Белгілі жазушы, драматург Софы Сматаев өзінің фейсбук парақшасында жеке кітапханасындағы кітаптарды жанашыр оқырмандарға таратып жатқандығын жазып, жазба қалдырды деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
"Менің екі қабат үйімнің бір қабатында сіресіп қалаулы тұрған 20250 (810 комплект) кітабымды марқұм Шахминам: “Оқырмандарыңа арзандатып жөнелтсеңші. Аяқ алып жүре алмаймыз” деп кейитін.
Кітаптарыма сұраныс беруін өтініп барлық облыс әкімдеріне хат жазып жібергем. Хатым әкімдердің қолына тимей, мәдениет басқармасындағылардың: “1 не 2 комплектісін алып қалармыз. Жауабымызға келіспеген жағдайда бізді сотқа беруге құқыңыз бар” дейтін “отпискамен” өзіме оралды.
Ендігі бар мүмкіндік сіздерге ғана тіреліп тұр, достар. Бірақ… Бір айдан астам уақыт ішінде әлгі 20250 кітаптың 9 (тоғыз!) топтамасын (Алматы-4, басқа қаладағылар -5) алды. 20250 яғни 801 топтамам мұрты да бұзылмай үйіліп, үйелеп жатыр.
Сіздер 15 мыңды ауырсынсаңыздар 12 мыңнан берейін. Басқа қаладағылар 12 мың + 1 (поштаға) = 13 мың төлейді.
Менің қазіргі қарызым 5 миллион теңгенің үстінде. Неге қарызданғанымды сезетін шығарсыздар.
Соны өтеудің бірден бір жолы – кітаптарымның тезірек өтуі. Сіздерге, достар, құлаққағыс етуден де шаршадым. Сіздер де менен жалыққан боларсыздар. Шарасыз күйдің шырылдатуы ғой менікі", — жазды (жазушының жазбасын еш өзгеріссіз беріп отырмыз-ред.) С.Сматаев.
Біз оқырман қауымды жазушыға жанашырлық танытып, кітаптарының тезірек өтіп кетуіне қол ұшын беруді сұраймыз.
"Адырна" ұлттық порталы.