Қаражал қырғыны

4991
Adyrna.kz Telegram

Қаражал қырғыны

                                             (тарихи дастан)

Тәркілеу мен ашаршылық құрбандарының

және сол кездегі зұлматқа қарсы күрескендердің рухына арнадым. 

Автор

 Көзден жас,

Көкіректен зар сорғалатқан,

Құландарды құлатып,

Жыландарды жорғалатқан,

Қазақтың қанын кептіріп,

Қазанын қаңсытқан,

Келіге дәнін емес,

Жанын жаншытқан,

Желісін – құлынсыз,

Көгенін – қозысыз,

Баласын – жылаулы,

Данасын сұлаулы қылған – 1931 жыл!

Семей облысында,

Зайсан уезінде,

Ақсуат өңірінде,

Тарбағатай – кезеңінде.

Сайы мен аңғарында –

Нәр жоқ өзегінде,

Қан жоқ жүрегінде аштар шұбырды.

Әлдісі Қытай асты,

Әлсізі қырылды – 1931 жылы!

Азаматтар наза жұтты,

Кек шайнады.

Аналар аза тұтты,

Байбайлады.

Қан қайнады.

Қылыш қайралды,

Теріскей тербелді,

Қаражал шерленді.

Бесатар атылды,

Қылыш сермелді – 1931 жылы!

 

Тәркілеу мен зар-сілеу

 

Тәкаппар Тарбағатай – тарбақ, сұлық,

Бойында – байсалдылық, салмақтылық.

Кеудесін көкке тіреп керіліп тұр,

Алтай мен Шыңғыстауды жалғастырып.

 

Шаттығы – қаздай қайтты сырнайлатып,

Қайғысы – тұздай сіңіп, мұздай қатып.

Тастары жас пен қанды көп сімірген,

Тағдырдың тереңіне шымдай батып.

 

Бұл таудың күні де арман, түні де арман.

Басымдау сыры – жырдан, мұңы – зардан.

Жеріне қара қалмақ қаны сіңіп,

Белінде ақ орыстың ізі қалған.

 

Кезі көп көздің жасын сығып алар,

Құйынды, құдыретті сыры да бар.

Қазақты қытайлардан қорғап тұрған –

Ежелден Тарбағатай – ұлы қамал!

 

Мәңгілік мұз жамылып биіктері,

Білінбес бітеу жара – күйіктері.

Өзені сүт боп ағар тарам-тарам,

Бұл – Қазақ ботасының иіткені.

 

Жаңғырып жылау, жоқтау шыңдарында,

Қазақтың қанып ішті мұңдарын да.

Жонында жыландай боп ирелеңдеп,

Тыржияр, «Ақ тың жолы» тұрғанында.

 

Жайласа құзын жылан, түзін – малғұн,

Қойнында емін-еркін қыбырлар кім?!

Ақ келіп, атын мініп, асын төкті,

Қыз зорлау – қиянаты қызылдардың.

 

Тұнжыр тау Тарбағатай не көрмеген,

Мұң-зары мұзартына тереңдеген.

Елінің қанша қаны төгілмеген,

Еріні қанша кеуіп, кезермеген?!

 

Ел ие жаман атқа, жақсы атқа да,

Ер мінер жалғыз атын баптап қана.

Ат емес, жігіт бермей «он алтыда»,

Мүрсәлім қарсы шапты ақ патшаға.

 

Артынан ел мен жұрты көтерілді,

Мүрсәлім шын мықтылық ете білді.

Көп өтпей көтеріліс талқандалып,

Қып-қызыл қанға малды осы өңірді.

 

Өзі ақын, өзі батыр ер Мүрсәлім!

Ұмытпас Тарбағатай сол бір шағын.

Кеткен соң Қытайға асып, жыр жазыпты,

Жүректің отына орап әр шумағын.

 

«...Бір шыбын екі нардың арасында,

Боданбыз жүз тоқсан жыл шамасында.

Салқыны үлкен жанжал бізге келіп,

Кетірді Сарыарқаның мазасын да...

 

Қашқанда аң кетпеген қуған тазым,

Шайнаған жал мен жая, сары қазым.

Сағынып ел-жұртымды жылай-жылай,

Бетіме қайғыменен кірген әжім...

 

Қазағы Қытайдағы Керей, Найман,

Дұға ғып жақсылары қолын жайған.

«Қазаққа бір жақсылық бере гөр!» деп,

Тілеп тұр бұлар дағы бір Құдайдан...

 

Демеймін бұл ісімді адасқаным,

Патшаның әміріне таласқаным.

Сұрады он тоғыз бен отыз бірді,

Ел үшін қарсы тұрып алаштадым...»...

 

Тау көрді ел-жұртының азабын да,

Қалмаған кеспір, кейіп адамын да.

Тәркілеу, қуғын-сүргін, аштық болды –

Кеңестің енді ендеген заманында.

 

Лықсытып жылқы айдаған сайларынан –

Бір де бір жан қалмады байларынан.

Қасірет, қайғы зары көп естілді –

Қызылтас ауданының аймағынан.

 

Сәт сайын тұңғиыққа тартып елді,

Зорлықпен өтіп жатты әр күн енді.

Жылында мың тоғыз жүз жиырма сегіз –

Дәулетті, қауметтілер тәркіленді.

 

Зор еді бай Трайыс деген адам,

Қамқоршы кедейлерге бола да алған.

Меккеге барып келіп, «қажы» атанып,

Басына бақ пен дәулет қона қалған.

 

Айта алмай өкпе-назын осы өмірге,

Оққа ұшты қартайғанда мекенінде.

Баласы Ғалиасқар тәркіленіп,

Айдалып кете барды шет өңірге.

 

Сол кезде тәркіленген шерлі жүрек –

Жәкула Күшіковтың орны бөлек.

Атысып қызылдармен, Қытай асты ол,

Бір қарап ел мен жерге ең соңғы рет.

 

Дәрігерлік білім алды ол Омбыда оқып,

Үйренді орыс тілін дөңгелетіп.

Одан соң Қырғыз барып, қызмет қып,

Он жылдай болыс болған, елге жетіп.

 

Жуа алмас ер жігіттің мұңын жасы,

Еліне тым қымбатты оның басы.

Асқақтап тау ішінде бір биік тұр,

Аты оның – «Жәкуланың қызыл тасы».

 

Қосылды ол Алаш Орда арманына,

Ақ жолын азаттықтың таңдады да.

Дүңгендер соғысында, Қытайда өлді ер,

Еске алып, бас иеді ел аруағына!..

 

Ескіден қалған естелік

Байқабыл Садыханұлы: «1927-28 жылдары орынсыз да зорлықты ұжымдастыру салдарынан ел жайлауға шыға алмай қалды. Үкімет халық қолындағы қару-жараққа қана емес, өзге мал-мүлкіне де зорлық жасады. Оның алдында ел атқамінерлерін сыпырып ұстап, Сібірге, Сырға айдап әкеткен болатын. 1931 жылы Жәкула болыс пен Құмар сықылдылар тұтқыннан қашып шығады. Сосын орыстың екі әскері мен екі ауыр пулеметін қолға түсіріп, 80 адамды толық қаруландырып, елге оралды. Келе салып, 1931 жылдың жазында, Ақсуаттағы Қарғыба өзенінің бойына жұртты жинап, «Жолымбеттің ұрқымен аман-есен қауыштым!» деп, той жасап, сол арқылы халықты көтеріліске аттануға шақырды. Бүкіл ел тау бөктеріне көшіп алды. Жәкула екі орыс солдатын есік алдындағы беттегi тасқа байлатып тастады. Екі пулемет және басқа қарулармен қыраттарға қарауыл да койды. Ертеңінде таңертең орыс армиясы келіп, бізге шабуылға шықты. Бiрақ екi пулеметтi қазақтар оларды беттетпей тұрды. Жәкуланың ұлы Мерғазы орысша оқыған еді. Ол байлаудағы екi орыс солдатымен жиi сөйлесіп жүрген екен. Шабуыл басталғанда азаматтар мылтығымызды қандап аламыз деп екі әскерге жүгіргенде, көңілшек бала Мерғазы жылап, әскерлерді өлтіруге қарсы болып, екі әскердің үстіне жатып алды. Сонда әйелдердің бірі жүгіріп шығып, «баланың тілегін беріңдер, өлтірмеңдер» деп, екі орысты босатқызып жіберді. Бірақ, қолдарына тас алып қашып кеткен бұл екі орыс шабуылшы солдаттарды бастап, екі пулеметтің тұрған жеріне бұқпалап жетіп келгенде, жағдай күрт өзгерді. Азаматтар жау алдын тосты. Қалған қазақтар тым-тырақай қашуға мәжбүр болды. Алайда, орыс армиясы аяған жоқ. Қазақты пулеметтің астынан алып мейлінше қырды. Қазақтың көбі қоршауда қалып, оққа ұшып (әлгі Мерғазы да соның ішінде), азы қашып шықты. Жәкула мен қайынатам Құмарлар, айтыскер ақын Құрманбектің әкесі Зейтінғазы бастаған топ Шәушекке қашып келдік...».

 Жайлаған  осы аймақты Мұрын елі,

Бай еді, байсалды еді, тұғырлы еді.

Кедейі аз кербез елдің кегі қайнап,

Күрсінді, күйінді де күңіренді.

 

Билікте жауыздық бар, әділет жоқ,

Айдады абзалдарды «малы көп» деп.

Ерғали, Райымжан, Мұқыш, Әділ,

Заманбек ерлердің де бәрін екшеп.

 

Кедейден күйіс кетіп, көңіл сөніп,

Құрылды «қосшы» менен «мойынсерік».

Талғажау болмаған  соң, көп ұзамай,

Қаңғыды ел тышқан аулап, тамыр теріп.

 

Бұлт тамбай, жел де тілін жалақтатты,

Қорқаулар қалған малды талап та апты.

Апшыған ашаршылық адам қоймай,

Жан шошыр алуан аңыз тарап жатты.

 

Бір аштық болып еді он жыл бұрын,

Одан соң осы жұртты оңдырды кім?!

Мына аштық басқа жұттан он есе артық,

Жер жалмап, Айды тұтып, сөндірді Күн!

 

Зобалаң, зорлық, қорлық, тәркілеу де,

Ұласты ұлып тұрған зар-сілеуге.

Кешегі кең кеудесін керген елдің –

Бойынан қуат қашып, әлсіреуде.

 

Шыдамай жұрттың жаны қасіретке,

Ыза мен ашу толды көкірекке.

Жиналған Қаражалда қас батырлар,

Қару ап, қарсы шықпақ өкіметке!

 

Кек қысып кеудесі зор жігіттерді,

Бедері, белгісі жоқ үмітке ерді.

Қытайға асырсақ деп ауылдарды,

Ашықкан ел мен жұртты үгіттеді.

 

Алаң боп аналарға, балаларға,

Сонда да сыр білдірмей жан адамға,

Сайланған сақадай боп ылғи көкжал,

Жиналды қаруланып Қаражалға.

 

Қаражал! Бұл – Қисықтың Қаражалы.

Бұлтарыс,қалтарысты,самалалы.

Басынан биігінің қарағанда,

Көрінер осы аймақтың бар алабы.

 

Ел қамын Қисық деген – ойлаған ер,

Қиынға белін бекем байлаған ер.

Қаражал – төңкерістен ғасыр бұрын,

Сол Қисық Тезекұлы жайлаған жер.

 

Ер Қисық! Мұрын – Кенже сұңқары – осы.

Таңдаулы Тарбағатай тұлпары – осы.

Тобықты Құнанбайдан бұрынырақ,

Қарадан шыққан аға сұлтан – осы.

 

Жақтап па орыс, қазақ қосылуын?

Білмеді ел, біле алмады осы ұғымын.

Әйтеуір, Қаражалды жайлап жатқан,

Басқарып Көкпектінің округін...

 

Келді ерлер ылғи ығай сарбаз болып,

Шықпады шұбатылып аңғарға өріп.

Әкеліп Қытай жақтан қару-жарақ,

Мергендер самғал мылтық алған бөліп.

 

Көрінбей көзі ашықтар, білімпаздар,

Әр ненің қыбын біліп, сырын козғар.

Осы істің бас саяси жетекшісі –

Мәрсеков Райымжан деген сөз бар.

 

Мәрсеков – Алаш Орда бел мүшесі,

Ол жайлы елдің алуан әңгімесі.

Жүрсе де Қытай жақта ер Жәкула,

Болыпты бұл жақтағы елдің есі...

 

Сарбаздар сертке байлап қанын, жанын,

Білдірмей дабырларын, сарындарын,

Түн қатып шекарадан өткізді еппен –

Бірнеше Қызылтастың ауылдарын.

 

Осылай босқан елді шат қылыпты,

(Жасасаң елге жаса жақсылықты).

Сан рет босқан елді көлегейлеп,

Шекара әскерімен қақтығысты.

 

Білетін ер жігіттер тау мен тасты –

ГПУ-дың  жасағын да ойрандапты.

Оғынан мергендердің пана таппай,

Сан рет солдаттары саймен қашты.

 

Тәркі боп туған жері, баспанасы,

Қытайға босты қазақ қарт, баласы.

Қалт етпей, соның көбін қырып салған –

Қабарған „Хабар – Асу“ заставасы!

Ескіден қалған естелік 

Қабнаби Қабыкенов: «1931 жылы Бөріктал деген жердегі мойынсерікте 11-12 үй отырдық. Күн ыстық. Егінді қол тесемен қопарып, қашап саламыз. Сол сепкен тұқымды топырақпен жапқанша кемпір-шал, бала-шаға теріп жеп қояды. Түскі үзілісте тамақ таратылады. Үлкендерге үлкен қасық, балаларға кішкентай қасықпен ас беріледі. Боғас бекетінен жұлып әкеп қарамық қайнатып ішеміз. Ескі тулақ, тірілер де қайнатылып желінді. Сарытышқанның ініне су құйып шығарып, ұстап алып асыл жейміз.

Мен Ақсуатқа 1931 жылы келіп, интернатта оқитын болдым. Онда екі мектеп болды. Бірі  жетім балаларға арналған. Бұл мектепке ешкімді жолатпайды. Күнде балалар өліп, әкетіп жататын. Көшеде де адамдар ісіп-кеуіп, құлап өліп жатты. Өліктерді шөпке орап көметін. Әбден   ашыққан әйелдер балаларын далаға да тастап кеткен жайттар болды».

 

 „Хабар – Асу“. Кондюрин

 

Мәңгілік – ел менен ел араласу,

Заңдылық – шекарамен араны ашу.

Қытай мен Қазақ Елі арасында –

Қатынас жолы болған Хабарасу.

 

Сақшыдай көзін түнде бір ілмеген,

Қалшиып, қалғығаны білінбеген.

Қытайды жалғап тұрған ұзақ уақыт,

Орталық Ресеймен, Сібірменен.

 

Ұзын тау Тарбағатай шұбатылған,

Ортасы – Хабарасу дара тұрған.

Ең тәуір өткел осы, ел мен жұртты,

Асудан ары асырған, бері асырған.

 

Малынып бірі – нұрға, бірі – үрейге,

Өтіпті сері кейде, ұры кейде.

Осында ақ ордасын тігіп жатқан –

Шыңғыстың мұрагері Үгедей де.

 

Шөбі – мық, суы – кәусар, саумал – желі,

Төсінен керуен шұбап, ауған елі.

Өзегін өртеп пайда, өңеш созып,

Сан елдің өткен бұдан саудагері.

 

Ресей дәл осыған елеңдейді –

Өткелдің пұлы неге төленбейді?

Сауам деп саудагерің сом, теңгесін,

Осында оқшырайтып кеден қойды.

 

Кеткен соң бұл асудан ақтар асып,

Бастаған большевиктер бастамасы –

Кеденнің көптен тұрған орынына

Орнады „Хабар – Асу“ заставасы.

 

Бұлдырлап Барқытбелдің мұнарында,

Застава тұрды тұнжыр тұрағында.

Шекара тастай болып бекітілді,

Өте алмас жорғалаған жыланың да.

 

Сәт сайын үстем топқа қайрап кегін,

Тастады босқандардың байлап жолын.

Талайын шекарадан ұстап алып,

Қазақтың көз көрмеске айдатты ерін.

 

Өшігу, тәркілеу мен ашаршылық!

Өкімет көрсетпеді басалқылық.

Боздаған босқын елдің көзін жойды,

Жауыздық, басқыншылық қатар тұрып.

 

Қырылды ел Шалшыбайдың сайында да,

Тымырсық өзенінің бойында да.

Бектұрдың тұйығында бірі қалмай,

Оққа ұшты Қараүңгірдің  маңында да.

 

Қазақтың байлап тұрып басын оққа,

Көздері жарқылдайтын жасыл отша,

Василий Кондюриндей жауыз болмас,

Ел мен жұрт дір ететін атын айтса.

 

Кондюрин! Ол – бөлімше командирі.

Сұм, зұлым, былай тұрсын надандығы.

Күйге енген тым каһарлы қазақ көрсе,

Үйренген пулеметпен адам қырып.

 

Ант еткен тірі қазақ жібермеуге,

Шіреніп, дүрбі салған күрең белде.

Бір оқпен үш тұтқынды тізіп атқан,

Оқтарын винтовканың үнемдеуге.

 

Көп ерлер бел буды оны өлтіруге,

Керек боп кек қайтарып, серпілу де.

Жол тауып сол кезде Әбіш Шәріпұлы,

Барыпты істің сәтін келтіруге.

 

Қандастың қанын төксе, сол жау деген,

Тек жүрмес кек жүректе зарлауменен,

Бес жігіт ұрлап шығып қанішерді,

Өлтірді қинап жанын, қорлауменен.

 

Жауының шабын, жанын қарсы айыра,

„Қош бол!“ деп әр беліне, әр сайына,

Қуғыннан құтылған соң кекшіл Әбіш,

Өтіпті Ресейдің Алтайына.

 

Кеудесі серт пен кекке тола мықты –

Ел мен жұрт көп сағынды сол алыпты.

«Өлгенде туған жерде жатайын» деп,

Тоқсаннан асқанда Әбіш оралыпты.

 

Алайда, Кондюриннің даңқы шықты –

„Ер – деді – елін сүйген, анты күшті.

Есіл ер ерлікпенең қаза тапты,

Болсын деп Отанымның халқы мықты!“.

 

Кондюрин! Құтырынған бесігінен,

Есіріп, есіп шыққан есігінен.

Қазақтың босқан елін қырғаны үшін,

Аталды застава аты есімімен.

 

Санадан бірі кетіп, бірі қалды,

Өзгермей застава аты тұрып алды.

Тұрғанда туын тіктеп Тәуелсіз ел,

Бұл жайды жұрты қалай ұғынар-ды?!

 

Елдігі елдің намыс, нәтіменен,

Ерлігі ердің қайрат, затыменен.

Аталды тек таяуда застава аты –

Қайсенов Қасым ата атыменен.

Ескіден қалған естелік

Әділбек Сәдуақасұлы: «Ашыққандарды Хабарасу асуынан Кондюрин басшылық еткен шекарашылар Қытайға өткізбей қырып тастаған. Қараүңгір деген жерде босқындарды қырған кезде бір кейуана баласын қойнына тығып екпетінен жатқан екен. Әскерлер оны өлтіріп тастапты. Тасаланып тығылғандар әскерлер кеткен соң барып тірі қалғандарды іздегенде, әлгі кейуананы шалқасынан аударып жатқызса, қойнындағы бала жыбырлапты. Содан оны аман алып қалған екен».  

 Алақтағы айқас

Кектілер кері сырып қапа-мұңды,

Өзендей өрекпіді аса ағынды.

Жан-жақтан қаруланып жиналғандар –

«Қаражал бандысы» деп аталынды.

 

Белгілі Өкпетінің бар алабы,

Жігіттер бәрін барлап, шамалады.

Тұрақ боп Талды Базар, Көлеңкелі,

Қабанбай шатына да паналады.

 

Шетінен жиналғандар батыр еді,

Қайралған қайраттары басым еді.

Біреуі бұл қимылды бастағанның –

Баласы Қозыбайдың Қасым еді.

 

Төлеубай Бейсенбіұлы ерек тіпті,

Семсердей суырылып бөлек шықты.

Азабын ашаршылық көрген сайын,

Аузынан жалын атып, көп өксіпті.

 

Өкімет кем болмады аш қасқырдан,

Сол үшін жан – жүрегі от боп тұрған.

Төлеубай осы жерге келмей тұрып,

Зайсанда азаматтық сот боп тұрған.

 

Бас болған бір жас жігіт – Бәйізқожа,

Ойлаған болашақтың жайын дара.

Жүзінен жалын шашып, тілінен – шоқ,

Жүр еді бір шайқасқа дайындала.

 

Тағы да Қайран, Қасым, Серікбай бар,

Қатыран, Ақанғали, Қаратайлар.

Нұржақып, Кәрімғажы, ер Мақатай,

Бабақ пен Өмірбектей кіл сығайлар.

 

Жасақ көп әр тараптан келіп жатқан –

Шұбартау, Аякөзден, Ақсуаттан.

Алыстан ат арылтып жеткендер бар –

Шар менен Абыралы, Жарма жақтан.

 

Соғысу оңай емес күштіменен,

Бұл халық осы жолға түсті неден?

Бір хабар – төрт отряд Көкпектіден,

Құртуға бандыларды шықты деген.

 

Ауылдар естіп мұны уайым жеді,

Кететін тоз-тоз болып жайын көрді.

Қарумен қарсы алуға қызыл жауды,

Қалың қол Қаражалда дайын болды.

 

Ер бұлар – ел, жер үшін мұңданатын,

Ұратын тауға төсін, құзға – басын.

Жиналған бұл қалың қол Қаражалда –

Ат мінген азаматтар мыңға жақын.

 

Жігері жігіттердің құрыш кілең,

Жеңеміз жауды – десті – ұрыспенен.

Содан соң ауылдарды тік көтеріп,

Өткізу шекарадан – ұлы іс деген.

 

Жетсек деп алға қойған арманына,

Сиынды Би Боранбай аруағына.

Басына арнап барып, құран оқып,

Бас иді Шәкі бидей ардағына.

 

Басса да ел еңсесін қалың қайғы,

Күн ашық, маужырап тұр мамыр айы.

Кеуделеп кірген жаңа Қызылтасқа –

Қызыл қол алға қарай қабындайды.

 

Қызыл қол Клюкиннің қол астында.

Күрсінді ол алыстағы қарап шыңға.

Третяков – екінші топ командирі,

Ол енді қанын ішпек қазақтың да.

 

Үшінші – Протопов айбаттанған,

Төртінші – Радченко қайраттанған.

Көрсін деп көресісін осы жолы,

Бір Құдай барлығын да айдап барған.

 

Үш күндік жол бұларды зеріктірді,

Кейде аяң, кейде шауып, желіп жүрді.

Ат шаршап, ауыр жолды артқа тастап,

Алақтың аңғарына келіп кірді.

 

Батысы бұл Алақтың – Есенқара,

Шығысы – Қызылкесік тұрған дара.

Қызылтас – оңтұстығы алаулаған.

Шет Боғас – солтұстығы сала-сала.

 

Алаққа қызыл әскер толас қылған,

Мән-жайын демалудың қарастырған.

Ас ішіп, ат суытып үлгергенше,

Шыққандай болды банды жер астынан.

 

Тау кенет дүр-дүр етті тұрған жайнап,

Қазақтар қаптай шықты қару сайлап.

Төндіріп жалаң қылыш, найза, шоқпар,

Ұрандап «Қабанбайлап», «Боранбайлап».

 

Тербелді тау менен тас күңіреніп,

Аңғар тұр азап шегер күні келіп.

Тайталас, опыр-топыр, ұйқы-тұйқы,

Айқай-шу жаннан безіп, түңілерлік.

 

Қызыл қол Қызылтасты бойлап, жарып,

Жеткені осы еді ғой айбаттанып.

Мінеки, бірі құлап, бірі сұлап,

Аттары шыға берді ойнақ салып.

 

Жігері Клюкиннің жасып қалды,

Бандыны талқандауға асыққан-ды.

Шыққанда шетке қарай қашпақ болып,

Дәл көздеп Бәйізқожа атып салды.

 

Бойында бес қаруы, жарағы бар,

Ойында жауды құртпақ талабы бар –

Капитан Шишмаркин де опат болды,

Артынан арнап атып Бабақұмар.

 

Тағы да бір командир Зизев деген –

Шоқпар жеп, қызыл қаны дірдектеген.

Кектілер өлтірді оны атпен таптап,

Жауыздар жазаланбай құр кетпеген!

 

Қызылдың тұрмағаны, тұрғаны да –

Ие боп қала берді қу жанына.

Қашқанды таудан асып, тас тасалап,

Қазақтар атпады да, қумады да.

 

Әп-сәтте Алақта айқас аяқталды.

Жау қашып, жаужүректер тояттанды.

Көшкен ел түп көтеріп туған жерден,

Шеттегі Кеңтүбекке таяп барды.

 

Қызыл қасап

                     

Боздаған босқын болды көшелі жұрт,

Бір сәтте өшеді үміт, өседі үміт.

Көп ауыл Нарынға кеп тірелгенде,

Тау суы кеткен екен көтеріліп.

 

Күн жауып, күрең өзен тасып жатыр.

Жан, жүрек жасып та тұр, ашып та тұр.

Барар жер жаңа ғана жақын еді,

Ал, енді, армандай боп қашықта тұр.

 

Күн батып, түйелер де шөгерілді,

Ел тағдыр салғанына көне білді.

«Тасуын қояр өзен ертең-ақ» деп,

Бір сәтке уайым, мұң шегерілді.

 

Бұл ара Сарышоқының Кеңтүбегі.

Жері – құт, елі – жайсаң, еркін еді.

Ал, қазір осы араға бөгелген жұрт,

Тезірек кетуді ойлап, ентігеді.

 

Әр күннен қатер менен қауіп күткен –

Қалың ел Қытай жаққа ауыпты іштен.

ГПУ-дың жендеттері зәрезап қып,

Жазықсыз ауылдарды шауып біткен.

 

 

Ұйқыға шаршаулы жұрт батып кетті,

Мамырдың таңы тез-ақ атып кетті.

Нарынның тасуы әлі тиылған жоқ,

Жаңбырлы қара бұлт басып көкті.

 

Кенеттен селт еткізді мылтық үні.

Бала, ана, шал, кемпірді шырқ иірді.

Сартылдап тау үстінен төрт пулемет,

Басына бейбіт елдің бұлт үйірді.

 

Әп-сәтте жусап қалды жұрттың көбі,

Тірілер есі шығып, бүкшеңдеді.

Бақырып түйе біткен, ат шыңғырып,

Бәрінің біраздан соң бітті үндері.

 

Оқ тиіп өлген барлық жануарлар,

Байланған, шөгерілген, жүгі де бар.

Өлсе де суға батып өлуді ойлап,

Өзенге лап қойысты жаны барлар.

 

Тақылдап төрт пулемет бөгелмейді.

Біреудің көлеңкесі көлеңдейді,

Кәрібай ақын екен жараланған,

Күбірлеп: «Өлсем, өлмес өлең» дейді.

 

Баласы Таңатардың бұл Кәрібай,

Сүйеніп оққа ғана тұрғанын-ай!

Айтыстың алдырмайтын дүлдүлі еді,

Өмірден өтті-ау сабаз бір жарымай!

 

Ақын деп тік қөтерген Найман елі,

Басынан бағы бірақ тайған еді.

Әсетті жеңе салып Көктұмада,

Әншіге кең құшағын жайған еді.

 

Күн кешті ол арты – соқпақ, алды – бұлдыр,

Ашынып, аштық жайлы жазды бір жыр.

Ақыры аштан емес, оқтан өліп,

Көмілмей шекарада қалды дүлдүл!

 

Мерт болды шекарада – босағада,

Көш бастап келіп еді осы араға.

«Аман бол, атамекен! Оралам!» деп,

Қоштасу жырын айтқан кеше ғана...

Ескіден қалған естелік

Асқар Игенұлы: “Көне заманын көксеген, ескішіл” делінген Кәрібай ақын да бай-манаптар қатарында “Көкесін көзіне көрсететіндер” тізіміне түскен соң еріксіз бас сауғалап, жиырма шақты ауыл шығысты бетке алып, Қытайдағы Еміл жағасындағы нағашысы−руы Шотай Есбай зәңгі ауылына өтпекші боп үдіре көшеді. Олар бір сөтке жүріп, Нарын өзенінен өтіп, орман ішін далдаламақшы болғанда, екі сөтке тоқтаусыз нөсер құйып, сорлыға сойыл боп тиген. Нұртаза қыстауын паналаған олар нөсер басылған соң көліктің күйіне бола қозы көш жер жылжып, “Көлеңкелі” деген жерде тасаттық беріп, тілеу тілеп отырғанда Кәрібай ақын жаураған жандардың көңілін сергіту үшін әрі өзінің екі күн бұрын көрген түсін жаманға жорып:

Мен келдім Тарбағатай тағы асқалы,

Жоныңа демімді алдым таң асқалы.

Құрылды ауаға−тор, жерге−қақпан,

Құтылар ер жігіттің бағы асқаны, – деп, қағазға жазған толғауын толғап қоштасқандай болғанда, Елшібай домбырашы бебеулетіп күйін тартқан. Өстіп отырған үстіне Қараайырықтағы Керейбай бастаған мұздай құрсанған шекарашы орыс солдаттары түсіп, тұс-тұстан қоршауға алады. Жол бастаушы Құнанбай қызыл көк аттың күшімен ат бауырына кезек түсіп қашып, бораған оқтың ішінен әйтеуір аман құтылып кетеді. Атумен шабу әдеттеріне айналған жауыздар “Бандының атаманы” деп Кәрібайды табанда атып тастайды».

Қаншама содан бері жыл өтпеді,

Мәңгілік мұз боп қатты жүректегі.

Аштық пен оқтан өлген сорлылардың

Шашылып қала берді сүйектері.

 

Қытайға жетсем деумен елмен есен,

Көп қазақ шекарада өлген екен.

Солдаттар жинап алып қу бастарын,

Кейіннен, бір шұңқырға көмген екен!

 Қырғыннан соң

 Қырғынды кім істеді? Кім істетті?

Бір дауыл жұлып та өтті, жығып та өтті.

Көрінбей көтеріліс басшылары,

Қойнына қалың таудың сіңіп кетті.

 

Жүректен жігер қайтпай, күш – аяқтан,

Төлеубай Қаражалда үш ай жатқан.

ГПУ-ды ақымақ қып, аңдып атып,

Ақыры, күздің күні Қытайға асқан.

 

Қасына ер жігіттер ерген екен,

Барлығы батыр екен, мерген екен.

Әттең-ай, ұзақ жылдар шетте жүріп,

Болды ғой елге бөтен, жерге бөтен!

 

Баса алмай Төлеубайды қос құлақтан,

Өкімет өзгелерді көп жылатқан.

Садық пен Жайырбайдай ағаларын,

Інісі Жақыпбекті сотсыз атқан.

 

Өшігіп Қара жалдың бандысына,

Өкімет ел ішіне салды сына.

Қорқыта бергеннен соң бандыны айтып,

Шошитын болды таудың аң-құсы да.

 

Дұшпанын ГПУ әрбір тұстан да аңдар,

Жиырма төрт адам еді ұсталғандар.

Атылды он тоғызы сол ерлердің,

Қалғаны – түрме есігін құшқан жандар.

 

Бұл жаза күңірентті бар халықты,

Аңырап бала менен жар қалыпты.

Ағасы атылған соң бір қыз жылап,

Былай деп жоқтау айтып, зарланыпты.

 

Төлеубай – басшы, Қатыран,

Мақатай – залым, антұрған.

Момынға тиіп залалың,

Нақақтан ағам атылған!

 

Ақанғали, Серікбай,

Көзім көрді шерікті-ай!

Осыларға өкімет

Не қылса да ерікті-ай!

 

Қасымның ұлы Әліпби,

Қаражалға тіккен үй.

Өкіметке оқ атқан –

Осыларда бар ма ми?!

 

Сыбаннан келген Қызылбай,

Қайғымен көңілім бұзылды-ай!

Қолға түспей кетер ме,

Мың жасаған құзғындай?!

 

Ақанғали мұғалім,

Халыққа тиді залалың.

Жазаңды беріп аямай,

Әділ сот айтар адалын!

 

Бұл жоқтау елдің қалды мәңгі есінде,

Қаралап батырларды өлгесін де.

Аттары аталғандар бұл жоқтауда –

Кек пен шер кеткен жандар кеудесінде.

 

Өкімет қылмыстыны іздегенде,

Күдікті адамдарға күн берер ме?!

Он жылға жиырма бір жан сотталыпты,

Жабылып қатаң, қатал түрмелерге.

 

Он бірі бес жыл мерзім арқалапты,

Лагерде орындауға бар талапты.

Үш жылға жиырма жеті адам кетіп,

Түрмеде күн санапты, ай санапты.

 

Жетеуін жер аударып бес жыл уақыт,

Кетіпті елден жырақ беттен басып.

Дариға-ай, айдалсаң да, өз еліңде

Жер басып жүру деген неткен бақыт!

 

Бұл жайды кім ұғады, кім ұқпайды?

Біреулер жай әншейін қызықтайды.

Ел үшін еңіреген ерлер ісін

Жүрекпен түсінгендер ұмытпайды.

 

Бұл – өткен заманның бір қиянаты,

Ең сұмдық қаралауға сияр аты.

Тәркілеу, ашаршылық құрбандарын,

Еске алса, сол – ұрпақтың зияраты!

Әбубәкір Қайран

 

 

Пікірлер