Биыл – халық композиторы, әнші-ақын, күйші-домбырашы Мұхит Мерәліұлының туғанына 180 жыл толды. Осыған орай Алматы қаласы Мәдениет басқармасына қарасты «Алатау» дәстүрлі өнер театры 5-ші маусым шымылдығын ақын-драматург, ҚР Мемлекеттік сыйлығының, сондай-ақ «Платиналы Тарлан» тәуелсіз сыйлығының лауреаты, «Парасат» орденінің иегері, Иранбек Оразбаевтың (Иран-Ғайып) «Ән-Мұхит» дәстүрлі музыкалық драмасымен ашты. Қойылымда алты алашқа ән оздырған Мұхит Мерәліұлы өмір сүрген XIX-XX ғасырлар тынысы көз алдыңа келеді. Сонымен бірге оның әншілік өнерінің ерекше жаратылысы, табиғаты молынан ашылады. Қойылымда қасыретті замана шындығы көрініс тауып, біртуар әншінің астары терең, эмоциялық бояуы қатпар-қатпар психологиялық туындылары көрерменнің жан-жүрегін тербеп, сай-сүйекті сырқыратады. Сол замандағы әділетсіздіктің бүгінгі күннің шындығымен астасатынын аңдап, ойға батасыз. Айналасындағылардың қайғысы мен мұңына, шаттығы мен қуанышына ортақтасу, тіпті біреудің басындағы бақытсыздығын өз басының мәселесіндей көріп, қайғы жеуі – Мұхит әндерінің басты ерекшелігі.
Қойылым авторы ақын-драматург Иранбек Оразбаев (Иран-Ғайып):
– Бұл шығарманы жазуыма Батыс Қазақстан облысының бұрынғы әкімі Нұрлан Ноғаев себеп болды. Нұрлан Асқарұлы маған: «Ираға, сізге өнер адамдарының атынан үлкен өтініш болып тұр. Мұхит Мерәліұлын жазып берсеңіз қайтеді? Қолқамызды жерге қалдырмассыз»,– деді. Мұхиттың туған жері Оралдан 350 киллометр жерде екен. Сол елге барып, үш күн сондағы мамандармен, халықпен кездесіп, мәлімет алдым. Ауылға кіре берісте қолына домбыра ұстаған Мұхиттың ескерткішін қойыпты. Домбырасының басын мыстан жасаған екен. Біреулер сол домбыраның басын сындырып алып кетіпті. Шанағы тұр. Басы жоқ. Ойыма бірден бұл үлкен қиянат қой. Демек, кейінгі буын ұрпақ Мұхиттың қадіріне жете алмаған екен деген ой келді. Содан әйгілі әншінің басына барып, зиярат етіп, құран оқып, халықпен таңғы сағат 06:00 дейін кездесу өткіздік. Жолда келе жатып ойландым. Мұхит өзі ит арқасы қиян жерден шығып, қазақтың ұранына айналған әндер жазып, бүкіл әлемдік музыкаға өзінің шығармаларының негізінде қазақтың қасиетін, киесін сіңірген ұлы композитор екен. Мен бұған тезірек кірісуім керек дедім де, үйге келген беттен бір аптаның ішінде «Ән-Мұхит» драмасын жазып шықтым. Содан «Ән-Мұхит» қойылымы бірнеше облыстық театрларда сахналанды. Ал, бүгінгі премьера тіпті бөлек. Мұны тек көру керек. Біз бүгін әруақ алдында тазарып, үлкен іс жасадық деп санаймын. Мұхит атамыздың өз дүниесін өзіне жинақтап, түгендеп, беріп тұрмыз деп ойлаймын. Қойылымды қоюға мүмкіндік беріп, қолдау көрсеткен Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевқа рақмет!
Қойылымның қоюшы режиссері, «Алатау» дәстүрлі өнер театрының көркемдік жетекшісі Жұлдызбек Жұманбай:
– Қойылымдағы барлық музыка Мұхит әндерінің түп нұсқасы.Әндерін бұзбай сол қалпында жеткіздік. Театрымыздың негізгі ұстанымы да осы. Спектакльде композитордың сегіз әні орындалады. Мұнда әр әннің қандай толғаныстан, оқиғадан туындағаны көрсетіледі. «Ән-Мұхит» премьерасында басты рөлді сомдаған – Нұрболат Исаев. Бұл – оның дебюті. Ол, негізі, дәстүрлі әнші. Актер емес. Дегенмен, өз рөлін жақсы алып шықты. Батыс өңірінің мақамын бала күнінен естіп, құлағына сіңіріп өскен жігіт. Осы тұста тағы бір айта кететін нәрсе – сахнадағы актерлардың киімі, сахнаны әрлеу, музыка, бәрі де театрымыздың өз өнімі. Музыкасын жазған театрымыздың қобызшысы – Нұрболат Қыдырбаев. Өнерге қолдау болмаса, өрге баспайтыны анық. Осы орайда «Ән-Мұхит» спектаклінің сахналанып, жарыққа шығуына қолдау көрсеткені үшін қаламыздың әкімі Бақытжан Сағынтаев ағамызға рақмет айтқым келеді.
Әнші, өнертанушы Ерлан Төлеутай:
- Мұндай биік деңгейді күтпегенім рас. Бірақ, Жұлдызбетен үмітті едім. «Алатау» құдайдан сұрап алған жалғыз дәстүрлі театрымыз ғой. Бір-ақ, күні бүгінге дейін театрдың ісі маңдымай қойып еді. Ринат Заитов бауырымыз келгелі «Алатаудың» тынысы ашыла бастады. Театрдың жүрегі режиссер десек, Ринат Жұлдызбектей қиялы ұшқыр, жанып тұрған жас режиссер арқылы «Алатаудың» жұлдызын жақты бүгін. Енді бұл екеуі тұрғанда театрдың жұлдызы сөнбек емес. Құдай қаласа Ринат пен Жұлдызбек тандемі бұл театрды барша қазаққа әйгілейін деп тұр. Бүгінгі көрген «Мұхит» қойылымы соның алғашқы хабаршысы. Сөз жоқ, ғажап жаңа туынды дүниеге келді. Менің ұзақ жылдар аңсағаным, күткенім осы еді. Бұл жайында Жұлдызбекке әр жолыққан сайын айтып жүретін едім. Бұл біздің ән-күйімізді осы заман көрермендеріне жеткізудің тың формасы еді, осындай формат керек-ақ еді. Жұлдызбек соны дөп басты. Үмітімізді ақтап, үддемізден шықты. Жұлдызбекке алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Бұл жерде Иран-Ғайып ағамыздың еңбегін де ерекше айтуымыз керек. Иран ағамыз бұған жанын беріп, қызыл қанын ағызып отырып жазыпты. Ол өзі тумысынан ғажап драматург қой. Бүгінгі күнде елімізде драматургия өнеріне осылай жанкешті еңбек сіңіріп, қанымен жазып жүргендер некен-саяқ. Ағамыздың бұдан өзге жазған алпыстай драмасы бар екені, олардың түгелге жуығы сахналанғанын білеміз. Олар өз алдына. Ал, мына бүгінгі «Ән-Мұхит» ұлттық классикалық музыкалық драмасы бұл театрдың ғана емес, еліміздегі жалпы театр өнерінің жаңалығы. Бұл драма - енді басқа театрларды ойландырары хақ. Қойылымның ғажабы сонда – халқымыздың сонау алмағайып замандағы күллі өмірін көз алдымыздан өткізеді. Отаршылдық заман, әлеуметтік ауыр ахуал, өнерпаздың музыка тілімен қоғамға жеткізген жан айқайы. Есті өнердің қоғаммен қайшылықтары, кешегі келеңсіздіктер арқылы бүгінгі қоғамның шындығын әшкерелеу – бәрін бір драманың бойына сыйғызып, жымдастыра өріп шыққан. Ең бастысы біз осы қойылым арқылы Мұхиттың өмірі мен өнерін жаңа көзқарас тұрғысынан таныдық. Мұхитты ұлы өнерпаз ретінде жалпы қазаққа алғаш танытқан Ахмет Жұбанов еді, екінші Ғарифолла Құрманғалиев болатын. Бүгін Иран-Ғайып пен Жұлдызбек Жұманбай драма өнерінің тілімен үшінші рет таныта алды. Біз бүгін Мұхит атты ұлы композитордың өз дәуірімен үйлесе алмаған бақытсыз өмірін, оның ұлы әндерінің дүниеге келуіне себепкер болған тарихи-әлеуметтік факторлар мен махаббат машақатына, осы жолда тартқан жан азабынның жанайқайына куә болдық. Оның өмірі мен шығармашылығына тағы бір мәрте ой көзбен, толқынысты күй кеше отырып үңілдік. Мұхиттай ұлы өнерпаздың трагедиясы жалпы адамзат өнерпаздарының трагедиясы. Кей жерлерінде көзіңе еріксіз жас аласың. «Абай қазақтан туып қор болды», – деп Шәкәрім айтқандай, қазақтан туып қор болғаны болмаса – Мұхит өзі әлемдік масштабтағы ұлы композитор. Бір сұмдығы – қазаққа әлі жетпей жатыр. Ғарифолла заманында Мұхит қазаққа жақындап еді, енді қайыра алыстап барады. Бүгінгі қойылымнан кейін ел Мұхиттың әндеріне жаңаша қарайтын болады, басқа қырынан қырынан үңілетін болады. Өйткені Жұлдызбек Мұхиттың ішін ашты. Оның әлеміне кіретін кілтті тапты.Өнер көрсеткен актерлардың көздері жанып тұр. Бәрі Мұхиттың ішінде жүр. Бос жүрген біреуі жоқ, Барлығы Мұхиттың асты-үстіне түсіп жүр. Тіпті декорацияларға дейін домбыраша сөйлейді. Жан біткен олар Мұхитқа өз тілінде үн қатады. Декорациялардың былай шешен сөйлеуін мен көптен бері көрмеп едім. Осылайша барлығы жиылып келіп, Мұхитты жалғыздайды. Рухани қапаста қалған Мұхиттың қысылған жаны ән болып шыңғырады. Біз осы сұмдықтарды төбе құйқамыз шымырлап отырып көрдік. Біз қазақ өнерінің әлі де Мұхит боп жылап тұрғанын көрдік. Осылайша «Алатау» ән-күй театры өзінің 5 - маусымын ғаламат сенсациялық жаңа жобамен ашты. Бәріміз күткен жаңа Өнер дүниеге келді. Осыған қуаныштымыз. Жаңа өнердің ғұмыры ұзақ болғай.
P.S. Шынайы өнердің бағасы қашанда биік. Ғасырларды жалғаған «Ән-Мұхит» дәстүрлі музыкалық туындысының «Алатау» дәстүрлі өнер театры сахнасында қойылып, көрерменнің көңілінен шығуы үлкен мәртебе. Біз ізденіске толы шығармашылық ұжымның жұмысына жаңа серпін мен сәттілік тілейміз!
Ақбота ТОЙБЕКҚЫЗЫ, «Алатау» дәстүрлі өнер театрының маманы Суреттерді түсірген: Әнуарбек ДОСМАЛОВ