Шымкент қаласында бұқаралық спорт түрлері қарқынды түрде дамып келеді. Жаңа спорт кешендері бой көтеріп, жастар арасында дене шынықтыруға, спорттық ойындарға деген қызығушылық арта түскен.
Шымкент қаласы әкімдігі де бұл бағытта жүйелі жарыстар ұйымдастырып, жастарды ынталандыруға бар күшін салуда.
Бұл туралы Шымкент қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Ермек Дәрменов әңгімелеп берді.
"Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жуырдағы жолдауы бұқаралық спортты дамыту жөнінде айтылып өткен болатын. Осы бойынша көптеген жұмыстар атқарылып жатыр. Оның ішінде біздің қаланың әкімі Мұрат Дүйсенбекұлының бастамасымен 115 алаңша салу жоспарланған. Оның жеті алаңшасы кәсіпкерлердің қаржысына салынып жатыр, ал төртеуінің құрылысы бітіп, бірі әрі бірегейі болған алаңшалар Шымкент Плаза жекеменшік кәсіпорнының қаржысына салынып қолданылуға берілді. Бүгінгі таңда Шымкент қаласының спортшыларының игілігі үшін жұмыс істеуде" деді Ермек мырза өз сөзінде.
Шалғай аудандарда тұратын спортқа бейім жастарды қалалық спорттық ұйымдарға тарту арқылы, жастардың спортқа деген қызығушылығын арттыру негізгі мақсат екенін, атай кетті ол.
Қазір Шымкент қаласында 340 мыңнан астам спортшылар жаттығуда. Статистикалық есеп бойынша былтырғы межеден асып түскенін баса айтты.