Отбасы күніне орай «Баға жетпес жәдігерлер» деп аталған көрме ұйымдастырылды

11

Мұнда қала тұрғындарының отбасылық құнды жәдігерлері қойылған

ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында Қостанай облыстық Тарихи-өлкетану музейі «Отбасы күніне» орай ұрпақтан-ұрпаққа жалғасын тапқан естелік заттардан «Баға жетпес жәдігерлер» деп аталған көрме ұйымдастырды.

Музейге отбасылық жәдігерлерін уақытша сыйҒа тартқан қостанайлықтардың сол заттарға қатысты оқиғалары мен естеліктері әрбір отбасының тарихы елдің тарихи жадының маңызды және ажырамас бөлігі екенін айқынырақ түсінуге көмектеседі.

Көрмеге музей қызметкерлері мен қала тұрғындары әжелерінің көзі ретінде сақтап жүрген күміс әшекейлерін, аталарына мұра болып қалған дүрбі, қалта сағат, фотоаппараттарын, бозбала мен бойжеткеннің осыдан 70 жыл бұрынғы бір-біріне жазған жан тебіренТерлік хаттарын, 1955 жылдары күйеубала мен қалыңдыққа сыйға тартылған стақандар (бокалдар), ерте кездегі балалардың ойыншықтары сынды әрбір отбасы үшін құнды дүниелер көрмеге қойылған.

-Кез-келген отбасының өзінің ерекше құнды дүниелері болады. Өмірден өткен ата-әжесінің ұрпақтарына аманат еткен құнды заттары да баға жетпес дүние. Бұл бірінші кезекте отбасының маңыздылығын көрсетеді. Бір шаңырақ астында ғұмыр кешіп жатқан бір-біріне бауыр болып келетін жандар әрдайым өзінің құнды затын бір-біріне сыйға тартып отырады. Осы заттар арқылы әрқайсысы өз өмір жолын таңдап, аралары алшақтаған кездері олардың сағынышын басатын құнды дүниелеріне айналады.

Міне, біз «Отбасы күні» мерекесіне орай, осындай құнды дүниелерден көрме ұйымдастыруды қолға алған болатынбыз. Мұнда қойылған жәдігерлердің бәрі ертеден бір жанұяның қымбат та құнды дүниесіне айналған заттар. Олардың әрқайсысының өзіндік тарихы бар. Басты мақсат отбасы құндылығын жоғалтпай, ұрпақтан ұрпаққа мұра болып қалатын дүниелердің қаншалықты қымбат екенін көрсету болды, – дейді музей қызметкері Айбике Қазыбаева.

Музейдегі бұл көрме 1 апта бойы жұмыс істейді. Осы уақыт ішінде қала тұрғындарына музейге келіп отбасылық құндылықтармен танысуға зор мүмкіндік бар.

Аягөз КӘКІМЖАНОВА

Пікірлер
Редакция таңдауы