АБЗАЛ ҚҰСПАН: Тұрмыстық деңгейдегі ұлттық мәселе елді төңкеріп жіберетін күшке ие

4248
Adyrna.kz Telegram

Ем алып жатқан соң ешқандай дау-дамайға араласпай тыныш қана жатайын десең болмайды ғой, болмайды. Толерантты болуымыз керек дейді, сол кезде жағдайымыз оңалып, көсегеміз көгереді екен, кең болсаң кем болмайсың дейді. Тұра тұрыңдар!

Сіздер қай елде, қай жерде көрдіңдер бір этностың өзге елге қоныстанып, сол жерден өз ауылын, өз ауданын құрып, оған тек өз ұлтының әкімін тағайындап, жекеге қоса мемлекеттік қызмет саласын тек өз тілдеріне икемдеп, өз ұлтын ғана жұмысқа алып отырған?

Сонда бұл – қазақ тарапынан оларға көрсетілген кеңдік емес пе? Енді сол үшін қазақ халқына, қазақ тіліне, қазақ мемлекеттілігіне сый-құрмет талап етуіміз орынсыз бола ма? Маған бататыны дәл осы тақырыптағы дау-дамай басқа емес өз арамызда өрбігені.

Дәп бір Қазақстанда қазақ мәселесі, қазақ тілі, діні, ділі мәселесі жоқтай, әлдеқашан өскен-өнген французбен, ағылшынмен салыстыра сөйлейтін «ақылдыларға» таңым бар. Енді бір топтың логикасына салсаң, «таспен жапалақты ұрсаң да, жапалақ өледі, жапалақпен тасты ұрсаң да жапалақ өледінің» кері, не жағдай болса да қазақ өзі кінәліден танбайды.

Кейінірек толықтырып жаза жатармын, бірақ мен үшін бір нәрсе анық, айқын – биыл да, келер жылы да, одан кейінгі жылдар да қазақ пен армян, қазақ пен ұйғыр, қазақ пен өзбек т.б.т.т. жыр бітпейді.  Өйткені, оның себеп салдары көп, өте көп, алысқа бармай ақ, қолданыстағы заңнамамен жұмыс жасап отырған Тілмайдандықтардың қызметін Абаев бастап, Тоқаев қостап – үңгірдегі ұлтшылдыққа теңеп, радикал атандырып отырған мемлекет, ұлт саясатын өзгертпейінше (ал олар өз еріктерімен өзгертпейді) осы көргеніміз көрген.

Тұрмыстық деңгейдегі ұлттық мәселе кейбіреулер ойлағандай оңай-оспақ мәселе емес, елді төңкеріп жіберетін күшке ие, бірақ оны фейсбукте отырған теоретиктерге түсіну қиын.

Пікірлер