Қ.Тоқаев Рим папасын Қазақстанға шақырды

2036
Adyrna.kz Telegram

Мәулен Әшімбаев Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан понтификке Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезіне қатысуға шақыруды табыс етті, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ватиканға сапары барысында Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев Рим Папасы Францискпен кездесті. Ол 2003 жылы Нұрсұлтан Назарбаев Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін шақыру туралы бастама көтергенін айтты. Өз кезегінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев конгресс хатшылығының меңгерушісі ретінде бұл тұғырнаманы насихаттауға үлес қосты.

М.Әшімбаев Ватиканға еліміздің бұл бастамасын қолдағаны үшін алғысын білдірді.

– 18 жыл ішінде қазақстандық дінаралық форум өкілді диалог алаңына айналды. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Қазақстанның бастамасын қолдағаны үшін Қасиетті Тақ иесіне алғысымды білдіргім келеді. Католик шіркеуінің жоғары лауазымды өкілдері Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының барлық алты съезіне белсенді қатысты, — деп атап өтті Сенат Төрағасы.

Съезде әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының пандемиядан кейінгі кезеңдегі адамзаттың әлеуметтік және рухани дамуындағы рөлін талқылау жоспарлануда.

– Пандемия адамзаттың көптеген созылмалы мәселелерін – кедейшілікті, теңсіздікті, көптеген елдердегі денсаулық сақтау жүйесінің аянышты жағдайын, адамдардың білім деңгейінің төмендігін, экологиялық және басқа да проблемаларды ушықтырды. Сонымен қатар, пандемиядан кейінгі кезеңде тұтынушылық сала қайта қаралып, рухани-адамгершілік құндылықтар бірінші орынға шығуы тиіс екені анық, – деді Мәулен Әшімбаев.

Рим Папасы Франциск Қасым-Жомарт Тоқаевқа келесі қыркүйекте Қазақстанда өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезіне шақырғаны үшін алғыс айтты.

Кездесуде сонымен қатар халықаралық күн тәртібіндегі негізгі мәселелер, атап айтқанда Ауғанстандағы жағдай, жаһандық климаттың өзгеруі және т.б. сөз болды.

Сол күні Мәулен Әшімбаев Ватиканның Мемлекеттік хатшысы Пьетро Паролинмен кездесті. Кездесу барысында қос тарап Қазақстан мен Ватикан арасындағы ынтымақтастық мәселелерді талқылады. Сондай-ақ Папаның Конфессияаралық диалог жөніндегі кеңесінің президенті кардинал Мигель Анхель Аюсо Гиксотпен кездесу өткізілді.

 

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер