Кредитті төлей алмаған азаматтардың қарызын жағдайы жақсарғанша кейінге шегеру керек - СЕНАТОР

5814
Adyrna.kz Telegram

Сенаторлар үкіметтен "банкке несиесін төлей алмаған азаматтардың жағдайы жақсарғанша қарызды төлеу мерзімін кейінге шегеруді" сұрады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы “Информбюро” жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап. 

Сенаторлар халықтың кепілде тұрған баспанасының "пайдасын" банк қызметкерлері көреді дейді. Өйткені аукциондағы мүлікті көбіне нарықтағы бағасынан әлдеқайда арзанға жеке тұлғалар емес, банк сатып алады. Мысалы, 2015-2018 жылдар аралығында аукционға шығарылған мүліктің 78 процентін қаржы ұйымдары сатып алған. Аукцион деген аты болмаса, оған көбіне банк қызметкерлерінің өздері қатысады. Бас прокуратураның өзі кепілдегі мүлікті электронды сату кезінде бәсекелестіктің болмайтынын мәлімдеді.

Депутаттар енді аукционға банктер қатыспайтындай заң қабылдайық деп отыр. Сондай-ақ, атындағы жалғыз баспанасы кепілде болып, несиесін төлей алмаған азаматтардың үйін ешкім тартып алмасын дейді.

“Оларды қыспаққа ала бермей, олар қаржылық жағдайын түзегенше бір мүмкіндік жасауды банктер қарау керек. Жалғыз үйініне айырылып жатқан азаматтар, көп балалы отбасылардың жағдайын білеміз. Осыған байланысты мәселені шешу керек”, – дейді ҚР Парламенті сенатының депутаты Ләззат Сүлеймен. 

Депутаттар үкіметтен қарызын төлей алмағанның өзінде, жалғыз баспанасы бар азаматтар сол үйде уақытша қалуға  немесе мемлекеттік бағдарламамен салынған пәтерде тұруға мүмкіндік беруді сұрап отыр. Сондай-ақ, жеке сот орындаушыларының қызметіне мемлекеттік бақылауды күшейтейік деді.

Яғни, жеке сот орындаушысы жұмысын дұрыс орындамаса жауапкершілікке тартылуы тиіс. Егер біліктілігі артатын болса, сәйкесінше жауапкершілігі де күшейсін дейді. Сенаторлардың сөзінше банкке қарызын төлей алмаған азаматтарды жеке сот орындаушылары шектен тыс қыспаққа алады.

Айта кетейік, биыл шілде мен қыркүйек аралығында елімізде қозғалған 7 мыңнан астам әкімшілік істің 2338-і жек сот орындаушыларына қатысты болған. 

“Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер