Қазақ зиялыларының ескерткіші қоқыста шашылып жатыр

3215
Adyrna.kz Telegram

Солтүстік Қазақстан облысындағы мәдениет және демалыс саябағында тұрған қазақ зиялыларының ескерткіші қазір қоқыста шашылып жатыр. Бұл туралы “Адырна” ұлттық порталы 31-арнаға сілтеме жасап хабарлайды. 

Петропавлдағы қалалық мәдениет үйін артындағы қоқыс алаңында ақын-жазушылардың ескерткіштері қойылған тас-тұғырлары қирап, шашылып жатыр. Ал алты ескерткіш ешкімге керек болмаған күйі жаздың басынан бері тұр екен. 

Солардың ішінде күллі түркі әлемінің өзі мойындаған Мағжан, әйгілі саяхатшы Шоқан мен академик Қаныш Сәтбаев, атақты қолбасшы Қожаберген жырау және Евней Бөкетовтің бейнесі бүлініп, кейбірінің қабағы жарылып кеткен. Қазақ зиялыларының тас мүсіндерінің маңына кейбіреулер құрылыс пен тұрмыстық қалдықтарды төккен. Бұны көрген тұрғындар қазақ руханиятына жасалған қиянат деп, қатаң жазаға тарту керек дейді. 

“Мына жерде бір бейшара, ешкімі жоқ адамдар сияқты, қорғаны жоқ, елі жоқ, жері жоқ адамдар сияқты ескерткіштері шашылып жатыр. Бұл арада неге тұр? Вокзалдың алдында тағы басқа бір көрікті орындарға қоймай ма?” – дейді Петропавл қаласының тұрғыны Жоламан Темірғалиев. 

“Неліктен осындай жоғары құндылықтар қоқыстың маңайында жатыр? Бұны мәдениетті білмеген адамдар жасады деп ойлаймын. Бірақ бұны зерттеу керек, тергеу жұмыстарын жүргізу керек. Бұндай ешқашан қайталанбауы қажет”, – дейді Петропавл қаласының тұрғыны Гүлбақша Мұсабаева.  

Қазақ әдебиетінің қаймағы мен тарихи тұлғаларының құрметіне тастан емес, гипстен жасалған отыз төрт мүсін осыдан он бір жыл бұрын қала күніне орай тұрғызылған. Сол кезде ақсақалдар шу шығарып, тарихи тұлғалардың шынайы бейнесіне ұқсамайтын жиырма екі ескерткішті алдыртып тастаған. Содан бері 34 мүсіннің он екісі ғана қалған еді. Оның алтауы қоқыста жатса, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов сынды тұлғалардың ескерткіштері ізім-ғайым жоғалып кеткен.

“Мүсіндердің астындағы тұғыр бүлініп кеткендіктен уақытша осында тұр. Қазір оларды жөндейтін ақша саналып жатыр. Саналған соң оны бюджетке енгіземіз”, – дейді Петропавл қаласы ішкі саясат бөлімінің басшысы Азат Ибраев. 

Он бір жыл бұрын ақын-жазушылардың адам баласына ұқсамайтын бейнесін көрген кезде жағасын ұстағандардың бірі - қоғам белсендісі Өмір Есқали еді. Ол билік қала күніне орай асығыс орнатқан ескерткіштерді басқа планетадан келген ергежейлілер секілді салған дейді. 

“Соның ішінен Сәбит Мұқановты және бір-екі адамды ғана таныдық. Қалғандарын тану өте қиын. Өз-өзіне ұқсамайды. Бірінің денесінен аяқ бітімі бөлек, біреуінің бойы ергежейлі. Аяғы келмейді, 45-ші өлшемді пима ма, бірдеңе кигізіп қойған. Біреуінің костюмі шолақ, біреуінің шалбары шолақ. Сөйтіп күлкіге қалды”, -дейді қоғам белсендісі Өмір Есқали.

Осылайша өзі солтүстікте бар санаулы ескерткіштердің сапасы ешбір сын көтермейді дейді ол. Ал жергілікті шенеуніктердің бүгінгі әрекеті жастар үшін қандай үлгі болады деп күйініп отыр. 

“Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер