Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Шымкентте 2 мыңнан астам отбасы пәтерлі болады. Бұл туралы бүгін маңызды белеске арналған іс-шаралар қорытылған жиында мәлім болды. Егемендіктің мерейтойына үшінші мегаполисте бірқатар нысан пайдалануға берілгелі отыр. Оның ішінде 300 адамды жұмыспен қамтуға қауқарлы түрлі өндіріс орындары мен мектептер бар.
Шымкентте алдағы жартыжылдықта ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай бірқатар әлеуметтік маңызы бар нысандар қолданысқа берілмек. Жаңа оқу жылында қалада су жаңа 4 мектеп ашылады. Қараша айында 7 жаңа өндіріс орны іске қосылып, 300 адамды жұмыспен қамтылғалы отыр. Сондай-ақ жыл соңына қарай 2 мыңнан астам баспана пәтер кезегінде тұрған түрлі санаттағы азаматтарға беріледі. Бұдан бөлек «Бозарық» қосалқы стансасының ашылуы да маңызды мерейтойға орайластырылып отыр. Шаһарда биылғы бірінші жартыжылдықта Тәуелсіздігімізді ұлықтаған ұзын саны 162 іс-шара өткізіліпті.
Бексұлтан Әділханов Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы басшысының орынбасары:«Оның ішінде негізгі ауқымды жобаларға тоқталсақ, «Шымқала» этноауылы мен «Қамал» тарихи-мәдени кешені ашылып, ел игілігіне берілді. Бұқаралық спортты дамыту мақсатында қала әкімінің бастамасымен Қазақстанда алғаш рет ІІ кезеңнен тұратын «Шымкент жастар лигасы» жобасы ұйымдастырылды.»
Ел тарихындағы маңызды белесте шымкенттіктер түрлі қайырымдылық шараларын ұйымдастырып, әлеуметтік осал топқа қарасты. Мемлекет басшысының бастамасымен «Қайырымды істер марафоны» жалпыұлттық жобасы жариялана салып, жергілікті кәсіпкерлер белсенділік танытты. Әкімдік пен мен қала мешіттерінің ұйымдастыруымен «Рамазан – қайырымдылық айы» акциясы аясында күніне 1000-ға жуық тұрмысы төмен отбасыға азық-түлік себеттері таратылды. Одан бөлек, Риддер қаласы Лесхоз кентінің зардап шеккен тұрғындарына гуманитарлық жүк тиелген 3 көлік жіберілді. Оған азаматтық ұйымдар, волонтерлық қозғалыстар, этномәдени бірлестіктер, кәсіпкерлер мен мәслихат депутаттары және жастар ұйымдары жұмылдырылды.
Зәуре Оралбаева Шымкент қаласы бойынша «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің меңгерушісі : Жалпы, Шымкентте тек жоба үшін емес, өңіріміздің жеке азаматтары науқас балаларға, балалар үйлері мен жалғызілікті аналарға, тұрмысы төмен отбасыларына қолдау көрсетіп, қолұшын беріп жүрген, онысын жария етуден аулақ азамат көп. Оларға да алғысымыз шексіз»
Nur Otanдықтардың тарапынан қайырымдылық үшін биыл 90 млн теңгенің қаржысы жиналып, халық игілігіне жұмсалыпты. Жалпы рейтингте көмек қолын созудан шымқала тұрғындары Нұрсұлтан қаласы халқынан кейін екінші орында екен. Мұндай игі шаралар Тәуелсіздік тойы жалғасатын келесі жартыжылдықта да қолға алынбақ.
М.Рысбаева