«Бірлік – береке бастауы» жобасы этносаралық бейбітшілікті үндейді

472

Әртүрлі тарихи, әлеуметтік, саяси себептерге байланысты елімізде бірнеше ұлт өкілі қоныстанып, бірнеше ұлт басын қосты. Бүгінгі таңда Қазақстанда 130-дан астам ұлт пен ұлыс өмір сүруде. Осы ұлт өкілдері үшін қазақ жері жерұйыққа айналды. Қазақстанның көпұлтты мемлекетке айналып, бір шаңырақ астында бейбіт өмір сүруі – еліміздің басты жетістігі.

Десе де, елімізде ұлтараздық түсініспеушіліктер, этносаралық қақтығыстар орын алып жатады. Оған «Қордай қырқысы», Пенжімдегі оқиға дәлел. Мұндай қақтығыстар еліміздің тұтастылығы мен бірлігіне нұқсан келтіруі мүмкін. Осы оқиғаларға қатысты «Қазақстанның ұйғыр жастары одағының» төрағасы Рустам Кайрыев былай деп пікір білдірді:

«Мұндай қақтығыстар тұрмыстық, әлеуметтік мәселелерден туындайды. Бірақ еліміздегі ұлттардың, этностардың бір-біріне деген жеккөру сезімі жоқ. Бір ұлтқа белгілі бір қысым жасалып жатқан жоқ. Әлеуметтік желілерде оны ушықтырып, басқа жағынан көрсететіндер көп. Алайда «жаман ұлт болмайды, жаман адам болатынын» ұмытпайық! Тату-тәтті өмір сүрейік!».

Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының тапсырысымен «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігінің ұйымдастырып жатқан “Бірлік - береке бастауы” жобасы да елді бірлікке шақырады. Жоба аясында өзге этнос өкілдерін қолдап, олардың қазақ тілін меңгеруіне жағдай жасалды, түрлі жарыстар өткізілді. «Жаңғыру жолы» өңірлік штабының мүшесі Чепель Владимирмен кездесу өтіп, мемлекеттік тілдің маңыздылығы талқыланды. Жастар толеранттылық ұғымымен таныс болып, Қазақстан халқы Ассамблеясы өкілдерімен таныс болды.

Мұндай шаралар тек бір жоба көлемінде шектелмей, жалғасын тапса игі. Өйткені «Бірлігі мықты ел озады» демекші, халық және этносаралық жағдайымыз оңды болғанда, белестерді бағындырамыз.

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер
Редакция таңдауы