Елордада алты бала газға уланып ауруханаға түсті

3753
Adyrna.kz Telegram

Нұр-Сұлтан қаласында алты бала улы газдың иісіне тұншығып, ауруханаға түсті, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Төтеншеліктердің айтуынша, балаларды дер кезінде құтқарған. Отбасы елорда маңындағы саяжайдың біріне қыркүйекте көшіп келген. Барлығы көк түтінге уланып орташа жағдайда ауруханаға түскен.

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бас маманы балалар ауруханаға жеткізілгенін айтты.

- Таңғы сағат 7.40-та саяжайдағы үйде 6 бала иіс тиіп, уланды. Біз тексеріс жүргіздік. Кейін отбасының Қызылорда облысынан Нұр-Сұлтанға қыркүйекте көшіп келгенін анықтадық. Балалар 2009, 2011, 2013, 2017, 2020, 2021 жылдары туған — деді Әйгерім Райымқұлова.

Сондай-ақ, брифинг барысында улы газ датчиктерді орнатудың пайдасы да айтылды. Мәселен, соңғы 3 жылда тұрғын үйлерге орнатылған 135 мыңнан астам автономды датчиктер арқылы 140 азамат аман қалған.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер