Шаһкәрім: Ар түзер адамның адамдық санасын

4627
Adyrna.kz Telegram

Шаһкәрім Құдайбердіұлы – өмірі де, өлеңі де бүгінгі қазақ еліне аңыз болған абыз тұлға. “Абыз” көнеден келе жатқан сөз. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде абыз сөзін араб тілінен енген, бірінші мағынасы – көп білетін, білімді адам, білгір,екінші мағынасы – сәуегей, көріпкел деп көрсеткен (ҚТТС, 1974, 1-том, 38-бет).
Көне түркі тілі сөздігінде (ДТС) аба – мать, аба – (араб) прародитель, предки мағыналары беріледі. Абыз сөзінің төркіні “аба” сөзімен төркіндес, тектес, “үлкен, зор, ата, бұрынғы” деген ұғымды білдірген тұлға. “Аба” сөзі арқылы кейін абадан (күшті, мықты), абажа (кебеженің үлкені), абажур (үлкен шам), баба (үлкен ата), апа (үлкен апа) сөздері жасалған. Бұл сөздердің барлығына тән ортақ мағына – нысанның үлкендігі; Демек, аб, аба түбірлері ежелгі заманнан бері келе жатқан, көптеген тілдерге ортақ этимон түбір деп саналуға тиісті. “Аба” этимон түбірі арқылы жасалған сөздерді тек араб тілінен ғана емес, түркі, славян т.б. тілдерінен табуға болар еді. Тұлғасы мен мағынасы, мәні мен мазмұны, жалпы ұғымы ортақ мұндай атауларды даму тарихы көне, тек араб тілінде ғана емес, өзге тілдерде де үлкендік, кеңдік мағына берген ортақ тұлға ретінде қарау орынды болмақ.
Ақын шығармаларында өз өмірінің сырын да, мәнін де, іздейтінін де, іздеп тапқанын да айтып береді. “Өмірдің басы – бала, ортасы – адам, қартайып шал болған соң, кетті шамаң” дей келе, осы ортаншы өмірдің бір сәтін де бос жібермей, артыңда адам атың қалсын десең, ғылым іздеу керектігін баса көрсеткені – бұл өмірдің мәнін іздеушілерге берген жауаптай.
Шаһкәрім – ұлы гуманист, кемел ойдың иесі. Ұлы ұстазы Абайдың “Атаның ұлы болма, адамның ұлы бол” деген тағылымын берік ұстай жүріп, өзі де кемелдікке жеткен. Шаһкәрім шығармашылығының кемелдігі – оның концептуалды ойында, болмыстың сырына үңілуінде, өмірдің мәнін талдауында.

Өмір сырын көздесең,
Жарға шоқын, жаннан без,
Сыр қаласын іздесең,
Сырлы, сұлу тамнан без.

Ақын дүниетанымы, ақын жүрегі таныған шындық осылай. Мәнісі, сірә, қазақ атамыз “жалған дүние” санаған мына тіршіліктегі сән мен салтанатқа қызығудың өткіншілігін, жалғандығын паш ету мен пенделіктен безу, “кемел адам” деңгейіне жету мүмкіндігін көрсету.
Өлеңдегі әр сөзге жаңа мағына, рухани ерекше мән берілген. “Өмір сыры” – ауыспалы туынды мағынада жұмсалатын тұлға, осы сөздегі “сыр” сөзінің мәнін тереңдете түсіп, үшінші жолдағы “Сыр қала” қолданысын ақын өзі жасайды. Контекстік қолданыста “Сыр қала” сөзінің мағынасы өмірдің мәнін іздеушілер үшін ақын дүниетанымындағы шындық, ақиқат. Өмір сырын іздесең, жаннан безіп, Жарға шоқын – деуінің де астары тереңде. Жар – Шаһкәрімдік дүниетаным қалыптастырған Шаһкәрімдік қолданыстағы Жаратушы, Алла мағынасында. Автордың бұл жерде “шоқын” сөзін пайдалануын әртүрлі түсіндіруге болар еді. Жалпы ақын қолданысында шоқыну лексемасы бірнеше рет кездеседі. Жарға – Аллаға сенім келтіру мағынасында қолданған бұл тіркестің алғашқыда құлаққа ерсі естілері даусыз. Ақынның дәл осы сөзді неге таңдап алған сырын кім білсін, оны айтып сәуегейлік танытпай-ақ, шоқын, шоқынды сөзінің қазақ танымында теріс мағына беретінін ескере отырып, бәлки, ақын шоқынушылардың дініне беріктігін мезгегені ме екен деп пайымдайық.
Ия, өмірдің сыры – Аллаға деген сүйіспеншілікте дейді Шаһкәрімдік толғамды ой. Ақын мақсаты – рухани шынайылық; пәктікке, тазалыққа, әділеттікке ұмтылыс.
Шаһкәрім – көп оқыған, оқығанын жүрегіне тоқып, әр тарапта өзіндік сыни көзбен баға беріп, шығыстық дүниетаным арқылы оқығанын сүзгіден өткізіп, ойлана келе ақылға салып, өз тұжырымын жасаған ғұлама.
Біздің мақсатымыз, Шаһкәрім өлеңдеріндегі сөз қолданысы мен ондағы сөз мағынасын, астарын, атаудың жұмсалу ерекшеліктерін пайымдау. Ақын дүниетанымы мен философиялық ойлары сөз арқылы таңбаланғандықтан, қазақ сөзінің бұрынғы қолданысы мен мағынасы Шаһкәрімдік пайымдауда жаңа арнада дамиды. Көптеген атаулар дүнияуи мән алып, терминдік қалып киеді, мағыналық тұрғыда дамиды. Сөз жүйесінде бұрын-соңды болмаған ауыспалы мағыналар қалыптасып, дамытылады. Ақын өзі таныған болмыстың сырын сөз әлемі арқылы жеткізуді көздейді. Оның негізгі құралы – сөз. Көркем, кестелі сөз қолданысына ғалым жаңа ғылыми мән беріп, философиялық ырғақта ерекше өзіндік терминдер желісін қалыптастырған. Қазақ сөзін жаңа қырынан танытып, бұрынғы жалпы қолданыстағы атауларға ерекше философиялық, психологиялық, діни­ теологиялық мағына сіңірген.
Ақын өзі:

Шошыма, достым, сөзімнен,
Сөз – Құдайдан шыққан бу.
Ұқпасаң, көр өзіңнен,
Жұтқызайын нұрлы су, – деп, білім мен білік, ғылыми тәжірибе айтып жеткізе алмайтын иррациональдық ұғымдарды поэзияда тұспалдап айтып, символмен жеткізуде көптен көш ілгері тұр. Философиялық-эстетикалық ой желісі қазақы ұғымдар арқылы өрнектеле келіп, өзіндік жаңа өріс тапқан. Шаһкәрімнің ой-толғамдары қай дүниетаным санатына жататынын саралауды философ ғалымдардың еншісіне қалдырып, біз автор қолданысындағы сөздердің мағынасында қалыптасқан жаңа ұғымдар мен мәннің мазмұнын саралауға, таңбаның ішкі мағыналық құрылымында жасалған семалық өзгерісті анықтауға талаптанамыз.
Қазақтың рухани-мәдени лексикасында бұрыннан бар ақыл, ой, жүрек, жан, Шын, нұр, рахат, жар, ар, махаббат, сүю, сағыныш, кездесу, мас болу, шарап т.б. сөздер ақын қолтаңбасы арқылы жаңа символдық мәнге ие болып қана қоймай, терең ұғымдар жүйесін танытатын концептік деңгейге көтеріледі. Яғни қарапайым қолданыстан, жаңа ұғымдық, мәндік деңгейге көтеріледі, әр атаудың астарында жаңа идея пайда болады. Бұл жаңа идея танып, түсініп оқыған оқырманды жаңа ғылыми пайымдаулар жасауға, жаңа ғылыми дүниетаным қалыптастыруға итермелейді. Жаңаша ойлау, өзгеше қабылдау жүйесін тануға көмектеседі.
Шаһкәрім ақын шығармашылығында қолданылатын ақыл, ой, жүрек, жан, Шын, нұр, рахат, жар, ар, махаббат, сүю, сағыныш, кездесу, мас болу, шарап т.б. ұғымдарын біз философиялық категория ретінде емес, этикалық категория ретінде танимыз. Шындап келгенде, ақын танымындағы, ақын түсінігіндегі ақ жүрек, таза ақыл, қайрат (ерік, жігер) ұғымдары жеке субъектіге қатысты алынған, сондықтан да сыр сөздерде бұлар әртүрлі этикалық мәніндегі қолданысқа ие болады.

Ар түзер адамның адамдық санасын,
Ақ жеңіп шығады арамның қарасын.
Адал еңбек, ақ жүрек берер шешіп,
Таза ақыл қосылса, әлемнің таласын, – деген өлең жолдарындағы ақ жүрек пен таза ақыл концептерін философиялық категория ретінде тану дұрыс ғылыми талдауға әкелмейді, әрі автордың негізгі идеясынан алыстатады, сондықтан мұндағы аталған концептік ұғымдар жеке субъектіге қатысты айтылған этикалық категория ретінде танылады.
Л. Витгенштейн “Логико­философский трактат” атты еңбегінде “Границы моего языка означают границы моего мира” деген екен. Шаһкәрім таныған, түйсінген көркемдік­танымдық әлем көркем шығармаларында сөз арқылы таңбаланып, танымдық әлемінің көкжиегін бейнелеген. Ақын шығыстық дүниетаным негізінде болмысты қабылдаудың өзіндік моделін жасаған. Бұл моделдеудің ерекше болатын себебі – Шаһкәрімдегі ақындық қуаттың молдығы, шығармашылық ойшылдық пен дала ұлына тән еркін ойлаудың жеткіліктілігі, аз десеңіз бұған ақындық-көркемдік елестету дағдысы мен көркем фантазияны, шабытты қосыңыз. Шекспирде мынадай сөз бар:

Материи природе не хватает,
Чтобы соперничать с воображением
В изобретательности.

Кез келген адам санасы жете бермейтін тылсым дүниенің сырын ашу – көркем ой иелерінің маңдайына жазылған, жазмыштан берілген сый шығар, бәлкім. Зерттеуші-ғалым Н.К. Гей “Искусство слова” деп аталатын зерттеу жұмысында Данте, Мильтон, Рабле, Гете шығармалары туралы айта келіп, “Вымысел – не содержание поэзии, а средство воспроизведения содержания, по форме подчас несовместимого с реальной действительностью, – деп жазады . Ал Шаһкәрімдегі қиял ойдан шығару емес, сезім мен көңіл дүниесі жеткен өз шындығы. Шынға, Аллаға деген ұлы махаббат пен сүйіспеншіліктен туындаған, көңіл сенген дүние, Шынның нұрын сезінуден туындаған таным. Оның қайнар бұлағы ішкі эмоциялық, сезімдік шабыт, дүниенің, жаратылыстың ішкі даму заңдылығын, жұмбағын ашсам деген талпыныс. Осы талпыныс ақынды ғұламалыққа жеткізді.
“Ей, жастар, қалай дейсің, бұл дүние?
Мұны бүйтіп жаратқан қандай нәрсе? – деп сұрақ қоя отырып, жауап іздейді, табады.

Себебі, толымдының ісі толық.
Ең түпкі жаратушы – мінсіз ие.
Күш, білім, шеберлікті іс білгізер,
Есті, мінсіз – шебердің ісі емес пе?

Осындай жауапқа дау айтар пенде бар ма? Ең түпкі жаратушыға, оның мінсіз шеберлігіне кім күмән келтіре алмақшы.
Қасиетті Құранның “Мүлік” сүресінде мынадай жолдар бар: “Бірінің үстіне бірін көтеріп, Алла жеті қат аспанды жаратты. Мейірімді Алланың жаратуынан ешқандай ақау таба алмайсың. Сен аспанға қайта-қайта көз тасташы – бір сызат көрер ме екенсің? Тағы екі рет қара, көзің талып үмітің мүлде үзіледі (сызат таба алмайсың)”.
Ғалым Харун Яхья өзінің “Золотое сечение – божественная мера красоты, сотворенная в природе” деп аталатын зерттеуінде көне Египет пирамидалары мен Леонардо да Винчидің “Моно Лизасы”, қарағай жаңғағы мен адам саусақтары арасындағы жақындықты анықтайды. Осыншама бір-біріне мүлде ұқсамайтын, жақын келмейтін заттардың арасындағы жақындық – олардың ішкі болмысына тән пропорциялық алтын қазық арқылы анықталған. Алтын қазық – алтын орта, тәңірілік пропорцияны меңгеру нәтижесінде жасалған. Зерттеуші атақты Фибоначчидің сандық заңдылықтарына сүйене отырып, алтын пропорция – 1: 1,618 санының аталған заттар мен құбылыстардың бойында толық сақталатынын нақты деректермен көрсетеді. Адамның тұлғасы, бет бейнесі, саусақтары т.б. бәрі де осы алтын пропорция негізінде жасалған. Барлық мүшелердің арасындағы қашықтық алтын пропорция – 1:1,618-ға тең екеніне көз жеткізеді. “Всевышный Господь каждому своему творению установил особую меру и придал соразмерность, что подтверждается на примерах, встречающихся в природе. Можно привести великое множество примеров, когда үдеріс роста живых организмов происходит в строгом соответствии с формой логарифмической спирали” (интернет материалдары).
Шаһкәрімнің жаратушы мінсіз ие, шебер, шеберлік, мінсіз сөздерін қайталай қолдануының да өзіндік мәні бар. Алланың абсолют кемелдігін өзге сөздермен тәптіштеп таратпай-ақ, автор мінсіз, шебер сөздерін қайталай қолдану арқылы тыңдаушының назарын аударып, сөз мағынасын кеңейте түседі. Сөз орамының орынды қолданысы авторлық концепцияны айқын аңғартып, бүтіннің ерекшелігін танытатын бірлік болып тұр.


Анар БЕК, 

ФБ парақшасынан

Пікірлер