Tengenomika телеграмм-арнасының авторы Ғалымжан Айтқазин Қазақстандағы жанар-жағармайдың бағасын көрші мемлекеттермен бір деңгейге теңестіру арқылы елдегі жанармай бағасына қысымды төмендетуге болады деп есептейді. Бұл туралы экономист өзінің телеграм-арнасында жазды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Ғалымжан Айтқазиннің пікірінше, көрші елдермен арадағы отын бағасындағы теңсіздік – ЖЖМ тапшылығының негізгі себептерінің бірі.
- Бұл мәселені шешу жолдарының бірі Қазақстанда жанар-жағармай бағасын көрші мемлекеттермен бір деңгейге біртіндеп көтеру және теңестіру болары анық. Сондай-ақ Қазақстанның 2025 жылы ЕАЭО бірыңғай энергия нарығына көшуі де қосымша фактор болуы мүмкін, – деп атап өтті экономист.
Ол отын бағасын кезең-кезеңімен көтеруді акциздерді ұлғайту арқылы жүзеге асырылатынын атап өтті. Бұл мемлекетке салық түсімдерін ұлғайтып, басқа салаларға жіберуге мүмкіндік береді. Өткен жылдың басында Қазақстан Үкіметі өндірушілердің бензинді көтерме сату акцизін тоннасына 10,500 теңгеден 24,435 теңгеге дейін көтерді.
Сондай-ақ экономист отын бағасын жүйелеу арқылы жанар-жағармайдың көрші елдерге жөнелтуіне нүкте қойылатынын, сәйкесінше жанармай тапшылығын түбейгейлі жойылатынын сенімді түрде жеткізді.
- Осылайша, ішкі нарықтағы проинфляциялық фактордың біртіндеп жойылуы орта мерзімді кезеңде Қазақстандағы жанармай бағаларына қатысты жағдайды тұрақтандыруға мүмкіндік береді, - деп түйіндеді ол.
Айта кетейік, бұдан бұрын OilGazProject ЖШС-нің директоры, экономист Жарас Ахметов Қазақстанда бензин бағасының өсетінін, бірақ үкіметтің бензин бағасын 200-220 теңге шамасында ұстап тұруға мүмкіндігі бар екенін болжаған еді.
"Адырна" ұлттық порталы