдабаев шешім шығарған. Алайда қалалық соттың судьясы Бақытжан Елшібаев Медеу аудандық сотының қаулысын бұзып, шешімнің күшін жойды. Ата-анасыз қалған екі қыздың үйі осылайша өздеріне қалатын болды. 

"Жеке сот орындаушысы атқару парағын орындау тәсілі мен тәртібін өзгерту туралы ұсыныспен сотқа жүгінді. ЖСО талаптары оның өндірісінде И.-дан және басқа да сотталғандардан жәбірленуші К-ның материалдық залалдың пайдасына 46 млн. теңге сомасында ортақ тәртіппен өндіріп алу туралы атқару парағының болуымен негізделген. Борышкерде (сотталған И.) басқа мүлік пен ақша қаражатының болмауына байланысты сот орындаушысы Алматы қаласында орналасқан жылжымайтын мүліктегі ½ үлестен өндіріп алуды сұрады. Бұл үйде сотталушының әпкесі мен балалары тұрады. Бірінші сатыдағы соттың ұйғарымымен ЖСО ұсынысы қанағаттандырылды, борышкер мүлкінің ½ үлесіне өндіріп алынды", - деп хабарады Алматы қалалық сотының баспасөз қызметі.

Сот орындаушысы баспананы меншік иелерінің қатысуынсыз бағалаған. Қалалық соттың алқасы істі қарау барысында жеке сот орындаушы Расуловтың мүлікті бағалау кезінде асығыстық танытып, меншік иелері немесе олардың өкілдерінің қатысуынсыз жүргізгенін анықтады.

Медеу ауданында өткен алғашқы сот ісіне балалардың өкілдері де, түрмеде жазасын өтеп жатқан Иделшаеваны да қатыстырмаған. Істің ақ-қарасын анықтамай жатып шешім шығарған аудандық соттың судьясы мен сот орындаушысы енді жазаланады.

"Бірінші сатыдағы соттың ұйғарымы ЖСО ұсынымын қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа ұйғарым шығарумен жойылды. Сонымен қатар, жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасының атына жеке ұйғарым шығарылды", - деді ведомстводан.

Қыздардың анасы Дилара Иделшаева алаяқтық әрекеті үшін 5 жылға сотталып кеткен. Әкелері де жоқ.17 жастағы Наргиз Иделшаева болса қиындықтарға қарамастан оқуын жалғастырып, әрі 3 жастағы сіңілісін де бағып келген.

Ал ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар туралы қалалық білім басқармасы ештеңе білмейтін болып шықты. 

"Сот Алматы қалалық Білім басқармасына сотталған Иделшаева Дилара Әбдірашитқызың кәмелетке толмаған балаларына қорғаншы тағайындауды міндеттеді. Медеу аудандық қорғаншылық органы бұл сот ұйғарымын тек 2021 жылдың қыркүйек айында Динара Иделшаеваның өз қолынан алған. Бұған дейін соттан немесе білім беру мекемесінің әкімшілігінен олардың ата-анасыз қалғаны туралы ақпарат түспеген. Балалар Алматы қаласы, Учительская көшесі 40-үй мекен-жайында Динара Иделшаевамен (сотталушы Иделшаеваның әпкесі) бірге тұрады. Наргиз Алматыдағы Республикалық жоғары колледжде оқиды, ал сіңлісі оның тәрбиесінде. Наргиз кәмелеттік жасқа толған бойда сіңлісі Амираны қамқорлыққа алығысы келетінін білдірді. Балалар Динараның қамқорлығында болады. Алдағы уақытта баланы балабақшаға орналастыру мәселесі шешілмек", - деді Білім басқармасының өкілдері.

“Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер