Еліміздің жаһандық дамуына өз үлестерін қосып жүрген талантты, дарынды жастар өте көп. Бүгінгі қазақтың өнерлі жас буын өкілдерінің ішінен кәсіби суретші Жасұлан Егеубайды да осы қатарға қосуға болады. Оның ұлттық болмыстан тамыр тартқан әр туындысы адамның жанына рухани азық, бойына күш-қуат сыйлап, ұлттық рухты көтеруге жетелейді. Желі қолданушылары Жасұланның салған суреттеріне тәнті болып, жұмысына жоғары бағасын беріп те үлгерген. Ендеше, жас суретшімен жақынырақ танысайық.
- Жасұлан, шығармашылық бастауыңыз туралы айтсаңыз? Бұл өнерге қалай келдіңіз?
- Сұрағыңызға рақмет. Кішкентай кезімнен түрлі үйірмелерге, байқауларға қатысып, мектептің плакаттарын салып, жан-жаққа көрініп жүлделі орындар алып, жастықтың буымен үзбей сурет салып жүрдім. Үйірмеде оқып жүргеніме 2 жыл толғанда, 6-сынып оқып жүрген кезімде үйірмеден беретін апайым маған «Алматыда осындай Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының мектеп-интернаты бар. Осы жақта 6-сынып бітіріп, ары қарай 7-8-9 сыныптарды сол жақта оқып, оқуыңды жалғастыруға болады»,- деп еді. Сөйтіп үйдегілермен ақылдасып, Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының мектеп-интернатына Маңғыстаудан 2 бала болып, көп ұзамай оқуға тапсырдық. Сол жақтан суреттің қыр-сырларын алғаш танып, суретті қалай салу керектігін, қылқаламды қалай ұстау керектігін, т.б. көптеген қажетті ақпараттарды білдік. Содан бері қарай бейнелеу өнерімен айналысып келе жатырмын.
- Жақсы! Жүргенов атындағы мектеп-интернатта оқыдыңыз... Одан кейін ЖОО-ға түстіңіз бе?! Қай жерде білім алдыңыз?
- Мен сол Жүргеновке тапсырған кезде, бір қызығы ең төменгі 14 баллмен оқуға түстім. Сол кезде үйдегілер оқуға тапсырдым дегенімде қатты қуанды. Сөйтіп сол жақта 9-сыныпқа дейін білім алдым. Кішкентай ауылдан 3000 шақырым алыс жерге, үлкен қалаға, облысқа қарай оқуға бару өзіме қиын болды... Не де болса да, 9-сыныпқа дейін оқып, ары қарай Ақтау қаласындағы Маңғыстау өнер колледжінде Қосан Манап, Мақсат Шораханов деген кәсіби суретшілерден білім алдым. Содан бері қарай сол кісілердің білімімен өнерімізді дамытып келе жатырмыз. Қазір Ақтөбе қаласындағы Жұбанов университетінде "Визуальды өнер, көркем еңбек және жобалау" мамандығы бойынша білім алудамын.
- Сіздің сурет салу стильіңіз де ерекше екен! Жаңа заманауи ерекше легпен сурет салып келе жатырсыз... Бұны қазіргі тілмен айтқанда стрит-арт деп атауға болады ғой?
- Біздің үйренген, білім алған тәсіліміз – негізгі академиялық бағыттағы салынған бейнелеу өнері. Ал қазіргі заманға сай дамып жатқан стрит-арт, скетч, мураль – олардың бәрі бейнелеу өнерінің бір түрлері. Қазір енді көбінесе монументальді бағытта сурет саламын. Монументальді кескіндеме деген жарға сурет салу болса, мураль – үйлердің сырттарына сурет салу. Қазір көбінесе осындай жұмыстармен айналысудамын.
- Осы жақында тері илеумен айналысатын, бүркіт ұшыратын жігіттер маған тері илеп берді. Мен өзіме тың, жаңа нәрсемен таныстым, теріге сурет салып көрейін дедім. Қолдан иленген қойдың терісіне суретті майлы бояумен салдық. Бұған 2-3 күн уақыт кетті. Бұның жағылуы да, кебуі де 5-6 күнге созылды, кейде 7-8 күнге дейін созылуы мүмкін.
- Теріде салған суретте аңшылық, саятшылықпен айналысатын қазақтың бір дәстүрі бейнеленіп көрсетілген. Маған бұл суретті салдырған Дәулет деген бүркітші жігіт. Оның қызығатыны бүркіт болғаннан кейін мына бүркітті бергі планға бірінші қатарға қойдық. Ар жағындағы бүркіттерді ұшырып отқан аңшылар, құс бағатын бүркітшілер. Оның ар жағында Маңғыстаудың танымал Шерқала дейтін тауы бейнеленген. Тарихы тереңде жатқан таулардың бірі. Соны бейнелеп, көрсеттік. Осындай мақсатпен теріге сурет салдық, көпшіліктің назарына ерекше ұнады. Алдағы уақытта да теріге сурет салып, тағы да көптеген туындылар салсақ па деген ойымыз бар.
- Әрбір өнер адамның бойына атадан балаға қанмен берілетіні немесе ұзақ еңбектенудің арқасында келетіні белгілі. Тума талант па, әлде еңбек пе? Өзіңізді қай топқа жатқызар едіңіз?
- Әр адамның өзіне сай әр түрлі түсінігі бар. Біреулер талант маңызды дейді. Біреулер еңбек маңызды дейді. Маған екеуі де маңызды. Талант болмаса, еңбегің болмаса онда бәрі пайдасыз. Адамның өзінің ынта-ниеті де, оған кеткен еңбегі, уақыты да болмаса, ол өз қолын еш дамыта алмайды. Мен өзімді екі топқа да жатқыза аламын. Бала күнімде нағашыларымның сурет салатынын көретінмін. Бірақ, қатты кәсіби салғанын байқамадым. Өзімнің оқып, үйірмелерге қатысып, осындай жетістікке жетуімнің бәрі де еңбектің де, таланттың да арқасында деп ойлаймын.
- Өз жұмыстарыңызда ұлттық сананың қалыптасуына бағытталған қазақтың ұлы тұлғаларын кеңінен насихаттайды екенсіз. Сіздің ойыңызша, қазіргі заманның ұлы тұлғалары кім? Болашақта Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа арнап сурет салуыңыз мүмкін бе?
- Мен қазіргі заманда жеке тұлға ретінде тарихта қалатындай мықты адамдарды байқаған жоқпын. Назарбаев т.с.с. адамдарға арнап сурет салу ойымда жоқ. Ойыма келеді деп те ойламаймын. Себебі, көп нәрседен хабарым болсын, болмасын, өйтіп жеке тарихта қалатындай, тарих кітабыңа жазатындай тұлғаларды көп байқап жүрген жоқпын. Мүмкін бар шығар... Мен оны білмеймін. Мен тек суретпен, өнермен басымды ауыртып жүргеннен кейін өйтіп ішкі-сыртқы жағдайларға қарай көп басымды ауыртпаймын. Жәй ғана өзім осындай өнермен айналысып, оны балаларға үйретіп, шәкірттерімді биіктен көрсеткім келеді. Өнерді бөлек, саясатты бөлек ұстап, екеуін араластырмай, өз өнеріммен халыққа танылып, халықтың көзайымы болып жүрген кездерім ғой қазір... Маған осылай жақсырақ!
- Өзіңізге ұнайтын суретшілерді атай аласыз ба?
- Өзіме жұмыстары ерекше ұнайтын Талғат Тілеужанов, Жұмақын Қайрамбаев, Нұрлан Қилыбаев, Қосан Манап, Мерей Бекежан, Жомарт Оразымбетов т.б. көптеген суретшілер бар. Жалпы елімізде мықты-мықты суретшілер өте көп. Жоғарыда аталған, одан бөлек басқа да суретшілердің суреттерін көрсем, ерекше әсерлі сезімде боламын. Өзімнің шабытым оянғандай жақсы көңіл-күйде, жақсы бір позицияға орналасамын...
- Өзіңіз картиналарыңызды сатылымға қоясыз ба? Оған деген сұраныс қандай?
- Енді мен қазір көбінесе сатылымға қойылатындай суреттер салып жүрген жоқпын. Сатылымға әлі сурет шығарып көрмедім. Жалпы ойымда бар. Қазақстанның көз тоймас көрікті жерлерін, Маңғыстаудың әсем табиғатын салып, қазіргі емес бұрынғы тарихи тұлғалардың портреттерін салып, сатылымға қойсам ба деген ойым бар. Бірақ, қазір жарға салудан тапсырыс келген сайын менің уақытым көбіне босамай жүр.
- Осы тұста біздің еліміздегі суретшілердің еңбегіне деген қолдау мен қызығушылық қай деңгейде екеніне тоқталыңызшы? Қазақстандағы сурет өнерінің бүгінгі жай-күйіне көңіліңіз тола ма?
- Жалпы суретшілерге деген қолдау өте жақсы, өте керемет деп айта алмаймын. Себебі біздің жақта өнер, мәдениет жағы дамымай, ақсаңдап тұр. Оны бағалайтын халықтың әл-ауқаты да қатты дамыған деп айта алмаймын. Көп суретші достарымнан естігенім де осы, бізде өкінішке қарай қолдау қатты көрсетілмеген...
- Суретші болсам деп талаптанып жүрген жас суретшілерге айтар ақыл-кеңесіңіз?
- Жалпы айтар басты кеңесім: Адам өз-өзіңе сенуі керек! Ол талантқа да, өзінің еңбегіне де, жалпы өзіңе мүлтіксіз сенуі тиіс. Бір істі бастайтын кезде қорықпау керек! Өйткені, қорқыныш адамның өзінің бойындағы барлық өнерді де, ынта-талантты да жойып жібереді. Адам тек өзіне сенуі керек. Ары қарай талпына берсе, жоғарыға қарай өрмелей берсе, биікке шығатыны сөзсіз!
- Өзіңіз машықтап, білгеніңізді үйретіп, дайындап жүрген шәкірттеріңіз бар ма?
- Білгенімді үйретіп жүрген шәкірттерім баршылық. Олардың жеткен жетістіктері өте жақсы! Деңгейлері де өздерінің жасына сәйкес. Тіпті өзінің жасынан асып түсіп, бір айтқанды қағып алып үйренетін, суретті жақсы салатын дарынды оқушыларым бар. Барған жерлерінен үнемі бас жүлде, бірінші орын әкеліп, абыройымды көкке көтеретін шәкірттерім барына өте қуанамын. Басты мақсатым – елімізге шын мәнісінде еңбегі сіңер осындай көптеген шәкірттер дайындау, соларды өнер жолына бейімдеу, тарихи маңызы бар суреттер салу, осы суреттер арқылы замандастарымызды ұлттық болмысымызды терең танып-білуге шақыру!
- Сұқбатыңызға көп рақмет! Ойға алған барлық мақсаттарыңыз орындалсын! Келесі ғажайыптарыңызды асыға күтеміз!
Сұхбаттасқан: Зарина ӘШІРБЕК,
«Адырна» ұлттық порталы