Әлем экономикасы пандемиядан 10 трлн доллар жоғалтты

3306
Adyrna.kz Telegram

Әлемдік экономикаға коронавирус пандемиясынан келген шығын 4 триллион доллардан 10 триллион долларға дейін жетті. Бұл туралы Ресей Есеп палатасының басшысы Алексей Кудрин БРИКС елдерінің үшінші халықаралық муниципалдық форумына қатысушыларға арнаған бейнеүндеуінде айтты деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы "eadaily.com/ru" сайтына сілтеме жасап.

"Әртүрлі бағалаулар бойынша пандемиядан әлемдік экономиканың шығыны 4 триллион доллардан 10 триллион долларға дейін жетті және бұл шығындардың айтарлықтай бөлігі облыстар мен муниципалитеттердің бюджетіне түседі", - деді А. Кудрин.

Оның айтуынша, әлем елдерінің денсаулық сақтау жүйесі пандемияға дайын еместігін көрсетті.

"Денсаулық сақтау және әлеуметтік қолдау жүйелері жаһандық күйзелістерге дайын еместігін көрсетті. Бүгінгі таңда мемлекеттік органдар мен барлық деңгейдегі бақылау-қадағалау органдарының міндеті – осы жүйелердің тұрақты әрі тиімді болуына мүмкіндік беретін тетіктерді әзірлеу", - деді А.Кудрин.

Айта кету керек, бұған дейін, нақтырақ айтқанда, 5 қазанда А.Кудрин Ресей бюджетінің үштен бір бөлігі мұнай-газ саласының кірістерінен тұратынын және алдағы 10-15 жылда бұл схемадан біртіндеп бас тарту керектігін айтқан болатын.

Ол әлемдік болжамдар бойынша 2050 жылға қарай әлемде көмірсутек көздерін пайдалану екі есеге қысқаратынын атап өтті. А.Кудрин мұны Ресей үшін "сынақ" деп атады.

 

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер