«Кешірім бермеймін»: Пенжімде соққыға жығылған оқушының анасы мәлімдеме жасады

6913
Adyrna.kz Telegram

Пенжім мектебіндегі төбелестен соң ауруханаға түскен жасөспірімнің анасы «балам толық жазылмайынша, кешірім бермеймін» деген мәлімдеме жасады, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Кеше жансақтау бөлімінде жатқан 16 жастағы жеткіншектің жағдайы оңалып, жалпы палатаға ауыстырылды. Арнайы құрылған штаб ауылда түсіндіру жұмысына қызу кіріскен. Күлшаш Серікбаева екі күннен бері аурухананың алдын торып жүр. Ұлы Нұрболдың басына ота жасалғанда өзін қоярға жер таппады. Бес баланың кенжесі мұндай төбелестерге осыған дейін қатыспаған дейді анасы. 

«Мұндай төбелеске қатысып көрген емес. Көпшіліктің арасына қалай кіріп кеткен? Екі жақ бір-бірімізбен татуластық. Оларға өкпем жоқ. Бірақ балам аяғынан тік тұрып, қалпына келгенше, мен ешкімге кешірім бермеймін. Балам аяғынан тұрсын. Одан кейінгі емі қалай болады? Соны көремін. Басына ота жасалып, пластмасс салынып жатыр..»–деді жәбірленушінің анасы.

Қазіргі таңда 10-сынып оқушысы Нұрболдың беті бері қараған. Ақ халаттылар соққыдан ұйып қалған қанды басын тіліп шығарды. Жансақтау бөлімінен жалпы палатаға ауыстырылуы жақындарының көңіліне медеу болып отыр. 

«Бүгін жалпы тексеріс болып, жағдайының бір қалыпқа келгенін ескердік. Жарақатты емдейтін бөлімге ауыстырылды. Есін анық біледі. Тамақты өзі ішіп жатыр. Жалпы мұндай науқас кемінде екі апта жатуы керек. Қанша дегенмен ота болды. Миы шайқалды,  соғылу белгілері бар. Сондан кейін үйіне шығарылады. Үйіне шыққан соң қалпына келтіру емі кезең-кезеңімен болады»,– деді Панфилов ауданы ауруханасының бас дәрігерінің орынбасары Ерболат Бегембеков.

Пенжімдегі оқушылар төбелесінен соң кеше құрылған штабтың жұмысы жанданды. Ауылдағы мыңнан астам бала оқитын жалғыз мектепте түсіндіру жұмысы қызу жүріп жатыр. Ауылдағы тәртіп полиция бақылауында.

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер