Ақтөбе облысының орталығы инженерлік инфрақұрылыммен қамтылады

2119
Adyrna.kz Telegram

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин Ақтөбе қаласын аралап, облыс орталығының әлеуметтік және инфрақұрылымдық дамуы бойынша бірқатар жобалардың жүзеге асырылуымен танысты деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Жұмыс сапары Жаңақоныс-3 тұрғын үй алабының газбен қамту желілерінің құрылысын қараудан басталды. Жоба тамыз айында басталған, биыл қазан айында аяқталады деп жоспарланып отыр. Жоғары және орташа қысымдағы барлығы 43 мың газ желісі тартылмақ.

Айта кетейік, осы жылы Ақтөбеде тұрғын үй алаптарындағы инженерлік инфрақұрылымдарды дамытатын бірқатар жобалар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, Жаңақоныс-3 тұрғын үй алабымен қатар Қурайлы, Құрашасай, Ақшат-3 пен Ақжар+ ауылдарында да газбен жабдықтау жобалары жүзеге асырылып жатыр. Ал Батыс-3 шағын ауданында, Заречный-1 және Заречный-2 тұрғын үй алаптарында, Құрашасай мен Қурайлы ауылдарында сумен жабдықтау және су тарту желілерінің құрылысы бойынша ауқымды жобалар жүргізіліп, Сая тұрғын үй алабында, сондай-ақ Рауан, Ақжар+, Құрашасай, Қурайлы ауылдарында жаңадан электр желілері төселуде.

Сонымен қатар биыл Жаңақоныс-4 және Жаңақоныс-5, Бауырластар-5, Шығыс-1, Ақжар+ тұрғын үй алаптарын көгілдір отынмен, Шығыс-1, Жанақоныс-5, Бауырластар-5 және Сарбаз тұрғын үй алаптарын жарықпен қамтуға қаражат бөлініп, жобаларды жүзеге асыру басталмақ.

Облыс әкімі қала басшылығына жобаларды көрсетілген мерзімде сапалы аяқтауды тапсырды.

Кейін өңір басшысы Батыс-2 шағын ауданындағы «Универ» медициналық орталығы емханасының құрылысымен танысты. Нысан жеке инвестиция есебінен тұрғызылып жатыр. Жаңа медицина мекемесінің жалпы аумағы — 2 мың шаршы метр. Емхана кемінде  25 мың адамға медициналық қызмет көрсететін болады.

— 150-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады. Алғашқы медициналық-санитарлық көмектің барлық қызметі қарастырылған. Жалпы тәжірибелік дәрігерлердің, хирургия мен урология, педиатрия, оңалту және физикалық ем қабылдау кабинеттері жұмыс жасайтын болады. Диагностикалық жабдық әкелінді, әрі қарай  магниттік-резонанстық және компьютерлік томография орталықтарын іске қосу, амбулаториялық хирургияны дамыту жоспарланып отыр, — деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Рүстем Исаев.

Биыл Мемлекет басшысының бұқаралық спортты дамыту бойынша тапсырмасын жүзеге асыру аясында Батыс-2 шағын ауданында физикалық мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт кешенінің құрылысы басталды. Бүгінде жалпы аумағы 4,6 мың шаршы метрді құрайтын екі қабатты ғимараттың іргетасын қалау жұмыстары басталып кетті. Спорт кешенінде спорттық, жаттығу залдарынан бөлек алаңы 400 шаршы метр болатын бассейн бар.

Облыс әкімі бұл күні Әуе қалашығы ауданындағы жаңа қазандықты да қарап шықты. Нысан әлі аяқталмаған. Осыған орай өңір басшысы бұл бағыттағы жұмыстарды желтоқсан айына дейін пайдалануға беруді тапсырды.

Сондай-ақ Оңдасын Оразалин Нариманов көшесі бойындағы көлік қоятын жерлерді ыңғайластыру жұмыстарының барысымен де танысты.

Аталмыш жобаны жүзеге асыру көлік қоюды реттеуге және көліктер өтетін жерде қауіпсіздік қозғалысын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жұмыстардың барлығы осы аптада аяқталады.

 

"Адырна" ұлттық порталы.

Пікірлер