Митингіге "Ел тірегі" партиясының төрағасы Нұржан Әлтаев, "Дат" газетінің бас оқырманы Ермұрат Бапи, журналист Гүлжан Ерғалиева, қоғам белсенділері Мұрат Мұхамеджанов, Әсет Наурызбаев, Эльмар Хұсайынов, Оразбай Орман, Меңдос Оразбаевтар сынды бірқатар қоғам қайраткерлері қатысып, өз үндерін қосты.
Белсенділер арасында белгілі рэпер, ел жанашыры Жан Ахмадиев те болып, ортаға өз өнерін паш етті.
Естеріңізге сала кетейік, қыркүйек айының басында Қазақстан үкіметі мен ресейлік "Сбер" компаниялар тобы қол қойған меморандумның мәтіні жарияланған болатын. Ондағы ақпаратқа сәйкес, Қазақстан ресейлік "Сбербанктің" IT-платформасын 500 млн долларға сатып алмақ. Соған сәйкес E-gov-қа балама ретінде GovTech жүйесі "Сбердің" Platform V платформасына негізделіп жасалады.
Шеруді ұйымдастырушылар бұл келісім Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігіне, мемлекет тұтастығы мен егемендігіне қауіп төндіреді деп есептейді. Ел ішінде бұл меморандумға байланысты түрлі наразы пікірлер де көбейіп, "Қазақстанның ақпараттық жүйелерінің дамуын, бақылауын басқа елге сеніп тапсыруға болмайды", "Ресейдің қолына түсу қаупі бар", "Ресей билігінің қысымы" - деп қатаң сынға алынуда.
"Адырна" ұлттық порталы