8-сынып оқушысы Сергей Кимнің әкесі Виктор Ким Алматы қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің басшылығына мәлімдеме жасап, отбасында болған қайғылы жағдайға, туыстары мен жақындарының көңіліне түсіністікпен қарауды сұрайды. Бұл туралы НЗМ баспасөз қызметі жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
«Менің ұлымның атын пайдаланбауды және әлеуметтік желілердегі кез келген іс-шараларды, акциялар мен жазбаларды, соның ішінде белдемше киюді насихаттауды тоқтатуыңызды сұраймын»,– деді марқұмның әкесі.
Сонымен қатар отбасы оқушыға қысым көрсету және оның психологиялық мәселелері туралы барлық болжам мен айыптаудың шындыққа сәйкес келмейтінін атап өтті.
Баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, Сергейдің ата-анасының мектеп басшылығына, сондай-ақ куратор мен психологқа шағымдары жоқ.
«Қазіргі уақытта жазатайым оқиға фактісі бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын еске саламыз. «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы кәмелетке толмаған баланың мүддесі үшін қосымша ақпарат жариялап, кеңейтілген түсініктеме бермейді»,– деп жазды мектептің баспасөз қызметі.
«Адырна» ұлттық порталы