Қазақстанның әл-ауқатын арттыруға арналған арнайы жоба әзірленді

2636
Adyrna.kz Telegram

Ұлттық экономика министрлігі мемлекеттік органдармен (ИИДМ, ЭМ, ИСМ, ЭГТРМ) бірлесіп «Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған орнықты экономикалық өсу» ұлттық жобасын әзірледі, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Ұлттық экономика министрлігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Ұлттық жобаның бірінші бағыты – бұл шикізаттық емес секторға инвестициялардың өсуі, сондай-ақ құн жасаудың жаһандық және өңірлік тізбектеріне кіру негізінде экономиканы әртараптандыру.

Екінші бағыты - өнімділігі жоғары жұмыс орындарын құру арқылы халық табысының өсуі.

Үшінші бағыты - төмен көміртекті даму трендін ескере отырып, ЖЭК базасында электргенерацияның озық дамуы.

Жоба 5 бағыттан тұрады,  6 негізгі міндет және 13 көрсеткіш айқындалған:

Индустриялық-инновациялық даму;

Мұнай-газ химиясы кешенін дамыту;

Геологиялық зерттеулерді дамыту;

Энергетикалық кешенді дамыту;

Шикізаттық емес экспортты ілгерілету.

«Индустриялық-инновациялық даму» бойынша бірінші бағытта екі негізгі міндет айқындалды:

1) өңдеуші өнеркәсіп кәсіпорындарын технологиялық жаңғырту;

2) өндіріс көлемін ұлғайту және өңдеу өнеркәсібі тауарларының номенклатурасын кеңейту.

Бұл үшін кәсіпорындардың жаңа технологияларды сатып алуға және енгізуге, жабдықтарды монтаждауға және іске қосу-жөндеу жұмыстарына, сондай-ақ біліктілікті арттыруға, технологиялық жабдықтарды сатып алуға және кредит беру, оның ішінде лизинг шарттарын жақсартуға арналған шығындарын өтеу жөніндегі кешенді шаралар әзірленетін болады.

Осылайша, 2025 жылға дейін цифрлық технологияларды пайдаланатын өңдеу өнеркәсібіндегі кәсіпорындардың үлесін 23%-ға дейін жеткізу жоспарлануда. 2025 жылы жабдықтар мен машиналарға негізгі капиталға салынған инвестициялар 1 трлн. теңгелен астам.

«Өндіріс көлемін ұлғайту және өңдеу өнеркәсібі тауарларының номенклатурасын кеңейту» міндеті шеңберінде 418 индустриялық жобаны іске асыру жоспарлануда.

2025 жылға қарай  негізгі капиталға 11 триллионнан астам теңге инвестиция тартылады, сондай-ақ өңдеу өнеркәсібінің өнімін экспорттау көлемі 24 млрд. АҚШ. долларына  ұлғаяды. Құрылған жаңа жоғары білікті жұмыс орындарының саны шамамен 100 мыңды құрайды.

2025 жылға дейін іске қосу жоспарланған ірі жобалардың мысалдары: "Monterra Qasaqstan" ЖШС, "Еврохим-Қаратау" ЖШС, "Мега Смарт" ЖШС, "KamLit KZ" ЖШС және басқалары. Бұл ретте республикалық деңгейде 50 негізгі жоба айқындалды.

«Мұнай-газ химиясы кешенін дамыту» бағыты бойынша сыртқы сұранысты қанағаттандыру үшін ірі жоғары технологиялық мұнай-газ химиясы өндірістері енгізілетін болады.

2025 жылға қарай 5 мұнай-газ химия зауытын пайдалануға беру.

1) полипропилен өндірісі;

2) бензин мен полипропиленге арналған қоспа өндірісі;

3) метанол өндірісі;

4) полиэтилентерефталат өндірісі;

5) Қашаған кен орны шикізаты базасындағы газ өңдеу зауыты.

Нәтижесінде мұнай-газ химиясы өнімдерін өндіру көлемі 360 мыңнан 2 млн.тоннаға дейін 5 есеге ұлғаяды, сондай-ақ экспорт 9 есеге (0,15-тен 1,4 млрд.АҚШ долл) өседі.

Геологиялық барлау саласын дамыту инвестициялық тартымдылықты арттыруға және геологиялық материалдарды сақтау мен өңдеу бойынша қазіргі заманғы инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге бағытталатын болады.

Аумақтың геологиялық зерттелуін қамту 683,9 мың шаршы км-ге (1576,5-тен 2 260,4 мың шаршы км-ге дейін) ұлғаяды. Бір қор қоймасы,

2 керн қоймасы салынады және 4 керн қоймасы жөнделетін болады.

Төртінші бағыт экономика мен халықтың өсіп келе жатқан қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында энергетикалық кешенді жаңғыртуды көздейді.

2025 жылға дейін жұмыс істеп тұрған электр станцияларын жаңғырту есебінен 5 404 МВт қосымша қуаттарды, оның ішінде 2 400 МВт ЖЭК қуаттарын, 1 400 МВт бу – газ қондырғыларын және 1 604 МВт іске қосу жоспарлануда.

Сондай-ақ, Батыс Қазақстан, Атырау және Маңғыстау облыстары арасында екінші тізбек (220 кВ) салу жоспарлануда.

Қабылданған шаралардың нәтижесінде электр энергиясын өндірудің жалпы көлеміндегі ЖЭК-тен алынатын электр энергиясының үлесі 6%-ға жетеді. Жобаларды іске қосу экономиканың электр энергиясына қажеттілігін 120 млрд.кВтс дейін өтеуді қамтамасыз етеді.

Шикізаттық емес экспортты ілгерілету бағыты бойынша шикізаттық емес экспорт көлемін 41 млрд. АҚШ долл. дейін өсіру міндеті шешілетін болады.

Бұл үшін жаңа экспорттаушыларды өсіруге және жұмыс істеп жатқан экспорттаушылардың құзыреттерін арттыруға бағытталған экспорттық акселерация бағдарламасын дамыту жалғасады.

1000 белсенді экспорттаушының сыртқы нарықтарға шығуы қамтамасыз етілетін болады.

Сонымен қатар 350-ге жуық экспорттаушыны электрондық сауда платформаларына (Alibaba, Amazon, OZON) шығару жоспарлануда.

Мемлекеттік эталондардың халықаралық талаптарға сәйкестігін қамтамасыз ету үшін сынақ зертханалық базаларының 30%-ы (250-ден астам) жаңғыртылатын болады.

Экспорттаушыларды сыртқы нарықтарға ілгерілету мынадай шаралар есебінен қолдау табады:

- экспорт алдындағы және экспорттық қаржыландыру;

- сақтандыру, айналым қаражатын толықтыруға қаржыландыру;

- Экспорттаушылардың шығындарын өтеу (сауда сөрелері мен сауда алаңдарын жалға алу, шетелдік сертификаттаудан, аккредиттеуден, инспекциядан өту, тауарларды шетелде жарнамалау, шетелдік көрмелерге, форумдарға, жәрмеңкелерге, конкурстарға қатысу);

- экспорттаушылардың көлік шығындарын өтеу.

Нәтижесінде шикізаттық емес тауарлардың экспорты 14-тен 29 млрд. АҚШ долларына ұлғаяды. Көрсетілетін қызметтер экспортының өсуі 2,4 есені (5-тен 12 млрд. АҚШ долл.) құрады.

Ұлттық жобаны қаржыландырудың жалпы көлемі 15,9 трлн.теңгені құрайды, оның ішінде республикалық бюджетте 402 млрд. теңге қарастырылған. 15,5 трлн теңге жеке инвестициялар тарту көзделіп отыр.

Ұлттық жобаны іске асыру нәтижесі 2025 жылы мынадай нысаналы көрсеткіштерге қол жеткізу болады:

- 102 мыңнан астам жаңа тұрақты жұмыс орны;

- еңбек өнімділігінің 20%- дан астамға өсуі;

- өңдеу өнеркәсібі өнімдерін өндіру көлемін 1,5 есеге ұлғайту.

- шикізаттық емес экспортты 41 млрд. АҚШ долларына дейін екі есеге ұлғайту.

- ЖЭК-тен электр энергиясының үлесі генерацияның жалпы көлемінің 6%-ын құрайды.

Ұлттық жоба Жалпыұлттық басымдықтарды және елді дамытудың 2025 жылға дейінгі ұлттық жоспарын іске асыру үшін қалыптастырылды және 2025 жылға қарай орнықты экономикалық өсуді 5%-тен төмен емес деңгейде қамтамасыз етуге бағытталған.

"Адырна" ұлттық порталы 

Пікірлер