Бүгін – Ұлттық валюта күні

3187
Adyrna.kz Telegram

Қазақстан 1991 жылы өз тәуелсіздігін алғанына қарамастан, елдегі бірыңғай төлем жүйесі рубль болып қала берді. Төл теңгенің тарихы араға екі жыл салып, 1993 жылдың 12 қарашасында басталды. Дәл осы күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының ұлттық валютасын енгізу туралы» Заңға қол қойған еді.  Ал 15 қараша Ұлттық валюта күні болып белгіленді.

«Теңге» атауы қайдан шықты? 

Валюта атауы бірден таңдалмады. Бастапқы кезде «теңгеден» бөлек «сом», «ақша», «алтын» сынды  атаулар болып, олардың барлығы да таңдауға түсті.  «Теңге» атауын академик Сауық Тәкежанов ұсынды. Бұл ұғым ортағасырлық түркі күміс тыйындары «денге» немесе «таньга» сөзінен бастау алған.

Алғашқы валютамыз шетелде шығарылды 

Өз жерімізде ақша басатын фабрика болмағанына байланысты экономикалық тәуелсіздігіміздің нышаны болған алғашқы теңге  Ұлыбританияда шығарылды.  Бұл жайында Қазақстанның Тұңғыш Президенті былай дейді: «Жеті миллион доллар тауып, ақшамыздың қалған бөлігін шығаруға қажетті шығынды төледік. «Ил-76» төрт ұшағын жалдап алып, ақшамыздың 60 пайызын тасып әкелдік. Бұл өте құпия операция еді. Құжаттарға: «Мемлекет басшысының салынып жатқан резиденциясына керекті мүлік» деп жазылды. Оған дейін облыстарда жерасты қойма жасатып қойдық. Төрт ұшақ аптасына Лондон-Орал, одан облыстарға дейін әрлі-берлі он сегіз рейс жасап тұрды. 12 қарашаны мен ақшаны енгізу күні деп жарияладым. Жиырма күнге жетер-жетпес уақыт қалды. ҰҚК басшыларының бәрін операцияны өткізуге жұмылдырдым. Ең қиыны –  ақшаны барлық ауданға, барлық банкке жеткізу. Ол сегіз күннің ішінде атқарылып шықты. Бәлкім, дүниежүзінде жаңа ақшаны енгізу тап осындай тез әрі табысты жүзеге асырылған жоқ шығар».

Ақша басып шығаратын өз фабрикамыздың негізі екі жылдан кейін, яғни 1995 жылы қаланды.

Қазақ валютасының өмірге келуіне Тимур Сүлейменов, Меңдібай Алин, Ағымсалы Дүзелханов, Қайролла Әбжәлелов сынды суретшілер үлкен үлес қосты.

1 теңге = 500 рубль

Ескі ақшаны отандық теңгеге айырбастау 1993 жылы 15 қарашада басталып, 20 қарашада аяқталды. Ол кезде 1 теңге 500  рубльге тең болды. 1 теңгеде әл-Фарабидің, 3 теңгеде Сүйінбайдың, 5 теңгеде Құрманғазының, 10 теңгеде Шоқан Уәлихановтың, 20 теңгеде Абайдың, 50 теңгеде Әбілқайыр ханның, 100 теңгеде Абылай ханның портреттері бейнеленді. Сондай-ақ қағаз ақшалардың біріне Елбасының бейнесін қою ұсынылыпты. Алайда Назарбаев оны құптамай, қарсылық танытқан екен.

Диана АСАН,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер