“Кезек күтуден шаршадық”: елімізде дәрігер тапшылығы білінуде

3367
Adyrna.kz Telegram

Елімізде төрт мыңға жуық дәрігер жетіспейді. Соның кесірінен халық арнайы мамандарға көріну үшін айлап кезек күтуге мәжбүр. Бұл туралы “Адырна” ұлттық порталы 31-арнаның “Информбюро” жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Жас мамандарды әлеуметтік қолдаудың жетіспеушілігінен дәрігерлер бұл саладан да, елден де кетіп жатыр деп топшылайды. Министрліктің мәліметінше қазір елде педиатр, инфекционист, кардиолог, эпидемиолог, пульмонологтар тапшы. Ал жалпы практика дәрігерлері, анестезиолог-реаниматолог, терапевт, акушер-гинеколог тіпті жоқтың қасы.

Дәрігер қабылдауына кіре алмай жүргендердің бірі ақтаулық Әсел. Тұрғын онлайн кезекті кейде бір айға жуық күтуге тура келеді дейді.

“Отадан кейін дәрігерге қайта қаралмақ болған әйел тіпті кезек келген кезде қажетті маман таппай қиналып қаламыз. Өйткені көп аураханаларда дәрігер жетпейді, есесіне емделуші көп”, – дейді ол.

Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасы өңірде 276 дәрігердің жетіспейтінін айтады. Басқармадағылардың айтуынша, баспанамен қамтамасыз ететін әлеуметтік бағдарламалардың барына қарамастан маман тапшылығы жойылмай отыр. Облыста анестезиолог-реаниматолог пен тәжірибелік дәрігерлер аса тапшы болып отыр дейді. 

“Жалпы тәжірибелік дәрігерлер жетіспейді. Ол біздің барлық бастапқы-санитарлық көмек көрсету ұйымдарына қажет. Ақтау қаласы жергілікті бюджет есебінен 75-ке жуық маман интернатурада және резинтурада дайындалып жатыр. Ол мамандар дайындалып келгеннен кейін 5 жыл жұмыс жасап өтейтін болады”, – дейді Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы Айгүл Телегенова. 

Ал еліміздің солтүстігінде ауруханаға емделуге келген науқастардың дәрігерге қаралуының өзі мұң болып тұр. Мұндағы тұрғындар да айлап кезек күтетіндерін айтады. Әсіресе, терапевт, көз дәрігері, гинекологқа қаралу үшін екі ай бұрын кезекке тұру керек екен. Ал, ұзын-сонар кезек күткенде ауруы асқынып бара жатқандар, амалсыздан ақылы емханаларға баруға мәжбүр болғандарын айтады.

”Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер