20 жылда кедейлік деңгейі 9 есеге жуық төмендеді – Еңбек министрлігі

3250
Adyrna.kz Telegram

Халықты әлеуметтік қолдау жөніндегі белсенді шаралардың арқасында 2001-2020 жылдар кезеңінде Қазақстанда кедейлік деңгейі, яғни табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен халықтың үлесі 46,7%-дан 5,3%-ға дейін төмендеді. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Мемлекет басшысының 2019 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру үшін 2020 жылдан бастап қолданыстағы АӘК беру жүйесі түзетілген. Басты бағдар еңбекке ынталандыру, аз қамтылған азаматтардың табыстарын есепке алуға және мемлекеттік қолдау мөлшеріне қатысты ашықтық пен әділдікті қамтамасыз ету болды.

Енгізілген шараларды іске асыру кешенде жүзеге асырылады, мемлекеттік қолдау мыналарды қамтиды:

- көп балалы аналарды қолдау;

- жаңғыртылған АӘК;

- кепілдік берілген әлеуметтік топтама.

АӘК көрсетудің жаңа тәсілдері:

4 және одан да көп кәмелетке толмаған балалары бар көп балалы отбасыларға табысына қарамастан 46 760 теңгеден (4 бала) 186 688 теңгеге (16 бала) дейін сараланған мөлшерде төленетін мемлекеттік жәрдемақы енгізілді. Бұл ретте АӘК шеңберінде балаларға белгіленген төлемдер алынып тасталды.

2021 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша бұл жәрдемақыны орта есеппен 443,5 мың отбасы жалпы сомасы 210,2 млрд теңгеге алды.

Атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің қолданыстағы жүйесі жаңғыртылды:

- тоқсан сайынғы АӘК тағайындау қайтарылды;

- АӘК еңбекке қабілетті алушыларға қойылатын талаптар күшейтілді, яғни олар жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің ұсынылған белсенді шараларынан бас тартқан жағдайда, АӘК алу құқығын отбасының барлық мүшелері жоғалтады;

- учаскелік комиссиялар институты күшейтілді. Олардың қызметінің тиімділігін арттыру үшін отбасының материалдық жағдайына тексеру жүргізу мерзімі 3 күннен 7 күнге дейін ұзартылды.

«Ағымдағы жылдың 1 қазанына АӘК 189 мың отбасына немесе 903,9 мың адамға тағайындалды, оның ішінде шартсыз ақшалай көмек – 129,2 мың адам немесе барлық АӘК алушылардың 14,3% - ы (35,7 мың отбасы), шартты ақшалай көмек – 774,7 адам немесе 85,7% (153,3 мың отбасы).

Шартты ақшалай көмек алатын еңбекке қабілетті АӘК алушылар санынан (252,5 мың адам) жұмыспен қамтылғандар мен жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тартылғандар саны 176,6 мың адамды немесе 69,9% – ды құрады», – деді Асқар Ниязов.

Оқу орны бойынша тегін тамақтануды, қалалық қоғамдық көлікте жеңілдікпен жол жүруді, мектеп формасымен және керек – жарақтармен қамтамасыз етуді, мектеп жасына дейінгі балалар үшін азық – түлік жиынтықтарымен және гигиеналық керек-жарақтармен қамтамасыз етуді көздейтін 1 жастан 18 жасқа дейінгі аз қамтылған отбасылар қатарындағы балалар үшін кепілдік берілген әлеуметтік топтама енгізілді.

Ағымдағы жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша әлеуметтік топтама алушылардың саны 450,3 мың баланы құрады, оның ішінде 1 – ден 6 жасқа дейінгі балалар – 230,5 мың, мектеп жасындағы балалар – 219,8 мың.

Жалпы, республика бойынша 2021 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша 55,4 млрд теңге төленді, оның ішінде АӘК – 47,2 млрд теңге, әлеуметтік топтама – 8,2 млрд теңге.

«Еңбекке ынталандыруға және табысы аз отбасылардың өмірлік қиын жағдайды еңсеруіне бағытталған енгізілген шаралар АӘК алушылар санын 2,3 есеге – 2019 жылғы 2 млн 177,2 мың адамнан 2020 жылы 936,2 мың адамға дейін төмендетуге мүмкіндік берді.

Жалпы, жаңа тәсілдер табысы аз азаматтарға көмек көрсетудің атаулылығын, ашықтығын және әділдігін қамтамасыз етуге мүмкіндік берді және оларға еңбекке жаңа ынталандыру береді», – деп түйіндеді Асқар Ниязов.

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер