Белгілі кәсіпкер, жазушы Құрманғали Ашанұлы өмірден озды

5491
Adyrna.kz Telegram

Белгілі кәсіпкер, жазушы, журналист, ұлт қайраткері Құрманғали Ашанұлы ауырып, дүниеден озды. Қазақ кәсіпкерлігін дамыту туралы "Қазақ кәсіпкерінің әліппесі" атты  кітапты тұңғыш рет жазып, елінің ыстық ықыласына бөленген білімді азамат 65 жасында пәниден бақиға аттанды деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Құрманғали Ашанұлы 1956 жылы Қызылорда  облысы, Жалағаш ауданы, Еңбек ауылында дүниеге  келген.  Ауыл мектебінің 7-сыныбынан  кейін  Алматы қаласындағы №178 қазақ орта мектебін бітіреді . Бірнеше жыл  Алматы қаласында түрлі салада жұмыс атқарады. 1982 жылы Алматы халық шаруашылығы интитутын бітіріп,  республикалық қаржы, сауда министрліктерінде жауапты қызмет атқарған.

1991 жылдан бері  кәсіпкерлікпен айналысып келді. Ал 1995 жылдан Құрманғали Ашанұлы ел мен жер тарихын тереңірек зерттеуді қолға алып, сол ойға түйген ойларын зерттеулерін баспасөздерде жариялап,  оқырманға ой салатын пікірлер айтып жүрді. Атап айтқанда, 2000 жылы оның қаламынан "Мүсірәлі абыз" атты шағын кітапшасы жарық көрді.  Осы кітапты ұлы абызға Қазалыда ескерткіш ашылуы салтанатында тарту етті.

Бұл кітапқа ҚР ҒА академигі , профессор Манаш Қозыбаев "Пірге құрмет – елге құрмет" атты алғысөзінде : "Қорыта келе Құрманғали Ашанұлының аталмыш еңбегі ішіндегі қызықты деректерімен оқырман ықыласына тілі жеңіл , жүрдек оқылатын бұл кітап жұртшылық сұранысын қанағаттандыра алатын публицистикалық туынды қатарына жатқызуға әбден болады",– депті.

Сондай-ақ Құрманғали Ашанұлы шағын бизнес хақында 30 түрлі өз тәжірибесінде кездескен қағиданы бірнеше басылымдарда жариялап, кейін "Қазақ кәсіпкерінің әліппесі" атты кітап жазып, баспадан шығарды. Автордың осы кітабы ел ықыласына бөленіп, Елбасы кітапханасына да қойылған.

Соңғы жылдары жарық көрген оның "Ұлттық мүдде – жеке кәсіпкер" атты кітабы да оқырман жүрегінен орын алып, арысы  Қытай халық республикасындағы басылымдарда, елімізде автор рұқсатымен газет-журналдарда жарияланды.

Бұл ғұмырда Құрманғали Ашанұлы жұбайы Сәулемен бірге үш қыз тәрбиелеп өсірді. Үшеуін де оқытып,  қыздарын қияға қондырды.

"Адырна" ұлттық порталы марқұмның отбасына, жақын-жуығына қайғырып көңіл айтады.

 

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер