Алматы облысында тұрғындардың 70 пайызға жуығы вакцина алған

345

Алматы облысы вакцинация жұмыстары бойынша елімізде ең белсенді өңірлердің қатарында. Бүгінде жетісулықтардың 70 пайызға жуығы екпе қабылдаған. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады. Қазіргі кезде облыста вакцинаның 1-компонентінен 81 223 доза және екінші компонентінен 149 138 доза қалған. 823 797 (69%) адам вакцинаның бірінші компонентін, екіншісін 746 691 (62%) алған.

Алматы облыстық санитарлық-эпидемиологиялық департаменті өкілдерінің айтуынша, жыл басынан бері аймаққа екпенің бірінші дозасынан 905 020, екінші дозасынан 895 150 дана жеткізілген. Айта кетейік, облыста Балқаш және Ақсу ауданының тұрғындары 100 пайыз екпе қабылдаған. Өңірлерде вакцинация бойынша ешқандай шағым түспеген, екпе жұмысы жоспармен жүзеге асуда. Облыста 244 екпе пункті бар. Оның 80-і жылжымалы.

Бүгінде тұрғындардың басым көпшілігі індетті тоқтатудың жалғыз амалы - екпелену екенін түсінген. "Вакциналау бастала салып біз, зайыбым екеуміз алғашқылардың бірі болып келіп, екпе қабылдадық. Адамдардың неден қорқатынын түсінбеймін. Әртүрлі жел сөздерге сенбеу керек. Вирустан сақтанған қайта жақсы емес пе? Былтыр індет өршіген жазда екпе қашан шығады деп сарыла күтіп едік. Өзіміздің де, өзгенің денсаулығын ойлау маңызды!" - дейді Талдықорған қаласының тұрғыны Жекен Өтешов.

Көксу ауданының тұрғыны Альбина Атанасова да осы пікірде. Ол адамдарды індетке салғырт қарамауға шақырды. "Коронавирус қана емес, кез келген ауруды тоқтататын вакцина емес пе? Мен өз еркіммен екі компонентті де салдырып алдым. Енді қайта екпеленуді күтіп жүрмін", - дейді көксулық тұрғын.

Қазіргі таңда облыста екпеге қатысты түсіндіру жұмыстары жалғасуда. Жуырда "Ел үшін егілемін" азаматтық штабы Талдықорғанға келіп, тұрғындармен кездесті. Олар індетпен күрес, екпе алу, оның пайдасы туралы ел арасында ресми ақпарат таратады.

Еске салайық, бүгін түнде Қазақстанға Pfizer екпесінің алғашқы партиясы жеткізілді. Алматы облысында АҚШ ғалымдары жасаған вакцинаны сақтау үшін тоңазытқыштар жасақталуда. Бұл екпе 12-18 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдерге, жүкті және лактация кезеңіндегі әйелдерге арналған.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер
Редакция таңдауы