2006 жылы Америка Құрама Штаттарының қырық бесінші вице-президенті Альберт Гордың «Қолайсыз шындық» («An Inconvenient Truth») атты туындысы жарық көрген бойда, оның мәні мен мазмұнын ашатын деректі фильм әлем кинотеатрларының экрандарын бірден жаулап алған болатын. Өйткені, әлгі фильм адамзат өркениетіне төніп тұрған ең басты қатердің қозғаушы күші де, негізгі себебі де адамзаттың өзі екендігіне көрерменің көзін анық жеткізген еді. Бұрын саясаткерлігімен белгілі болған тұлғаның одан бетер танымал болуының сыры, біріншіден, фильм режиссерінің мықтылығында жатса, екіншіден, «Қолайсыз шындық» авторының парасаты мен шешендік қабілетінің биіктігінде екені күмән тудырмайды. Олай деуге толық негіз бар. Өйткені, аталмыш фильмде Альберт Гор әлем ғалымдары бұрыннан көтеріп жүрген «қоршаған ортаның бүлінуіне кім кінәлі?» деген ащы сұрақтың жауабын көрермендердің санасына өте нанымды жеткізе білген.
Тоқетерін айтқанда, Альберт Гор бүгінгі таңдағы Жер шары қызуының көтерілуіне де, жаһандық климаттың өзгеруіне де, биосфера жүйесінің бұзылуына да, қос полюстер мен асқар таулардағы мәңгі мұздардың өте жылдам еріп бара жатқанына да, өзен-көлдердің сарқылып, топырақ эрозиясының етек алуына да, теңіздер мен мұхиттардың шектен тыс қышқылданып, өте тез булануына да, соның салдарынан апатты дауылдар мен цунамилердің жиілеп кетуіне де адами фактордың, яғни адамзат әрекетінің салдарынан атмосфераны толассыз былғап отырған көмірқышқыл газы (СО2) екенін шешен сөзбен қатар, жылдар бойы жинақталған ғылыми деректердің негізінде дайындалған салыстырмалы слайдтардың көмегімен шебер дәлелдеп берген болатын.
Әлемдік үдеден шыққан бұл өткір фильм үшін Альберт Гор алдымен Оскарды бағындырып, 2007 жылы Нобель сыйлығымен марапатталғанын бүкіл әлем біледі. Одан бергі кезде саясаттан шеттеп, бизнеске кетсе де танымал тұлға ғылыммен айналысуын жалғастыра берген. Соның нәтижесінде 2013 жылы ғалымның «Болашақ» («The Future») атты заманауи мәнге ие, ғылым мен білімге толы және бір туындысы жарық көрді.
Автордың сөзіне қарағанда, «Болашақтың» жазылуына ұзақ жолда бірге болған жолаушының: «Жаһандық өзгерістердің қозғаушы күштері қандай?» деген тосын сұрағы түрткі болған сыңайлы. Өйткені, өзін әңгімеге тартқан әлгі адамға бірден жауап қайтарғанымен, іссапардан қайта оралған соң, ұшақта қойылған әлгі бір сауал оның мазасын алып, көп уақытқа дейін толғандырғанын Альберт Гор жасырмайды. Толғаныстың соңы жеті жылға созылған зерттеу жұмысына ұласып, нәтижесінде тілге тиек болып отырған жаңа туынды жарық көрген. Футуристік арнада жазылған көлемді зерттеуде болашаққа негіз болатын жаһандық өзгерістердің қозғаушы күштері өте нанымды бейнеленеді.
Біріншіден, бүгінгі таңдағы Жер шарын Альберт Гор бір-бірімен кіндігі жабысқан әлем экономикаларының басын біріктіретін жаһандық корпорация ретінде қарастырады. Өйткені, бүгінгі әлемде адамдар ғана емес, тұтыныс тауарлары да, капитал да, жұмыс та, табиғи ресурстар да, заманауи технологиялар да, ақпарат ағыны да еркін айналады. Оларға ешбір шекара тосқауыл болып отырған жоқ. Оның үстіне қазір жұмыс қолы қай елде арзан болса, өндіріс пен технологиялық капитал да солай қарай ағылатыны жұмбақ емес. Мұның айқын мысалы – Қытай. Себебі, оза дамыған АҚШ, Батыс Еуропа, Жапония сынды елдердің жеңіл өнеркәсіптері ғана емес, ауыр өнеркәсіптері де, автомобиль өндірістері де, электроника немесе жиһаз шығаратын фирмалары да, алып ұшақтар мен қосалқы бөлшектер шығаратын зауыттары да бүгінгі таңда, негізінен, Қытайға немесе Қытай сияқты жұмыс қолы арзан, бірақ пайдасы мол өзге мемлекеттерге қоныс аударып алған. Осындай жаһандық экономикалық байланыстардың нәтижесінде мемлекетаралық қарым-қатынастар да мүлде жаңа сипатқа ие болып отыр.
Екіншіден, электрондық ақпарат технологиялары мен ақпараттық базалардың керемет дамып кеткендігі соншама, миллиардтаған адам ғана емес, корпорациялар мен компаниялар да әлгі технологиялар мен ақпараттық базаларды еркін пайдалана отырып, қас-қағым сәтте пікір алмасып, бизнеспен байланысты сан-қилы мәселелерді шеше алады. Мұның сыртында адамның қатысынсыз-ақ өз бетімен жұмыс істей беретін, бір-бірімен интернет арқылы жалғасқан автоматтық жүйелер дүниеге келіп жатыр. Ғалымдардың топшылауынша, 2020 жылға қарай ондай жүйелердің саны 50 миллиардтан асып кететін түрі бар. Демек, бүгінгі әлем ақпарат технологияларының қазығына байланып қалған. Еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін компьютерден қол үзбейді. Мұнымен қоса, қазіргі кезде тұтыныс өнімдерін шығаратын заманауи корпорациялар мен компаниялар бұрын адам қолымен істелетін қара жұмысты ғана емес, интеллектуалдық жұмыстардың да басым көпшілігін роботтарға артып қойған. Енді бұл үдеріс дамыған мемлекеттерден дамушы елдерге де келіп жетті. Роботтардың қабілеті, тіпті, адам қабілетін қуып жетіп, жақын болашақта оны басып озуға да жақын тұр.
Үшіншіден, жоғарыда аталған мүмкіндіктер мүлде жаңа тұрпаттағы саяси, экономикалық және әскери күштер мен орталықтардың дүниеге келуіне ықпал етіп отыр. Оларды заманы өткен ХХ ғасырдың екінші жартысында қалыптасқан аналогтармен салыстыруға мүлде келмейді. Бір кездерде әлемді аузына қаратқан Америка, Батыс Еуропа немесе өзге дамыған елдер қазір экономикалары мен нарық қуаты үлкен қарқынмен өсіп келе жатқан Қытай, Үндістан, Индонезия, Бразилия, т.с.с. дамушы мемлекеттермен есептесе бастады. Мұны біз өз көзімізбен көріп отырмыз. Мәселен, бүгінгі Қытай тұтыну жағынан болсын, өндіру жағынан болсын жан басына шаққанда алпауыт Америкамен теңесе бастады. Сосын, Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін АҚШ-тың бастамасымен құрылған Біріккен Ұлттар Ұйымы, Дүниежүзілік банк, Халықаралық валюта қоры және Бүкіләлемдік сауда ұйымы сияқты институттар да бүгінгі жаһандық өзгерістер заманында бұрынғы қауһарынан айырыла бастады. Себебі, бүгінгі таңда олардың бастамашысы болған алпауыт мемлекеттің өзі де қаржы дағдарысына ұшырап, экономикалық рецессияға тап болып отыр.
Төртіншіден, бүкіл әлемге теңгерімсіз демографиялық өсім қатер төндіріп отыр. Адамзат санының еселеп өсуі, технологиялардың қарқындауы және жаһандық экономиканың теңгерімсіз ұлғаюы миллиардтаған адамның тіршілігі тәуелді болып табылатын табиғи ресурстардың, оның ішінде, әсіресе, нәрлі топырақ пен ауыз судың сарқыла бастауымен бетпе-бет келуде. Бұл құбылыс планетаның экологиялық жүйелеріне де орасан зор зардабын тигізуде. Жер бетіндегі халық санының еселеп өсуі өз кезегінде азық-түліктің жетімсіздігіне ұрындырып отырғаны да жасырын емес. Демографиялық жарылыс, сонымен қатар, қоршаған ортаның ластануына да, теңіздер мен мұхиттардағы және жер бетіндегі жан-жануарлардың сарқылуына да тікелей әсер етуде. ХХІ ғасырда бұл құбылыс бұрынғыдан бетер үдей түсуде.
Бесіншіден, биология, биохимия, генетика және кванттық физика ғылымдарының қарыштап дамығаны соншама, бүгінгі таңда нанотехнологиялық әдістермен атом немесе молекула құрылымдарын өзгертіп, мүлде жаңа өнімдер мен құрылыс материалдарын алуға мүмкіндіктер ашылып отыр. Өз кезегінде бұл үдеріс өмірдің эволюциялық заңына да қол сұғып, тіпті, адам ағзасындағы органдарды ғана емес, өсімдіктер мен жануарлардың жаңа түрлерін сұрыптап шығаруға мүмкіндік беруде. Бұл тұрғыдан, Альберт Гор келтірген бір слайд кімді болса да бей-жай қалдырмайтыны анық. Мәселен, генетик ғалымдар жүргізген бір эксперименттің барысынде өрмекші мен ешкінің гендері будандастырылып, нәтижесінде көп аяқты «өрмекші-ешкі» алынған. Бұл бұрын түске де кірмейтін дүние емес пе еді?
Алтыншыдан, бүгінгі таңда адамзат өркениетінің өндіретін жиынтық энергия қуаты мен Жердің экологиялық жүйелерінің арасында мүлде қатерлі байланыс қалыптасып отыр. Оның ішінде, әсіресе, күллі адамзаттың тіршілігі тәуелді болып табылатын атмосфера мен климат арасындағы нәзік тепе-теңдікке үлкен қауіп төніп тұр. Мәселен, бүгінгі таңда әлем экономикасы өзіне қажет энергияның 85 пайызын мұнай мен газ және көмірден өндіретіндіктен, жану процесі кезінде аталған лас энергия көздері әрбір 24 сағат сайын атмосфераға 90 миллион тонна улы қалдық, оның ішінде көмірқышқыл газын тарататыны ғылыми тұрғыдан дәлелденген. Демек, атмосфераның төменгі қабаттары адамзаттың зиянды қалдықтарын сақтайтын қоймасына айналған десе де болады. Бұл үдеріс осылайша жалғаса беретін болса, ғалымдардың болжауынша, үстіміздегі ғасырдың аяғына дейін жер бетіндегі жан-жануарлардың тең жартысына жуығы мүлде жойылып кетуі ықтимал.
Басында жалғыз сұраққа толыққанды жауап табудан басталған іргелі ізденістің ондаған жаңа сұрақтарға ұласып, олардың да жауабын іздеуге тура келгендігін Альберт Гор жасырмайды. Бірақ ол бүгінгі таңда әлгі сұрақтардың жауабын іздеуге тек ғалымдар ғана емес, әлемнің саяси билігінің тізгінін ұстап отырғандармен қатар, бизнес пен дін көшбасшыларының да қоса атсалысуы керек екендігін алға тартады. Олай болмаған жағдайда адамзат болашағының қыл үстінде тұрғанын ескертеді.
Он саққа жүгірген ойын қорытындылай келе, кітап соңында Альберт Гор: «Осы біз кімбіз?» деген сұрақ қояды да, оған: «Адам баласымыз. Саналы ғұмырдың иесіміз», деп келте жауап қайырады. Сөйтеді де, адамзаттың сан ғасырлар бойы жүріп өткен тарихи жолын қысқаша шолып, оның алдымен ормандардан шығып, саванналарға, одан соң фермаларға, одан мегақалаларға қоныс аударғанын; басында тек екеу болып, келе-келе бастары көбейіп, сандарының алдымен мыңға, одан соң миллионға, бара-бара миллиардқа жеткендігін; о баста тас дәуірін бастан кешіріп, бірте-бірте соқаға жетіп, одан соң зауыттарға, енді, міне, роботтар мен наноботтарға да иек артып отырғанын; о баста тілдердің жалғыз буынды сөздерден басталып, келе-келе энциклопедияларға қол жеткізгенін; алдымен эфир арқылы радио хабарларын таратуды игеріп, енді интернетке негізделген жаһандық ақпарат құралдарын бағындырып отырғанын; о баста жалғыз отбасын құрып, келе-келе қауымдасып, одан ру-тайпаларға, одан ұлттарға, одан мемлекеттерге ұласып, өркениет құрғанын шолып өтеді.
Ғасырларға созылған адамзаттың өткен жолы осындай болса, ендігі болашағы қандай болмақ? Бұл сұраққа Альберт Гор берген жауаптың да мәні зор. Адамзаттың болашағы оның қандай жолды таңдауына тікелей байланысты болмақ. Болашақ жолды адамзаттың өзі таңдай ма, жоқ әлде әлгі жол адамзатты таңдай ма, мәселе осыған келіп тіреледі. Нақтырақ айтқанда, адам баласы жоғарыда аталған жаһандық өзгерістердің қозғаушы күштерінің ықпалында тұяқ серіппей кете бере ме, жоқ әлде қайрат-күшін қайта жиып, әлгі күштерді тізгіндеп, өткен күндерге мүлде ұқсамайтын жаңа болашақ орнатуға бет түзей ме деген ондаған сауалдарды кесе көлденең тартады.
Альберт Гор, сонымен қатар, төніп тұрған сын-қатерлерді болдырмауға бағытталған бірінші кезекте қолға алынуға тиісті шараларды да атап өтеді. Ең алдымен Жердің жылынуын бәсеңдету үшін көмірқышқыл газын өлшеусіз тарататын өндіріс ошақтарына салықты көбейтуге мүмкіндік беретін заң қабылдаудың кезек күттірмейтін мәселе екеніне назар аударады. Егер мұндай заң бүкіләлемдік деңгейде іске асса, оның оң нәтиже беретіні күмән тудырмайтынын алға тартады. Екіншіден, қоршаған ортаға өлшеусіз зиянын тигізетін қолданыста жүрген лас энергия көздерінен барынша тез арылып, мүлде жаңа технологияларға негізделген жасыл энергия көздеріне көшуді тездету керектігін еске салады. Үшіншіден, демографиялық теңгерімсіздікті, яғни адам санының еселеп өсуін баяулату үшін, бірінші кезекте, адам санасын тәрбиелейтін білімге ерекше мән берілуі керектігін көлденең тартады. Білімсіз ортада көздеген мақсатқа жету мүмкін емес екендігін шегелеп ескертеді. Төртіншіден, әлемдік қоғамдастықты адамзат құндылықтарын құлдыратып алмай, оларды ту етіп ұстауға шақырады.
Айтпақ ойын қорыта келе, Альберт Гор: «Адамзат өркениеті бүгін жол айырығында тұр. Екіге айырылған жолдың екеуінің де қайда апаратыны белгісіз. Бірақ олардың бірінің күллі адамзат тіршілігі тәуелді болып отырған климат тепе-теңдігінің бұзылуына, табиғи ресурстардың сарқылуына, теңдесі жоқ адамзат құндылықтарының кері кетуіне немесе, мүмкін, өз өркениетіміздің мүлде күйреп түсуіне апаратыны күмән тудырмайды. Ал екінші жол болашаққа бастайды» деген сөздермен аяқтайды.
Әділ Ахметов,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері