"Ақ жол" фракциясы Ұлттық қор қаржысына зиян келтіргендердің қолдарын "шабуды" ұсынды

3082
Adyrna.kz Telegram

"Ақ жол" демократиялық партиясының фракциясы Ұлттық қор қаржысына зиян келтіргендердің қолдарын шабуды ұсынды. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Азат Перуашев Мәжілістің республикалық бюджетті талқылаған кешегі отырысында мәлімдеді деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

"Ақ жол" демократиялық партиясы он жылдан бері Ұлттық қор қаражатымен тым еркін қарым-қатынасты шектеуге шақырады. Ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында Ұлттық қорға түсетін түсімдер 2020 жылмен салыстырғанда 3 есеге қысқарды, дегенмен биыл мұнай бағасы көптеген жылдармен салыстырмалы түрде рекордтық көрсеткішке жетті", - деді "Ақ жол" ҚДП фракциясының жетекшісі.

Ол Есеп комитетінің ақпараты бойынша, ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында Ұлттық қордың шығыстары түсімдерден де асып кеткенін атап өтті.

"Біз өзгелердің - әлі туылмаған қазақстандықтардың ақшасын жеп жатырмыз. Сонымен қатар, 2022 жылы Ұлттық қордың жинақтары ЖІӨ-нің 30 %-ында төмендемейтін қалдыққа жақындайды, ал 2023-24 жылдары олар осы шектен де шығады деп күтілуде", - деп толықтырды А. Перуашев.

Оның айтуынша, ұсынылған үш жылдық бюджетте Ұлттық қордан берілетін трансферттер сомасын кезең-кезеңімен төмендету қарастырылған. Алайда, бюджеттің жыл сайынғы нақтылануы кезінде бұл сома екі есеге дерлік ұлғаяды (мәселен, 2021 жылға нысаналы трансферт мөлшері 850 млрд. теңгеге ұлғайтылды, дегенмен бастапқыда бюджетте 1 трлн. теңге бекітілген).

"Сонымен қатар, ағымдағы жылы Есеп комитетінің тексерулерінің нәтижелері бойынша триллион теңгеге бюджет қаражатының тиімсіз пайдаланылғаны анықталды. Құрметті аудиторлар мен тәртіп сақшылары, енді жай қол қусырып отырмай, мұндай істер үшін жауаптылардың, образды түрде айтқанда, қолдарын шабу керек шығар. Ал Ұлттық қордың шекті мөлшері шеңберінен шығу болжамына келетін болсақ: бұл болжам үкіметтің жоспары немесе "мақсаты" ретінде емес, алдын алуға тиісті ағымдағы алаңдатарлық  үрдістерді бағалау ретінде қабылдану керек", - деп түйіндеді депутат.

 

"Адырна" ұлттық порталы.

Пікірлер