Бес қарудың біз білмейтін сыры көп

2287
Adyrna.kz Telegram

Шымкент қаласы Shymqala этно­ауылында «Бес қару» этнофестивалі өтті. Үш күнге созылған іс-шара барысында жасөспірімдерді батырлық қасиетке тәрбиелейтін ойын түрлері ұйымдастырылып, қылыштасу шеберлері мен каскадерлар жауынгерлік өнерден, бес қару түрлерін пайдаланудан шеберлік сағатын өткізді. Батырлар институты тақырыбын барынша ашу мақсатында еліміздің танымал тарих және этнолог ғалымдары мен шетелдік жыршылардың қатысуымен арнайы семинар ұйымдастырылды.

Іс-шараға Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақ­тау, Қызылорда қалаларынан жыршылар мен көршілес қырғыз және өзбек ел­дерінің жыршы-жомоқшылары, каска­дерлар мен этно-фольклорлық топ әншілері қатысты. Көпшілік «Оңтүстік Қазақстан суретші жастары» бірлестігі­нің өкілдері ұсынған сахналық көріністі тамашалап, «Бес қару» экспозициясы мен жыршылардың орындауындағы батырлар жырын тыңдады. Яғни этнофестиваль көпшілікке нағыз батырлық, көшпенділік мәдениетті паш еткен мере­­келік көңіл күй сыйлады. «Бес қару» этно-fest» жобасының авторы және про­­дюсері – «Ұлттық әлеуетті дамыту» қо­ғам­дық қорының президенті, Шым­кент қалалық қоғамдық кеңесінің мүшесі Рүстем Әшетаев. Жастығына қарамас­тан осындай дүбірлі шараға мұрындық бол­­ған, арысы қырғыз, қарақалпақ, бе­рісі Алматы, Нұр-Сұлтандағы ғалым­дар­дың басын қосып, ұлттық мұра­ны жаңғыртып жүрген жас жігітке көп­шілік ризашылығын білдіруде. «Қазақ ұлтын мемлекет ретінде ұстап қалған төрт институт бар. Олар отбасы, батырлар, ақсақалдар-билер және хан-сұлтандар институттары. Осылардың ішінде әлі толық зерттелмеген батырлар институтының мәнін ашуды мақсат етіп отырмыз. Жыр-дастандарда батырлар туралы көп мәліметтер келтіріле­ді. Батырды әке-шешесі әулиелерге тү­неп жүріп дүниеге әкеледі, өзгелердей емес, күн, тіпті сағат санап өседі, есейген соң қолына найзасын алып жауға шабады. Бірақ күнделікті өмірде ол қан­дай қызмет атқарды, батырдың әлеу­­меттік-саяси орны қандай болған? Батыр­дың қазақ қоғамындағы атқарған фун­кциялары туралы толыққанды мә­лі­мет жоқ. Фестивальге тарихшы, ғалымдарды шақырудағы мақсат осы – қазақ қоғамындағы батырдың рөлін айқындап беру, батыр мен барымташыны немесе қарақшыны ажырату. Бір сөзбен айтқанда, бүгінгі ұрпақтың бойына батыр образын қалыптастыру. Мәселен, самурай дегенде әділ, шыншыл, өз-өзін құрбан етуден де тайсалмайтын жауынгер көз алдыңызға елес­тейді. Батыс рыцарлары туралы әңгі­ме қозғағанда әрдайым мейірімді, сонымен бірге сегіз қырлы бір сырлы адам­ның образы көз алдыңызға келеді. Ал қазақ батырлары туралы қалыптасқан толыққанды образ жоқ. Батырлар бізге суретшілердің өз қиялымен салған туындылары арқылы таныс. Әр өнер қазақ батырын өз қиялымен жасайды. Біздің ниетіміз осы қиялды терең зерттеулер арқылы ақиқатқа айналадыру. Сурет демекші, фестиваль­ге келушілер белгілі суретші, фотограф Саид Атабектің туын­дыларына арналған көрмені тамашалады. С.Атабектің туын­дылары Еуро­пада танымал. Оның көкпар туралы бір ғана суретінің өзі 60 мың долларға дейін сатылады. Ал бізде бұл жағына келгенде қызығушылық жоқ. Жалпы, батыр мен жылқыны бөліп алуға болмайды. Көкпар, ат спорты ойындары батырлық институттың ажырамас бөлшегі. Осы орайда «Номад» тобының каскадерлары да өз өнерін көрсетті. Қы­тайда, Голивудта, жалпы әлемнің 90 мем­лекетінде киноға түскен, сайдың тасындай іріктелген нағыз бесаспап жігіттер. Бұлардан бөлек шетелдерде жүлделермен оралып жүрген «Тұран» этнофольклорлық тобының өнерпаздары да жұртты мерекелік көңіл күйге бөледі. Бұларды шетел таниды, ал өзіміздің жас­тарымыздың кейбірі білмейді», дейді Рүстем Әшетаев.

Қазақта «ер қаруы – бес қару» деген сөз бар. Эпостық жырларда: «Берік сауыт кигізді, Садағын сала байланып. Ер қаруы – бес қару, Бесеуін тамам ілгіз­ді», деген жолдар кездеседі. Басы бар­ды идірген, тізесі барды бүктірген көш­пенділер қару-жараққа атам заманнан ерекше мән берген. «Егеуіне келгенде, Елу ұста жиналған. Таптауына келгенде, Тамам ұста жиналған», деп жыршылар қылыштың жасалуы ғана емес, жаудың құтын қашыру үшін оның мақтауын да осылай келістірген көрінеді. Дегенмен бес қарудың біз білмейтін сыры көп. Осы орайда Алматыдан арнайы келген Мәде­ниет қайраткері, көшпенділердің әскери өнерлерін зерттеуші, темірші-ұста Мах­муд Құлментегі көпшілікке терең мағ­лұмат берді. Сондай-ақ ғалымдар үш күн бойы Әзіл-сықақ театрының залында жоғары оқу орындары студенттеріне арнап бес қарудың құпиясы, оның жасалу технологиясы төңірегінде лекция­лар оқыды. «Бес қару – найза, садақ, айбалта, күрзі, қылыш. Әрқайсының мүмкіндігі әрқалай. Найза жауды жақын жолатпайды. Көшпенділердің қайқы қы­лышы жеңіл, ат үстінде сермеуге ың­ғайлы болған. Сауыт киген жауды күр­зімен ұрған. Ал айбалта өте қаһарлы қару болған, – деді әр қарудың қасие­тін түсіндірген Махмуд Құлментегі. – Қазақ батырларында басты соққыдан қор­ғайтын шлем тәріздес, темірден со­­ғылған сауыт болған. Оны томақап дей­­ді. Жау ұрыстың алдында садақтың оғын жаң­бырша жаудырады. Осындай кезде сап­тың алдыңғы қатарында, тома­қап киген алғадайлар тұрған. Ауыр сауыт киген олар арттағы әскерге жол аш­қан. «Басынан аяғына дейін мұздай темір құрсанған», «бақайшағына дейін қаруланған» деген сөздер осыдан қалған. Бабаларымыз «ай қораланды», «қоян қашты» деген ұрыс тактикалары арқылы жауды жеңіп отырған. Томақапқа екі мүйіз де жасалған. Ортасында өмір ағашы болады. Бұлардың барлығы да тәңірі дінімен, космологиямен байланысты. Қалқан ерекше баппен жасалады. Ішкі жағындағы тері арнайы сұйықтықтардың көмегімен иленеді. Оның сырты темірмен қапталады. Қа­зақ қалқаны еуропалықша екі емес, бір тұтқадан тұрады. Мұндай қалқан бірін­шіден, өте жеңіл, яғни кез келген жағ­дайда қорғануға оңай, екіншіден соқ­қыны дарытпайды. Себебі иіні қан­ған тері амортизацияның рөлін атқа­рады». Ал фестивальге Алатаудың ар­ғы жағындағы қырғыз елінен келген фи­­лология ғылымдарының докторы, фольк­­лортанушы, доцент, Қырғыз Рес­пуб­­ликасының ҰҒА президиумының тер­­минология секторының меңгерушісі, ма­насшы Талантаалы Бакчиев қа­зақ пен қырғыз халқының ортақ құнды­лықтарына тоқталды. Қырғызда қырық эпос бар. Ғалым солардың ең көлемдісі әрі қасиеттісі «Манас» жыры туралы әңгі­меледі. «Манасшылар дегеніміз, кітап­тағыны жаттап айтатындар емес, манас­шылық адамға жаратқанның әмі­рімен аян берілетін қасиет. Қазіргі уақыт­та «Манас» жыры Қырғыз Респуб­ли­ка­сының Конституциясына енген. 2011 жылы Қырғызстанда «Манас» жыры туралы арнайы заң қабылданған. 2012 жылдан бастап «Манас» жыры барлық жоғары оқу орындарына дене­шынықтыру, орыс тілі сияқты міндетті түр­де өтілетін дәріс ретінде кірді. Мек­тепте қырғыз әдебиеті пәнінде Манастан арнайы сағаттар бар. Жақында бізде «Манас» театры ашылды. Театрда 33 штат бар. Оның ішінде 23 манасшы жұ­мы­сын бастады», деді ғалым.
Үш күнге созылған этнофестиваль ба­­ры­сында қала тұрғындары мен қонақ­та­ры ел тарихы, ел қорғаны бол­ған ба­тырлар туралы көп мағлұмат алды. Жоба авторы және продюсері Рүс­тем Әшетаевтың айтуына қарағанда, Шым­кент қалалық әкімдігі «Бес қару» фес­тивалін жыл сайын өтетін дәстүрлі ша­раға айналдыруға уәде беріп отыр.

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,

 

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер