Қазақстанда 15 университет жабылды

2606
Adyrna.kz Telegram

Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында жоғары білім сапасын арттыру мәселелері қаралды, деп хабарлайды "Адырна" сайты.

Премьер-Министр жоғары білім саласын дамыту бағытында көптеген жүйелі жұмыстар атқарылып жатқанын атап өтті. Заңнамалық деңгейде университеттерге академиялық және басқарушылық дербестік беріледі. Бұл ретте, мамандарды даярлау сапасын одан әрі арттыру, студенттерді даярлау сапасына жоғары оқу орындарының жауапкершілік тетіктерін енгізу қажет, – делінген primeminister.kz хабарламасында.

Атап өтілгендей, сапасыз білім беретін 15 жоғары оқу орны жабылып, білім беру нәтижелеріне қойылатын біліктілік талаптары студенттердің білімінің қимасы бойынша қайта қаралды.

Түлектердің білім деңгейі нарық пен жұмыс берушілердің талаптарына сай болуы керек. Төртінші өнеркәсіптік революция және кеңінен таралған цифрландыру мүлдем жаңа тәсілдер мен дағдыларды талап етеді. Үздіксіз білім алу принципін жүзеге асыру маңызды.
Асқар Мамин

Үкімет басшысы Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне, сондай-ақ «Атамекен» АЭС-ке мамандарды даярлау сапасы тәуелді болатын жаңа кәсіби стандарттарды жаңарту және әзірлеу бойынша жұмысты күшейтуді тапсырды.

Премьер-Министр түлектерді сертификаттаудың тәуелсіз жүйесін әзірлеу, кәсіптердің ұлттық классификаторын жаңарту, қашықтықтан оқыту форматтарын, оның ішінде жоғары оқу орындарында заңнамалық реттеу қажеттігін атап өтті.

Білім және ғылым министрлігіне 22 қарашаға дейін Білім беруді дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасында Қаржы, Ұлттық экономика министрліктерімен, мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп жоғары білім сапасын қамтамасыз етудің нақты шаралары мен көрсеткіштерін қамтамасыз ету тапсырылды. ЖОО-лардың бәсекеге қабілеттілігін арттырудың 2021-2025 жылдарға арналған Жол картасын пысықтап, үкіметке ұсыну.

Мамин 20 мықты өңірлік университетті құруды қаржыландыру мәселелерін пысықтауды және Петропавл мен Шымкентте «Назарбаев Университеті» сияқты екі университет ашуды, екі дипломдық бағдарламаларды әзірлеу және оқытушылар мен студенттердің академиялық ұтқырлығын арттыру бойынша жұмысты жалғастыруды тапсырды.

Үкімет басшысы университеттердегі ғылыми зерттеулердің көлемін ұлғайту және жастарды ғылымға белсенді тарту бойынша нақты шаралармен ғылым мен жоғары білімнің бірыңғай цифрлық платформасын құруды пысықтауды тапсырды.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер