Баланы қоқыс жәшігіне тастау, әжетханаға лақтырып кету, көше бойына қалдыру... Иә бұл сұмдықтың барлығы қазіргі қоғамда орын алып жатқан жағдайлар. «Адырна» ұлттық порталының бүгінгі кейіпкері осыдан 6 жыл бұрын Құлсары қаласында анасы әжетханаға босанып, тастап кеткен сәбиді дер кезінде құтқарып алған полиция лейтенанты Амангелді Мұқашев.
Амангелді Мұқашев - Атырау облысы Жылыой ауданының аға тергеушісі қызметін атқарады. 2015 жылдың 7 шілдесінде Құлсары қаласындағы тұрғын үй әжетхаларының бірінен жаңа туған сәбиді дер кезінде құтқарып, ажалдан арашалап қалды. «Адырна» тілшісі кейіпкерімізден оқиғаны тереңірек білгісі келді.
Сол бір сәт
-Баланы құтқару кезінде қандай күйде болдыңыз? Сол бір сәтті еске түсірсек...
-Менің кезекшілігім болатын. Хабар келіп түскен соң, дереу оқиға орнына бет алдық. Біраз адам әжетхана жанына жиналып қалған екен. Шыны керек, ойланып тұруға еш уақыт болған жоқ. Бар ойым баланы құтқару еді. Лезде әжетхананы бұзып, баланы алып шықтым. Құдайдың да құдіреті мықты ғой. Сәби нәжістің үстіне емес, үйілген топырақ бетінде жатыр екен...
-Мұмкін жедел жетпегеніңізде сәби әжетханада тұншығып қалар ма еді? Адам өмірін құтқару дәл сізге бұйырғаны құдайдан бұйрық ретінде қабылдайсыз ба?
-Баланы алып шығамын деп 1 минутқа кіргенім сол еді, қатты тұншықтым. Қайта сәби жаялыққа оралған күйінде болды. Менің орнымда кез-келген адам осылай бірден көмек қолын созушы еді. Мен – полицеймін. Сондықтан, ол менің азаматтық міндетім. Әрі қызметтік парызым.
Мен де әкемін. Шырылдаған сәбидің даусын естіген бойда құтқарудан басқа ештеңе ойлай алмадым.
-Бұл ісіңіз жұмыста да, өмірде де көп адамға үлгі бола білді. Сәбиді дін-аман алып шықтыңыз. Қазір мектеп қабырғасын аттаған болар. Өмірін ажалдан арашалап қалған мына сіз туралы бала білуі керек сыңайлы. Әжесі қамқорлыққа алған екен. Хабарласып, хал-жағдайын біліп тұрасыз ба?
Әрине. Қазір баламен арнайы хабарласып тұрамын. Керек жарағына көмектесіп, ойыншықтарын әперіп дегендей. Арасында бір қойды құрбандыққа шалып апарып тұрамын. Қолымнан келгенше көмектесіп жүрмін. Анасымен хабарласып, ақшалай да қол ұшын берген сәттерім болды.
-Баланың анасы қайда? Қандайда бір жаза қолданылды ма?
-Анасы 1993 жылғы азаматша. Ақыл-есінің дамуы тежелген, ауытқуы бар. Тіпті өзінің екіқабат екенін де білмеген. Бастапқыда әжесі бағымға алған еді. Қазір анасымен бірге тұрып жатыр. Ақыл-есінде ауытқу болғандықтан ешқандай жаза қолданылмады. Осы қызметке келгелі мұндай жағдайға жолыққаным бірінші рет. Сәбиді сыртқа тастау деген сұмдық нәрсе!
-Осы оқиға өміріңізге қандай ой салды? Өміріңізде өзгерістер орын алды ма?
-Өзгеріс дегенде сол жылы өзім де сәбилі болдым. Айтарлықтай дәнеге жоқ. Құтқару сәтін міндетім һәм парызым ретінде қабылдаймын. Өйткені менің қызметім осы салада.
-Арада 6 жыл өтті. Осыған ұқсас жағдайлар тіркелді ме?
-Қазір тыныш. Енді орын алмая қойсын деп тілейік.
Өзіңіздей қызметіне адал адамдар көп болғай! Әңгімелескеніңізге көп рақмет!
Інжу ӨМІРЗАҚ,
"Адырна" ұлттық порталы