Софы Сматаев: Тілдің проблемасын қолында билігі жоқ қазақтар ғана айтады

5748
Adyrna.kz Telegram

Қазақ әдебиетінің классигі, жазушы Софы Сматаев биыл 80 жаста. Аудармашы, ақынның мерейтойына орай жазда шығармашылық кеші де өтті. М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық академиялық драма театрындағы "Meн жеңемін!" қойылымында жазушының өзі әртістермен бірге саханада ойнады. Алайда арада ай өткенде жазушы қара жамылып, жарты ғасырдан астам уақыт бірге ғұмыр кешкен жары Шәмшиядан айырылды. Өзі де коронавирустан әрең жазылды. Софы Сматаев төрт айдан бері ауыр ой, жалғыздықтың құшағында. Қазақ әдебиетінің қазіргі көзі тірі классигі «Адырна» ұлттық порталының тілшісіне жан сырын ақтарды. Қазақ сөз өнерінің шебері әңгіме барысында кезінде өзі көмектесткен азаматтардың атын аттап, бүгінде олардың қайырылмай кеткенін, елде қалыптасқан келеңсіздіктерді, рухани күйзеліске түскен қазақтың жайы мен тілге қатысты да пікірін жайып салды.

«Мемлекеттік сыйлықты 11 рет бермеді»

- Қазақ әдебиетіне том том тарихи туындылар әкелген жазушы көз алдымызға қашанда алып көрінетін. Соқпағы көп жолдармен сүрінбей өткен Софы Сматевты, өзіңізді әлеуметтік желілердегі жазбаларыңыз арқылы соңғы кезде басқа қырынан байқай бастағандаймыз. Классиктің қадірін қоғам бағалаудан қалып бара жатқан сияқты ма? Осы жасқа жеткенде кітап сатуға кіріскеніңіз бізге де ауырлау тиіп тұр...

- 2007 жылы Тасмағамбетовке көмекші болдым. Сол кезде оның демеушілігімен менің шығармаларымның 17 томдығы шықты. Қаланың қазіргі әкімі де 25 томдығымды шығарып берді. 25 томдығымды шығару үшін баспаға 25 миллион теңге бөліпті. Бірақ баспа маған қаламақы төлемеді. Сол қалпы кітаптарым үйіліп жатыр. Сатып жатырмын. Республикадағы 3 қаланың және 14 облыстың әкімдеріне хат жаздым, «мына кітаптарға көмектесіңдер, халыққа жетсін» деп. Сөйтсем жазған хатым ол әкімдердің қолына тимепті. Мәденитет басқармасындағылар хатыма 1978 жылы шыққан «Елім-ай» романының екі данасы бар екенін айтып жауап беріпті. «Кітаптарыңызды ала алмаймыз, алатын болсақ бір жиынтығын алуымыз мүмкін, келіспесеңіз сотқа беріңіз» депті. Мәдениетке жауапты адамдардың өзі осылай деп тұрғанда басқа кім алады, елге қайтып тарайды? Он жыл бұрын 17 томдығым шыққанда кітаптарымды «Атамұра» мен «Алматы кітап» баспасына өз қолыммен апардым он данадан. Екі айдан кейін барсам «Атамұра» оның бір топтамасын 35 мыңнан, «Алматы кітап» 45 мың теңгеден сатыпты. Ондай қымбат кітапты кім алады? Өзім шығарттым, олардан шығын шыққан жоқ, сонда да 2,5 есеге қымбатқа сатқан. Кітап әрине өтпейді, кітап оқитын жастардың, студенттердің шамасы жетпейді. Сонымен қазір өзім сатып жатырмын.

- Тікелей өзіңіз сатып жатқан кітаптарыңызды алушылар көп пе?

- Қоғам жазушылардың еңбегін керек қылмайды. Кітабымды басында 20 мың теңге дедім, қазір 12 мыңға түсірдім. Содан бері 12 дана топтамасы өтті. Әлі үйде, баспада 50 мыңдай кітап жатыр. Қазақ кітап оқуды қойыпты. Облыс әкімдері кітаптарымды керек қылмады. 2009 жылдан бері 9 кітап жазыппын. Көзімнің тірісінде осыларды шығарып, оқырмандарыма жеткізіп кетейін дегем.

- Сіз қызметтегі адамдарды сынайсыз. Бірақ өзіңізде өмірбақи лауазымды орындарда қызмет жасадыңыз ғой. Шығармаларыңыздан бөлек ұлтқа, тіптен жекелеген адамдарға пайдам тиді деп айта аласыз ба?

- 2009 жылдан бастап шығармашылықпен айналыстым дедім ғой. Кеңес кезінде Жазушылар Одағында 16 жыл, «Жұлдыз» журналында бас редактордың орынбасары болдым. Кітап палатасын басқардым. Орталық Комитетте Колбиннің қасында 4,5 жыл жұмыс істедім. Колбинмен екі рет айқастым. Сонда маған Назарбаев «Сәке бұнымен ұстасып қайтесің? Не партиядан шығарады, не ауру қылады» деп ақыл айтатын. Сонда мен Нұрекеңе, «Мәскеу онсызда біздің сөзімізді сөйлемейді, оданда осында айқасып, айтарымызды айтып қалайық» дейтінмін. Колбин мені «Ұлттық қатынас секторының» меңгерушісі қылып жіберді. Бір күні Колбин бізге «министр, облыс әкімдері тек қазақ, олар қызметінен кетіп немесе қайтыс болса орнына бірінші орынбасары орысты емес, тағыда бесінші немесе алтыншы орынбасарларын, қазақтарды қояды екенсіңдер, өзгертеміз» деді. Сөйтіп ол бір-екі айдың ішінде алты қазақ министрді алып, орындарына алты орысты қойды. Бюро мүшелері бір ауыз қарсы сөз сөйлей алмайтын. Колбин бір кабинетте маған қарсы бетке отыратын. Бір күні жетінші министрді орыс қылды. Екемізде коммунистік партияның мүшесіміз. Бірден қарсы шықтым. Он минуттан соң жетінші министрді қайтадан қазақ қылды. Колбин маған жиында ауызша да ескерту бергісе алмады, өзімнің ұстанымымды сақтап қалдым. Бір аптадан соң әлгі министрді дәлізден көріп, «қызметіңнен құлдырап бара жатқанда арашалап қалдық, бір ауыз рақметің жоқ» дедім. Ол, «кетші-ей» дегенде жағынан шапалақпен тартып қалдым. Сол адам қазір билікте әлі жүр, кім екенін айтпаймын. Бұл Алматыда 1987 жылы болған оқиға. Жазушылар Одағын ұзақ жыл басқарған Нұрлан Оразалинге бірнеше рет көмектескем. Көрші тұрдық бұрын. Ол министрлікте кім көріненге алғы сөз жазып жүргенін, Қуыршақ театрына директор болғысы келетінін, менен басқа бұл жерде сенетін адамды жоқ екенін айтты. Бөлім меңгерушісі болған, қатты сыйласатын Шайжүнісовке айтып едім, ол тыңдамаған соң Қазақстан Компартиясының үшінші хатшысы болып тұрған Кәкімжан Қазыбаевқа кірдім. Сөйтіп Оразалин теарда 2,5 жыл директор болды. Тағы бірде жолымды тосып, Әзірбайжан Мәмбетовтың орынбасары болғысы келетінін айтты. Содан Зақаш Камалиденовке (1985-88 жылдары Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің идеология жөніндегі хатшысы қызметін атқарған) бардым. Ешқайсысы оны жақтырмасада көрші екенімді айтып, көндіретінмін. Кейін Оразалин Одақтың төрағасы болғанда мені жиналысқа да шақырмайтын болды. Бұрын Одақты басқарған төрағалар жазушыларды іздеп, ақылдасып отыратын. Ол үлкенді аға деп, кішіні іні деп сыйлай алмады. Өзіне «әскер» жинады, кітабы да шықпаған, ешкім танымайтын 200 адамды Одаққа мүшелікке қабылдады.

Махмұд Қасымбековпен бірге жұмыс жасағам 1987 жылы. «Софы аға, мені Зақаш Камалиденов жұмыстан шығаратын болды» деп бір күні келіп тұр. Сосын Зақашқа (ҚКОК үшінші хатшысы) бардым. «Бір қазақтың баласы, ертең жұмыс таба алмай қаңғып кетеді, қалдырсаңыз» деп алып қалғам. Кейін оның қызметі үнемі өсіп отырды. Қазір сол Қасымбеков ұлын да, қызында қызметке қойды. Ұлы Қарағанды облысының әкімі. Оған «болмағанда кітабымың 100 данасын алсаңдар» дедім, алмады, қайыр жоқ.

- Аға, Сіздің осы жолы шыққан 25 томдығыңызға сыни кіпірлер мен аудармаларыңыз сыймай қалыпты. Айтпағым соншама көп кітап, көркем туындылар жазғанда еңбегіңіз өз ойыңыздағыдай бағаланды деп санайсыз ба?

- «Жылдың ең үздік кітабы» деген болады. «Жылдың үздік шығармасы» деген бар. Одақта 800 ақын-жазушы болса, солардың 29 ғана осы атақты алған. С.Мұқанов ол атақты бір рет, М. Әуезов екі рет, Ғ.Мүсірепов бір рет, О. Сүлейменов екі рет, С.Мұратбеков бір рет алған. Менің шығармам осы атаққа 11 рет ұсынылғанда барлығында құлатты, мемлекеттік сыйлықты бермеді. Құлатқан Әбдіжамал Нұрпейісов пен Әбіш Кекілбаев. Бірі комиссияның төрағасы, екіншісі хатшысы болып тұрды. Төсін ұрып жүрген жазушы «Қан мен терді» 27 рет шығарды. Бір орыс жоқ жерден, радиусы 500 км аумақты құрайтын жерден революценер шығарады. Ол «Тынық Дон» романының көшірмесі. Небәрі 8 том кітап жазсада барлық атақты алып отыр. 2001 жылы бір ғана кітабым шықты, онда да қаламақы да берген жоқ.

«Жазушылар Одағының төрағасы той тойлаудан босамай жүр»

- Халықаралық «Алаш» сыйлығын алдыңыз ғой. «Парасат», «Құрмет» ордендерімен марапатталдыңыз...

- «Құрмет» орденін Кітап палатасын басқарым тұрғанымда Алтынбек Сәрсенбаев алып берді. Тоқсаныншы жылдардың басында «Алаш» сыйлығы Ғафу Қайырбековтың ұсынысымен берілген. Бірде бір рет мемлекеттік сыйлықты бермеді. «Елім-ай» романының үш кітабы, өлеңмен жазылған «Жарылғап батыр» романы, «Біз құлмыз ба, кімбіз?» романы, «Мұңлы ойлар» философиялық эстетикалық кітабым, одан кейін «Ағаларым - жағаларым, інілерім- ірілерім», «Мен тірімін» атты психологиялық поэмаларым. Міне осындай өзгеде шығармаларым жылдың ең үздік кітабына ұсынылған. Мінеки осылардың біреуіне де мемекеттік сыйлық берілмеді. Кім көрінген алып жатқан «Еңбек сіңірген қайратері» атағын да бермеді. Жазушылар Одағынан осы күнге дейін бір мақтау грамматосын алған емеспін. Сол Одақтың керегі жоқ. Одақтан бөлек жүріп ақ 26 кітап жазыппын. Жазушылар Одағынан мүлдем қайыр жоқ. Одақтың төрағасы ауысқанмен, жүйесі сол қалпы. Қазіргі төрағасы той тойлаудан қолы босамай жүр. Ана жақтағы тойға, мына жақтағы тойға кетеді.

- Аға ұзақ жыл отасқан жұбайыңызды сағынып, жалғызсырап отырғаныңыз көрініп тұр. Үйдегі дүниелер мен мына жазу бөлмеңізге сыймай жүрген сияқтысыз... Бізге көз тиді дегенді де айтып қалдыңыз?

- 80 жылдығым Алматыдағы драма театрда өтті. Тоқаев 85 жасқа толған Олжас Сүлейменов пен менің 80 жылдығымды ресми тойлауға рұқсат берген. Мерейтойым жақсы өтті. Тікелей эфирден 4,5 млн адам көрді. Сахнада өз шығармам бойынша актерлық рөл ойнадым. Көз тиді деп топшылаймын. Осы мерейтойдан кейін жұбайым екемізде ковид жұқтырып, ауруханаға түстік. Жұбайымның қайтыс болуына менің амбициям тікелей себеп болды деп санаймын. Мен басқалар сияқты театрда мерейтойымды өткізбей, мейрамханада той жасамай, үйде тыныш отырсам бізге короновирус жұқпас па еді? Үйде жұбайым шайымды қайнатып отырар ма еді? Қартайғанда, жасым 81 кеткенде жемтім шал атандым. Мына үш қабатты үйде қазір үш бойдақ қана қалдық (жазушы көзіне жас алды), мен, ұлым және немерем. Үш жетімбіз. Ешкім қарамайды. Жазушылар Одағы хабарласпақ түгіл, әйелім қайтыс болғанда көңіл айтуға жарамады. Маған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев, Қырымбек Көшербаев, Қарғанды облысының әкімі, Алматының әкімі көңіл айтты. Ал Жазушылар Одағында бес-алты бастық бар, солардың біреуі көңіл айтпады.

«Жазушылар, зиялылар қызметтегі балалары үшін үндемейді»

- Аға, тағы бір ауырлау сұрақ қойсам.. Елде жерге қатысты, тілге, аналарға қатысты түрлі даулы, таласқа толы оқиғалар көп болды. Қоғамға пікір білдіріп, халыққа ақыл айтатын аузы дуалы, сөзіне сендіре алатын адам қалмағандай. Өздеріңіздей зиялы қауым үнсіз қалды деген сын-пікірлер де көп айтылады. Кеңестік заманынң өзінде тілге, жерге қатысты ашық пікір білдірген алыптарымыз болды. Қазіргі зиялы қауымға не болған?

- 2005-2007 жылдарға дейін мен митинг, жиындарға барып сөйлейтінмін. Бірақ сөйлегеніңді тыңдайтын адам жоқ. Сол жердегі 400-500 адамнан аспайды. Тұтас халыққа үнің жетпйді, тұтас халық естімейді. Құлақ жабық, кеуделері бітеу. Жастар зиялы қауым қайда? Олар неге үнсіз, неге үн қоспайды? деп ойлайды. Көп жазушы, зиялылардың балалары жақсы қызметте. Ол рас. Соларға зияны, кесірі тимесін деп үн қатпайды. Мысалы, мына ЖО ұзақ жыл басқарған, төраға болған Оразалиннің, Ә. Кекілбаевтың, өзгеде ақын-жазушылардың балалары жоғары, лауазымды қызметте. Тамыр-таныстықпен жақсы қызметтерге орналастырды, енді сол балаларына кесірі тимесін деп үндемейді. Мен беделімді сатып бір балама да қызмет сұраған емеспін. Екі ұл, бір қызым бар. Тіптен екі немеремді ақша төлеп Барсенолада оқыттық. Осында біреуі әлі жұмыссыз жүр.

«Тілдің проблемасын қолында билігі жоқ қазақтар ғана айтады»

- Тіл тартысы әліде тоқтаған жоқ қой. Алдыңғы күндері ана тіліміздің жағдайы оңалады дегенге сене аламыз ба?

- Басқа мемлекеттермен, анау Балтық жағалауындағы елдермен, кавказдықтармен, тіптен мына өзбек, тәжік, түркімен, қырғыздармен салыстырғанда қазақ тілі езгіде жүрген сияқты. Қазақ тілі әлі есіктен сығалаған қалпы тұр. Төрге шыққан жоқ. Тілдің мәселесін қолында билігі жоқ қазақтар ғана айтып жүр. Батыл өзгерістер әкелмей тілде тұғырына қонбайды, қазақта қайыршы кейпінен айырылмайды. Егемендік, Тәуелсіздік деген қазір бізде тырнақшаның ішінде қалды. Толық тәуелсіз емеспіз.

- Өзіңіз айтып отырған кітап оқымайтын қоғам, қауымның арасында Сәкенді, Мұқановқа қатысты түрлі сыни пікірлер айтылып жатады. Сіз өткен ғасырдың 60-80 жылдарындағы қазақтың алыптарын көрген адамсыз. Мысалы, Тұрсын Жұртпай ағамыз алаш қайраткерлері туралы даулы пікірлерді қоғам ортасына тастап тұратыны бар. Сол тұлғалар төңірегінде айтылған сөздерге қалай қарайсыз?

Сәкенді қаралау – сұлулықты қаралау! Азаматтықты қаралау. Сәкен - тазалықтың символы! Сәкен қазақ тілін мемлекеттік деңгейде жүргізуге жеткізген, 24-25 жылдары қызметте жүргенде «казак –киргиз» деген кемсітпеден ремси түрде қазақ деген ұлттық атауды алып берген тұлға. Мен бұл тұлғаларды қаралауға түпкілікті қарсымын. «Сәкен бір келіншекті алып кетіпті», «мына әйелді әкетіп қорлапты» дегеннің бәрі бос сөз. Сұлулыққа табыну, сұлулыққа сүйсіну, сұлулыққа сұқтану деген бар. Ол әйелдердің өздері де келуі мүмкін ғой. Сол сияқты Сәбит Мұқановты да қаралауға қарсымын. «Сәбең ана адамды көрсетті», «Мынаның ұсталуына көмектесіп, өзі аман есен қалды» дейді. Ол кезде бірін бірі көрсету деген өте көп болған. Жиналыстарда айтып қалады. ЖО төрағасы, үндемесе «сен қайда қарап отырсың?» деген таяқ өзіне де тиеді. Қазақ тек өзінікін ғана жақтап, өзінікін ғана мақтап сөйлейді. Сондықтан екі-үш рет азаматтарға қарата айтса айтқан шығар. Бірақ құшақ құқаш арыз жазған жоқ. Сонда да Сәбитті шұқып, түртіп, оны әлі күнге дейін көрсетіп жатудың түкке де қажеті жоқ. Қазақтың жазушыларын, қазақтың мықтыларын жамандап көрсету – ол тектен айыру деген сөз. Сондықтан кекті қойып, тектілікті сақтауымыз керек. Тектілік бар жерде қайырымдылық, жақсылық жүреді. Осының бәрін түртпектеп шығара беретіннің бірі өзің айтқан, ғалым болып жүрген Тұрсын Жұртбай. Оның өзіне де айттым, қойсаңшы деп. Сол кездегі қайраткерлерді түртпектей беру, кемшіліктерін тауып жаза берудің еш қажеті жоқ.

«5,5 млн қарызбын»

- Қомақты қарызыңыз бар екен. Атағы алысқа кеткен жазушының қарызға батып жүруін соншалықты түсіне алмай отырмын...

- Кеңсайдағы марқұм әйелім Шәмшияның басына күмбез, құлыптас қойдырам,оны мәрмәрмен қаптайды. 5,5 млн теңге қарызбын. Қабірдің іргетасын құюға, қалауға 1 млн теңге сұрады. Өз қалатмада ақша жоқ, 3 млн қарыз алып төледім. Әлі 2,5 млн теңгесін тауып беруім керек. Тым болмағада туған жерім Қарағанды облысынан біреу хабарласпады. Софы аға, жағдайың қалай? деп біреуі сұрауға жарамады. Кеңсайда құлыптасты тұрғызуға сырттан жұмысшыларды кіргізбейді. Егер басқа жақтан құрылысшыларды жалдасам арзанға түседі екен. Сосын кітаптарымды сатып, қарыздан құтылсам деп жүрген жайым бар. Олда өтпей жатыр.

«Қазақ рухтан айырылған»

- Қоғамнан, қазағыңыздан біржолата көңіліңіз қалғандай түңіле сөйлеп отырсыз. Күйзеле берсеңіз денсаулығыңызға зиян ғой...

- Екі рет инсульт, алты рет инфаркт алғам. Қылтамақ болып, асқазанымды алғызып тастағам. Миымдағы ойым тілімнің ұшына келмейді. Сонда да 26 шілдеге дейін мен лепірген, барлық арманым орындалатындай, армандарыма жетуге тырысып жүруші едім. Қазір менде ешқандай мақсатта, тілекте, арманда жоқ сияқты көрінеді. Өйткені маған қол ұшын созатын қоғамда жоқ, қол ұшын созатын ағам-інімде жоқ. Билікте отырған азматтарда жоқ көмек беретін. Сондықтан мен қазір түңілудің үстінде жүрген адаммын. Бәрінен жеріген, жерінген адаммын. Кейде мен кетіп, Шәмшиям қалу керек еді, мен неге қалып қойдым? деп ойлаймын. Осындай дүдамал күдіктермен өмір сүріп, өзімді улап жатырмын. Қазір қоғамға қарсылық та танытпаймын, құшақ жайып адамгершілік те танытпаймын. Қоғам бөлем, мен бөлек қалған адаммын. Мен әкімдерден түңілген соң қазағыма сендім. Қазағым, халқым менің кітаптарымды оқиды, алып кетеді деп ойладым. Мың дана кітапты мың адам талап кетеді деп сендім. Кітап оқымайтын қазағыма қарным ашады. Қазір нан сұраған аш бала сияқтымын. Мен қол жайып отырған жоқпын, қайыршы емеспін. Қазақ рухани әлсіреудің үстінде. Рухынан айырылған халық сенің бар, не жоқ екеніңді ескермейді. Рухтан айырылды қазақ. Халықтың көкірегі бітеу, аузы жабық, көзінде кіреуке бар.

- Аға, сұхбатыңызға көп рахмет. Сау болыңыз!

Сұхбаттасқан Дина Литпин

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер