"Алатау" дәстүрлі өнер театрына келіңіздер!

2959
Adyrna.kz Telegram

Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында қазақтың қобыз, домбыра, сыбызғы, сазсырнай және басқа да дәстүрлі музыкалық аспаптарымен орындауға арналған маңызды туындыларға көңіл бөлу керек екенін аңғартады.

"Алатау" дәстүрлі өнер театрының репертуарындағы "Алтыбақан" ойын-сауық ән кеші мен "Ән-Мұхит" дәстүрлі музыкалық драмасына қысқаша тоқтала кеткенді жөн көрдім. Театрдың директоры – Ринат Заитов. Көркемдік жетекшісі – Жұлдызбек Жұманбай.

Ұлтымыздың мақтаныш етер асыл мұрасы, рухани жәдігерлері ішінде ұмыт болып бара жатқан қазақтың тұрмыс-салтқа бағытталған "Алтыбақан" ұлттық ойыны – қазақ жастарының ертеден келе жатқан кешкілік бас қосып, ән айтып, домбыра тартып, айтыс жасап, би билеп, түрлі ойындар ойнап, көңіл көтеріп, ойын-сауық құратын кеші. Осы ұлттық ойынның төңірегінде әуелеткен дәстүрлі ән мен күмбірлген күй, билеріміз бір бірімен астасып, ойын-сауық ән кеші ұсынылады. Ескіні еске түсіріп, падиша дәстүрлі ән өнерімізді, ұлттық ойынымызды халық санасында жаңғыртып, ұлы дала рухын жеткізеді.

Кеште қазақтың дәстүрлі ән өнеріндегі орындаушылық, әуендік, құрылымдық ерекшеліктеріне байланысты шартты түрде бөлінетін бес мектеп бойынша (Арқа, Жетісу, Батыс, Сыр, Алтай-Тарғыбатай) попури айтылады. Көкбай Жанатайұлының сөзіне жазылған Алаш Ордашылардың гимні де шырқалады.

"Ән-Мұхит" дәстүрлі музыкалық драмасында Мұхит Мерәліұлының өмір жолы баяндалады. Мұхит өмір сүрген XIX-XX ғасырларды көз алдыңа айна қатесіз әкеледі. Сондай-ақ оның әншілік өнерінің сан қырлы жаратылысы, табиғаты ашылады. Мұхиттың қоғамның ащы шындығы мен оның бейнесі көрініс табатын, «Келіпті біздің елге мешін, тауық, «Мен» – деген адамзатқа болды қауіп», – деп толғанып, адамның сай-сүйегін сырқырататын терең психологиялық тебіреніске құрылған эмоциялық бояуы өте күшті, шынайы «адам кейпін» іздеп жүрген әншінің әндері тыңдаушыны толғандыра отырып, ойландырады. Сол замандағы әділетсіздік, бүгінгі күннің шындығымен астасып жатады. Айналасындағылардың қайғысы мен мұңына, шаттығы мен қуанышына ортақтасу, тіпті біреудің басындағы бақытсыздығын өз басының бақытсыздығындай көріп, қайғы жеуі Мұхит әндерінің басты ерекшелігі.

"Алатау" дәстүрлі өнер театрына келіңіздер!

Қуаныш Жұмабекұлы
PhD докторы, "Алатау" дәстүрлі өнер театры Әдебиет бөлімінің басшысы

Пікірлер