«Shymkent 2200: Туристік креативті қала бейнесі» форум-көрмесі қорытындыланды

586

2 күнге созылған «Shymkent 2200: Туристік креативті қала бейнесі» форум-көрмесі қорытындыланды. Қорытынды кешке қала әкімі Мұрат Әйтенов арнайы қатысып, барша қала тұрғындарын 27 қыркүйек – Дүниежүзілік туризм күні мерекесімен құттықтады. Сондай-ақ, форум аясында ұйымдастырылған креативті жобалар конкурсының жеңімпаздары марапатталды.

Shymkent 2200: Туристік креативті қала бейнесі».Осындай атаумен Шымкентте 2 күндік форум-көрме өтті. Қала әкімі Мұрат Әйтенов көрмеге қойылған қаламыздағы креативті жобалар мен туындылармен жеке-дара таныс болды.  Сондай-ақ, қорытынды кеште шаһар басшысы туристік креативті қала қалыптастыру үшін Шымкенттің әлеуеті жететіндігін атап айтты. Ол үшін бүгінгі форумның маңызды екендігіне тоқталды.

Мұрат Әйтенов – Шымкент қаласының әкімі

«Мемлекет басшысы туризм индустриясы экономикалық өсімнің маңызды драйвері болуы тиіс екендігін айтты. Әлемдегі көптеген қалалардың экономикасы туризм табысынан құралады. Осы мүмкіндік Шымкент қаласының даму бағдары болуы керек. Туристік креативті қала қалыптастыру бойынша бүгінгі форум-көрмеде қаламызда туризм индустриясын дамыту мүмкіндіктері қарастырылады.

Форумда креативті индустрияларды дамыту жөніндегі жобалық кеңсенің жетекшісі Данат Жумин, «Salem Coffee» және «Global Coffee» кофеханалар желісінің негізін қалаушы Аят Азимов, Шымкент қалалық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлан Қабыштаев және басқа да туристік қызмет көрсететін кәсіп өкілдері жетістіктерін айтып, идеяларымен бөлісті. Сондай-ақ, көрмеге еліміздің өзге де қалаларынан қонақтар келіп, туындыларды тамашалады.

Ғалымжан Каримов – Нұр-Сұлтан қаласы инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының бөлім басшысы

Расында, жылдан жылға Шымкенттің туризм саласы ілгерілеп, қала экономикасына оң үлес қосып келеді. Ол үшін түрлі шаралар да атқарылуда. Осы бағыттағы жұмыстардың одан әрмен жалғастыру үшін Шымшаһардан еліміздің басқа қалаларына қатынайтын әуе бағыттары кеңеймек. Мұндай сүйінші жаңалықпен қала әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов БАҚ өкілдерімен бөлісті.

Мақұст Исахов – Шымкент қаласы әкімінің орынбасары

«SHYMKENT 2200: ТУРИСТІК КРЕАТИВТІ ҚАЛА БЕЙНЕСІ» КОНКУРСЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ АНЫҚТАЛДЫ

«Shymkent 2200: туристік креативті қала бейнесі» конкурсының жеңімпаздары да осы кеште марапатталды. Барлығы 70-тен аса жоба өтінімі түскен сайыста IT-жоба, креативті архитектура, туризм саласындағы креативті қызметтер, қаланың қолөнер бренды және гастрономия сынды 6 бағыт қамтылған. Шын біліміділер бәсекелескен сайыста Ерназар Байділбаев оза шапқандардың бірі болды. IТ бағытындағы үздік жоба иесі атанған ол бұл жұмысына 1 жылдан астам уақыт бөлген.

Ерназар Байділбаев –« IТ» бағытындағы үздік жоба иесі

Менің жобамның атауы – Шымкент қаласының 3Д туры. Мәселен, қалаға келген қонақтар 1 апта ішінде қаламен толықтай таныса алмауы мүмкін. Сондай жағдайда менің жобам қаламен сырттай 3 Д түрде танысуға мүмкіндік береді.

Туристік креативті қала бейнесін ұсынған азаматтар түрлі сый-сияпаттармен марапатталып, туристік сала өкілдерінен арнайы турларға сертификаттар және мейрамханаларда тамақтану жеңілдіктерін алды. Сондай-ақ,  Іс-шара аясында қалалық туризм және сыртқы байланыстар басқармасы, Нұр-Сұлтан қаласының инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы, Қызылорда облысы кәсіпкерлік және туризм басқармасы, М.Әуезов атындағы ОҚУ арасында, сонымен қатар, «Visit Shymkent» туристік ақпараттық орталығы мен «Тараз туризм», «OCA TRAVEL» туристік агенттігі арасында екі жақты келісімге қол қойылды.

 

Перизат Ортай                     

Пікірлер
Редакция таңдауы