Арнайы комиссия: Әрбір тұтқында болған азаматтың тағдырын зерделеуіміз қажет

2472
Adyrna.kz Telegram

Алматы қаласы әкімдігі жанындағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мәселелері бойынша қалалық комиссияның мүшелері Құлтаев Т.С, Оспанов Н.М "Саяси репрессия құрбандарын ақтау мәселелері бойынша Алматы қалалық комиссиясының" жұмысы жайлы айтып берді. 

Қазақстан Республикасы Президентінің 2020 жылғы 24 қарашадағы Жарлығымен Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылған болатын. Артынша бұл комиссияның жұмысын дұрыс жүргізу үшін әдіснамалық комиссия жасақталды. Мемлекеттік комиссияның орталық кеңсесі Нұр-Сұлтан қаласына орнықты. Оның төрағасы ҚР-ның хатшысы Қ.Көшербаевтың бұйрығымен қазіргі уақытта республикада он бір жұмыс тобы еңбек ету үстінде. Сонымен қатар, әр облыс орталығында жұмыс топтары жасақталған. Үстіміздегі жылдың сәуірінде Алматыда да республиканың барлық өңіріндегідей қала әкімдігі жанынан саяси репрессия құрбандарын ақтау мәселелері бойынша қалалық комиссия құрылды. Оның төрағасы – қала әкімінің орынбасары Е.Бабақұмаров болып табылады. Қалалық комиссия 9 топтан тұрады. Оның құрамында 51 тарихшы ғалымдар жұмыс істеуде. Бүгінгі күнге саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мәселелері жөніндегі қалалық комиссияның төрт отырысы өткізілді. Олардың барлығы, елдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты, онлайн форматта атқарылды.

Сәуір айының 1 жұлдызында өткен бірінші жиында комиссияның 2021 жылға арналған жұмыс жоспары пысықталды. Онда комиссия жұмысының басты мақсаты кеңестік кезеңдегі саяси қуғын-сүргін құрбандарының барлық санаттарына қатысты тарихи әділдікті қалпына келтіру екендігі аталып кетті. 7 мамыр күні қалалық комиссияның екінші отырысы өткізілді. Онда жұмыс тобы басшыларымен сұқбат барысында мұрағат көздері мен басқа да материалдарды жинау, зерделеу бойынша негізгі бағыттар айқындалды. Сөз алған Комиссия төрағасының орынбасары, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің кафедра меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы, доцент Бауыржан Жанғұттин қуғын-сүргін түрлерін, қуғын-сүргінге ұшырағандардың санаттарын нақтылау және жинақталған ақпарат тізбесін қалыптастыру бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын баяндады. Отырысты қорытындылаған қалалық комиссия төрағасы, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров репрессияға ұшыраған азаматтарға байланысты барлық ақпаратты жинаудың маңыздылығын атап өтті. Оның нұсқауына сай комиссия мүшелеріне қуғын-сүргінге ұшырағандарды еске алуға арналған бірыңғай сайт, сондай-ақ Алматы аумағында қамау орындарының интерактивті картасын құру мүмкіндігін пысықтау тапсырылды.
Маусым айының 21 жұлдызы күні қалалық комиссияның үшінші отырысы өткізілді. Күн тәртібінің басты мәселесіне байланысты баяндама жасаған Қалалық комиссия төрағасының орынбасары, тарих ғылымдарының докторы Б. Жанғұттин іздеу шараларын ұйымдастыру үшін студент жастар арасынан еріктілер топтарын құру мәселесін көтерді. Саяси қуғын-сүргін құрбандарының барлық санаттарына қатысты тарихи әділеттілікті қалпына келтіру жөніндегі жұмыс тәсілдері бойынша жұмыс топтарының жетекшілері Ш. Забих, М. Губайдуллина, А. Құдайбергенова, Н. Алпысбаева, Б. Қабдушев, Г. Нұрымбетова, Г. Мұқанова, Т. Құлтаев, З. Төленова тыңдалды. Олар қалалық комиссияның ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізулері үшін барлық мекемелердің жағдай жасап жатқанын, ғалымдарға барлық мемлекеттік, қалалық және арнайы архивтердің қолжетімді болып жатқанын айтып ризалықтарын білдіріп жатты. Комиссия төрағасы қажеттілікке сай Нұр-Сұлтан және Мәскеу қалаларына іссапарлар ұйымдастыру мәселелерін де қарастыруға болатынын айтты.

2021 жылғы 1 қазанда қалалық комиссияның төртінші отырысы өтті. Іс-шараға қалалық комиссияның барлық 9 жұмыс тобының, «Рухани жаңғыру «жобалық кеңсесі»» КММ басшылары қатысты. Онда топтардың зерттеу жұмыстарының барысы, сондай-ақ ғалымдардың жұмысын ұйымдастыру, мұрағаттардан қажетті құжаттарды алу, ғылыми жинақтарды, ғылыми-зерттеу іссапарларын дайындау бойынша ағымдағы мәселелер қаралды. Қалалық комиссия төрағасының орынбасары, тарих ғылымдарының докторы Б.Жангуттин саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау бойынша тұлғалар мен жаңа санаттарды анықтау бойынша жұмыстың алдын ала нәтижелері, жобалар, іздестіру және ғылыми қызмет туралы баяндама жасады. Отырыс жұмысында саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау бойынша зерттеу жұмыстары туралы баяндаған жұмыс топтарының жетекшілері Ш. Забих, М.Губайдуллина, А. Өтеғалиева, Н. Алпысбаева Б. Кабдушев, г. Нұрымбетова, г. Мұқанова, Т. Құлтаев, З. Төленова сөз сөйледі.

Қалалық комисияның жұмыс топтары әртүрлі бағытта қызмет атқарады. Мәселен, 1 топ мүшелері ұжымдастыру (коллективизация) жылдары шаруалардың наразылығы нәтижесінде Қазақстанда болған 372 көтерілісті басу кезінде сотсыз және тергеусіз атылып кеткен жандарды, сонымен бірге соттан тыс және сот органдармен осы көтеріліске қатысқаны мен жақтағаны үшін репрессияға ұшырағандарды ақтау мәселесін қарастырады. Екінші топ Қазақстанға күштеп депортацияланған халықтар мен арнайы қоныстарда жазасын өтегендер арасында кездесетін реабилитацияланбаған құрбандарды ақтаумен шұғылданады. Үшінші топ кулактарды, байларды, жартылай феодалдарды және шаруаларды ақтау мәселесін қарастырады. Осы орайда бай-кулактарға байланысты да сұрақтар көп екенін айта кеткеніміз жөн. Олардың арасында да ақтауға келетіндері және келмейтіндері бар, сірә. Комиссия ішінде осы мәселені жан-жақты зерттеу үшін арнайы топ құрылған. Жоғарыда қойылған сұраққа нақты жауапты солар береді.

1916-1930 жылдары мемлекеттің жазалау акциялары мен биліктің түрлі саяси күштеу кампаниялары және ашаршылық салдарынан Қазақстаннан кетуге мәжбүр болған босқындар тарихын зерделеу, ақтау проблемасын зерттеу комиссиямыздың 4 жұмыс тобына тапсырылған. 5 топ шаруаларға байланысты большевиктік-сталиндік саяси науқан құрбандарын ақтау мәселесімен шұғылданады. 6 топ НКВД-ның ГУЛАГ-тағы 26 лагерінде жазасын өтеп, бірақ реабилитацияланбаған қазақстандықтарды, интеллигенция өкілдерін, құрбандарды және зардап шеккендерді ақтау жұмыстарымен айналысады. 7 топ Қазақстанның тәуелсіздігі мен территориалдық тұтастығы үшін күрескен, халықтың, қоғамдық және саяси ұйымдардың бой көтерулеріне қатысушыларды, сонымен бірге қызметтік, ғылыми, мәдени және басқа сфераларда осындай идеялары үшін мемлекеттік қудалаулар мен репрессияларға ұшыраған азаматтарды ақтаумен шұғылданады. 9 топ дәстүрлі дінбасылар өкілдерін ақтау мәселелерін зерделейді. Айта кететін жайт, еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі 1991–1993 жылдары дәл осындай комиссия құрылған болатын. Онда депортацияға ұшыраған азаматтарды, содан кейін ұжымдастыру, индустралиаландыру жылдарында шәйіт болған және 1932-1933 жылдардағы ашаршылықтан қырылған адамдарды ақтау мәселесі тұрған еді. Ал біздің комиссияның негізгі жұмысы – саяси құрбандардың барлығын түпкілікті ақтау болып табылады. Әрбір топ өз жұмыстарының негізгі нәтижелерін Республикалық офис ұйымдастырған семинарларда баяндап басқа өңірде аттас проблемалармен айналысып жүрген әріптестерімен тәжірибе бөлісуде.

Өзіміз қызмет атқаратын 8 топ туралы нақтырақ айта кетейік. Біздің топ Алматы қаласы әкімдігі жанындағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мәселелері бойынша қалалық комиссияның 1939-1945 жылдары фашистік Германия, Финляндия және басқа да Еуропа елдерінде әскери тұтқында болған қазақстандық әскери тұтқындарды, сондай-ақ Түркістан легионында уақытша болған қазақстандықтарды ақтауға қатысты зерттеу жүргізеді, қорытынды және ұсыныстар дайындайды. Ол дегеніміз немістердің қолына тұтқынға түскен жауынгерлердің барлығы толығымен ақталады деген сөз емес. Себебі олардың ішінде түрлі әскери қылмыс жасаған адамдар да болған. Яғни ақтауға жатпайтын да адамдар бар. Мәселен, айтайық, 1944 жылы елімізге неміс әскерлерінің тапсырмасы бойынша Гурьев (қазіргі Атырау) облысындағы Жылыой ауданына диверсанттар түсірілген болатын. Вермахтың оларды мұнда жібергендегі басты жоспары – халықты Совет өкіметіне қарсы көтеру болатын. Қазақстанға келген соң олардың көбі НКВД, яғни ішкі істер халық комиссариатының қызметкелерінің қолына өздері берілген еді. Бірақ олардың ішінде Кеңес үкіметімен күресемін деген адамдар да болды. Соның бірінің, лақап аты Әлихан Ағаев деген адамның, ойы өз руластарын көтеріп, Кеңес үкіметін жоюға әрекет жасау еді. Шайқас барысында ол шәйт болды. Алайда, басқа әрекеттерін былай қойғанда, ол жергілікті колхоздың бригадирі Байжан Атағозиевтің қанын мойнына жүктеуі себепті ақталуға келмейтін болуы керек деп ойлаймыз.

Жалпылай айтсақ, Кеңес одағы кезінде Ұлы Отан соғысына қатысқан адам саны 35 миллионнан асса, оның 5 миллионнан астамы тұтқында болған. Яғни әрбір жетінші адам түрлі жағдайларға байланысты тұтқынға түскен. Тұтқыннан қашқандары, құтылып кеткендері де болған, партизандарға қосылып кеткендері және бар. Қайтадан кеңес әскеріне қосылғандары да болды. Солардың анық-қанығын білуге қатысты сұрақтар соғыс аяқталғаннан кейін қойыла бастаған. Яғни «сен қандай жағдайда тұтқынға түстің, қалай құтылдың немесе немістерге қызмет еттің бе, мысалы, Түркістан легионында солардың антын қабылдадың ба, солармен бірге соғыстың ба?» деген тергеулер жүргізілген. Сол себепті, өзінің кінәлі еместігін дәлелдей алмаған азаматтар түрмеге отырғызылып, жазасын өтеді. Олардың арасында басында ату жазасына кесіліп, бірақ артынан ұзақ жылдарға абақтыға сүңгітілгендері де кездеседі. Соғыстан кейінгі жылдары, тек қана Қарағанды лагерінің өзіне бір кездері 2 миллионнан аса адам отырғызылған деген дерек бар. Солардың біраз бөлігін соғыс жылдары неміс тұтқынында болған азаматтар құрады.

Біз қалалық комиссия болғандықтан Алматыға қатысты материалдарға көбірек көңіл бөлеміз. Жұмысымыз енді қыза бастады. Қазірдің өзінде соғыс жылдары немістердің қолына түскен 500-ден аса алматылыққа байланысты материалдар таптық. Олар әрқайсысы түрлі жағдайға байланысты тұтқынға түскен. Көбінің тағдыры өте ауыр болған. Көрмеген азаптары жоқ. Олардың осындай күйге түсуіне сол кездегі кейбір партия-совет және әскери басшыларының қателіктері зардабын тигізгенін де айта кеткеніміз жөн. Қазақстанда, нақты айтсақ Ақмолада, құрылған 106 дивизияның тағдыры бұл сөзімізге нақты мысал бола алады. Ол жөнінде біздің тобымыздың мүшесі, көрнекті тарихшыларымыздың бірі Қ.Алдажұманов өз еңбектерінде жазып жүр. 1942 жылдың мамыр айында Украина аумағындағы соғыс қимылдарына басшылық жасаған қолбасшы С.К.Тимошенко мен Н.С. Хрущев И.В.Сталинге өтініп, шабуыл жасауға тілек білдірген. Бірақ оған бірқатар көрнекті әскери қолбасшылар қарсы болған еді. Дегенмен, Жоғары қолбасшы өздерің шешіңдер дегендей кейіп танытқаннан соң түбінде сол шабуыл атқарылады. Оған басқа құрамалар қатарында қазақстандық дивизия да қатысып қоршауда қалады. 242 мыңнан аса адам немістердің қолына тұтқынға түседі. Осылайша, Тимошенко мен Хрущев жіберген қателіктің нәтижесінде, басқа ірі тосқауыл көрмеген немістер Сталинград түбінен бір-ақ шығады.

Біздің тақырыпқа байланысты баса айтатын нәрсе - немістерде қолға түскен солдаттарды ұлтына қарай жіктеп, кейіннен Кеңес одағын басып алған соң өз мақсатына қарай қолдану деген жоспармен құрылған арнайы мекеме болған. Соның қызметінің арқасында құрылған Түркістан легионының біраз бөлігі қазақ жауынгерлері еді. Ондай легиондар орыстардың, украиндардың, грузиндер, армяндар мен кавказдықтардың да арасында болды. Немістер оларды Белорусия, Украинадағы партизандар қозғалысына қарсы күреске пайдалануға тырысты. Оның қаншалықты жүзеге асқаны белгісіз, біз соны қазір зерттеп жатырмыз. 1944 жылы немістер аталған легионның жауынгерлерін одақтастардың әскеріне қарсы соғысқа пайдалануға тырысқан болатын. Олар сол соғысқа қатысты да. Бірақ аса жақсы дайындалмаған, оның үстіне моральдық рухы жоқ легион қызметкелері жеңіліп тұтқынға түседі. Кейіннен бұлардың негізгі бөлігі репатриацияланды. 1945 жылдың желтоқсан айында одақтастар Кеңес одағына 24 мыңнан аса қазақ жауынгерін қайтарып берді деген деректер бар. Олардың арасында алматылықтардың да болғаны еш күмән тудырмайды. Біздің басты мақсатымыз соларды тауып, кінә мөлшерілерін анықтау, кінәсі жоқтарды ақтау болып табылады.

Соғыс халқымызға, әрбір отбасына үлкен ауыртпалықтар мен қайғы-қасіреттер әкелді. Жеңімпаз атанып келген еліміздің азаматтарының арасында жазықсыз сотталып түрмеге жабылғандар да жетіп артылып жатты. Олардың біразы НКВД-ның арнайы қоныстарына сүңгітілді. Арасында атылып кеткендері болды. Өз үйлерінде тұруға рұқсат берілгендері арнайы комендатураларға есепке тұрғызылып, олар сонда барып тұрақты белгіленіп тұратын болған. Сол екі ортада жүріп, кейін көзден ғайып болып жоғалып кеткендері бар. Солардың бәрінің тағдырына жаңаша көзқараспен қарап, кінәсіздерін ақтау мәселесі бойынша нақты ұсыныстарымызды жинап республикалық комиссияға тапсырамыз. Өз ойымызды бұқаралық ақпарат құралдарында жариялап дәлелдеуге тырысамыз. Ол үшін сол кездегі және соғыстан кейінгі заңдарды алып қараймыз. Алматылық комиссия болғандықтан ақтауға байланысты ұсыныстарымызды бізден жоғары тұрған республикалық комиссияға жолдаймыз. Қалған дүниелер көпшілік болып шешіледі.

Біз қазір Алматы қаласында орналасқан бірнеше архивте жұмыс істеп жатырмыз. Бұрын құпия болып келген мұрағаттардың қорында жағымсыздау, әсіресе дизертирлерге және тірі қалудың жолын, соғысқа бармаудың жағдайын жасаған (уклонистерге) адамдарға қатысты, материалдар тым көп екен. Әрине, олардың барлығы дерлік майданға аттандырылған. Алайда, соғыстан тірі оралғандарымен ішкі істер органдарының қызметкерлері тәрбие мақсатында біраз «жұмыстар» жүргізгені айтпаса да түсінікті. Яғни олардың барлығы дерлік жағымсыз, өзін ақтауға тырысқан процедурадан өтті деген сөз. Өкінішке орай, зерттеулерімізді алға жылжытуға көмек беретін бізге қажетті көп деректер толық емес. Себебі, бізден соғысқа аттанған кісілердің көбісі, әсіресе өз ұлттастарымыз, шынын айту керек, сауат деңгейі бастауыш мектеп көлеміндегі, ал едәуі бөлігі сауаты мүлдем жоқ жауынгерлер болған. Олардың көпшілігі тек қазақ тілінде сөйлеген, орысша білмеген. Ұлы тілді түсінбегендіктен тіптен өзіне қатысты дүниелерді де айта алмаған, қағазға да түсірмеген. Айталық, құжаттарда жауынгерлер қай жерде тұтқынға түскен, қандай лагерьде отырған дегендей сауалдар жауапсыз келеді, толық емес. Бұл бір проблема. Екінші проблема, соғыс біткеннен кейінгі уақытта совет тұтқындары жайлы материалдар шетелдік архивтерден алынып, Мәскеуге жинақталғаны белгілі. Сонда барып, оларды да қарау керек болады-ау деген жоспарлар бар. Материалдарды салыстыру керек, қарау керек, әрбір тұтқында болған азаматтың тағдыры қалай қалыптасқанын объективті тұрғыда зерделеуіміз қажет.

Қысқасы, істелетін шаруа шаш етектен, өте көп. Жұмыла көтерген жүк жеңіл деген сөз бар емес пе. Біздің топ ғалымдары ақтайын деп отырған кісілердің барлығы дерлік өмірден озып кеткен, бұл дүниеде жоқ адамдар болып табылады. Атамыз қазақта өлі риза болмай тірі байымайды деген сөз бар емес пе. Отан үшін от кешсе де жазықсыз жазаланып, тіптен кінәсіз болса да сатқын атанған, елім деп еңіреп, қазағым деп қабырғасы қайысқан, бірақ кеңестік идеологияның құрбаны болып кете барған азаматтарымызды ақтап алу бұл біздің азаматтық борышымыз болып табылалы. Осыған орай, біздің комиссияның төрағасы, қала әкімінің орынбасары Е.Бабақұмаровтың «Қалалық басқармалар мен тиісті ұйымдар саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мәселелері жөніндегі комиссияның жұмысына жәрдем көрсетуі қажет»,- деген сөзі ойға орала беретінін айтқым келеді. Қалың көпшілік басталған осы бір іске қолынан келгенше көмектерін беріп, білетін дүниелерін ортаға салса нұр үстіне нұр болар еді. Ізгі ниетті игі бастаманың көздеген мақсатына жететініне ешқандай күмән жоқ.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер