Ә.Бөкейхан: Кейінгіге ғибрат аларлық үлгі тастап кетіп,алғыс аламыз ба? Әлде...

3305
Adyrna.kz Telegram

Қазақ елінің тарихында ұлт көсемі деген атқа ие болған тұлғалар аз.Соның бірі досына да, дұшпанына өзін мойындатқан Алаш ардақтысы Әлихан Бөкейхан. Ол 1866 жылдың 5 наурызында, қазіргі Қарағанды облысының Ақтоғай ауданында дүниеге келген. Әлиханның балалық шағы туралы мәліметтерді оның туған інісі Смақаннан кездестіреміз. Өз естелігінде Смақан Нұрмұхаммедұлы ағасының 6 жасқа дейін тілі шықпағанын жазады. Әлихан да өзге қазақ балалары сияқты асық ойнап өскен. Әйтсе де ол ұтып алған асықтарын қатарластарына қайтып беріп, әлімжеттік көрсеткендерді тыйып отырған екен. Нұрмұхаммедтің Әлиханы ер жете келе келелі істердің көшінен көрінеді. Жасынан зерек өскен Әлихан әуелі молда қолынан сауат ашып, содан соң қаладағы 3 сыныпты бастауыш мектебіне ауысады. 1879-1886 жылдары Қарқаралы қаласындағы қазақ балаларына арналған мектепте білімін жалғастырады. Әлімхан Ермековтің айтуы бойынша «Ол кісі Санкт-Петербордың Орман институтының экономика факультетін тәмамдаған.Заң факультетінде Ленинмен қоса экстернат болып емтихан тапсырған. Терең, дария-мұхит ғалым болатын. Шетелдердің 9 тілінде еркін сөйлеп, жаза білетін... Біздің ақыл-ойымыз Тоқырауын өзеніндей еді де, Әлекең Балқаш көліндей дария еді ғой». Әлихан Бөкейханның қоғамдық істерге араласуы Омбы қаласында шығатын бірнеше газеттерде мақала жазу- дан бастау алады. Нақтырақ айтсақ, 23 жастағы автордың 1 жылдың ішінде 20-ға жуық мақаласы жарыққа шыққан. Намысшыл жастың әр жазған мақаласы елдік мәселелерді көтерумен көрініс тапты. Оқуда Әлихан студенттік қызу пікірталастарға қатысып, әр түрлі қозғалыстарға белсене араласты. Осының салдарsнан ол Ресей жандармерия басқармасының назарына ілігіп, саяси сенімсіздердің қара тізіміне алынған. Петербордағы Орман институтын бітірген Әлихан Омбыға қайта келеді.Мұнда ол орман шаруашылығы училищесінде математика пәнінен сабақ берді.Сондай- ақ, социалистік бағыттағы «Степной край» газетіне белсе- не араласып, оның редакция алқасы құрамына енді. 1906 жылы Омбыдағы кадеттік «Голос степи», «Омичь» және «Иртыш» газетін шығарды.Сондай-ақ, 1908 жылы Петер- бургте жарық көрген большевиктік «Товарищ», «Слова» газеттерінде редакторлық қызмет атқарды.Әлихан Бөкейханов 1913 жылы жалпыұлттық «Қазақ» газетін ұйымдастырды.Ұлттық бағытты нысанаға алған газет Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлының қажыр-қайратының арқасында 1918 жылға дейін жарық көрді. Әлекеңнің өзі де «Қазақ» газетінде мақала жазғаны белгілі. «Өзінің тарихын жоғалтқан жұрт, өзінің тарихын ұмытқан ел, қайда жүріп, қайда тұрғандығын,не істеп не қойғандығын, келешекте басына қандай күн туатындығына көзі жетпейді. Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады», дейді Әлихан Бөкейханов. Тәңірі талабынан айырмаған Әлихан 30 жасында Щербина экспедициясына қатысады. Ол экспедция жұмысына қатысу барысында қазақ даласына байланысты Ресей империясының көздеген мақсатын бұрын өзі байқай берме- ген жаңа қырынан көреді. Сол себепті Әлекеңнің көзқарасы Щербина экспедициясына қатысқан 1896-1903 жылдары өзгергені анық. Қазақ даласындағы азаттық қозғалысын өрістеткен бастамада Әлихан Бөкейханмен бірге саясат сахнасына Ахмет Байтұрсынұлы,Мұхамеджан Тынышбаев, Ахмет Хазірет, Шаймерден Қосшығұлұлы, Райымжан Марсеков, Жақып Ақбаев, Отыншы Әлжанов сынды көптеген азаматтар шықты. Бұл жөнінде Әлекең «Қазақтар» атты мақаласында 1905 жылдың маусымында қазақ даласының қақ орта тұсында «Қарқаралы» оязындағы «Қоянды жәрмеңкесінде 14500 қазақтың атынан Министрлер кеңесінің төрағасына жолданған арыз-тілеу хат азаттық аңсаған халықтың оянған санасының алғашқы үн қатуы еді» деп жазады.

Осы жылы Мәскеуде Ресейдің қалалық және жергілікті қоғам қайраткерлерінің құрылтайы өтті. Онда Әлихан Нұрмұхаммедұлы тұңғыш рет империяға саяси талап қойды. «Мен Алтайдан Оралға, Сібір теміржолынан Омбыға дейінгі кең кеңістікті мекендеген 4 миллион қазақ халқының өкілімін... Қазақтың бүгінгі асқан мұңы – ана тілін қолдану бостандығы, оның қажеттілігі сайлау қарсаңында үгіт-насихат жұмысын жүргізу барысында ерекше артып отыр және осыған байланысты менің құрылтайдан өтінерім–жергілікті тілдердің құқын шектейтін заңның тез арада қайта қаралуы талап етілсін»,-дейді Әлихан Бөкейхан. Империяның аяр саясатынан именбей, ұлттық мәселе көтере білген Алаш арыстарынан жиналған 12 азамат Ресей Мемлекеттік Думасына депутат болып сайланды. Олардың арасында бірінші депутат болу – Әлихан Бөкейхановқа бұйырды. Өкінішке қарай,1907 жылы патша әкімшілігі қабылдаған үшінші Ресей заңына сәйкес қол астындағы қазақ секілді ұлттарды бұратана ретінде танып думаға депутат болу құқынан айырып тастады. Бұл турасында Әлихан Бөкейхан Ресей 1907 жылы алғаш және соңғы рет Еуропа болды деп айтады. Ол 1917 жылы кадеттер партиясының мүшелігінен өз еркімен шығады. Өйткені, Әлиханның Уақытша үкімет пен кадеттер партиясынан күткен үміті ақталмады. Ұлт көсемінің түпкі мақсаты – ұлттық мемлекет құру болатын.

Осыдан соң 1917 жылдың 21-26 шілдесі аралығында Орынбор қаласында өтетін Қазақ-қырғыз сьезіне шақырылды. Құрылтайға Ақмола мен Торғайдан,Семей мен Оралдан, Жетісу мен Сырдариядан,Ферғана,Бөкей облыстарының өкілдері қатысты.Күн тәртібіне сол кезеңдегі қазақ жұртынан өзекті деген 14 мәселе қойылды. Оның ең маңыздысы әрине, Алаш-Ұлттық саяси демократиялық партиясын құру болды.

Тұңғыш партия ұйымдарының пайымдауы бойынша діни басқарма мемлекеттік құрылымнан тыс деп танылды. Сондай-ақ, Алаштың ұлттық идеясы 5 түрлі тұжырымға негізделді.

Аталған тұжырымдама мемлекетті саяси-экономикалық,сондай-ақ рухани тәуелсіздікке жеткізетін бірден-бір бағыт болатын. Осыған көзі жеткен Ленин мен Сталин 1917 жылдың 17-20 қарашасында Шығыстың барлық еңбекші мұсылмандарына шұғыл түрде үндеу жариялады. «Бұдан былай сіздердің нанымдарыңыз бен әдет-ғұрыптарыңыз, сіздердің ұлттық және мәдени мекемелеріңіз қол сұғылмайтын болып жарияланады. Өздеріңіздің ұлттық өмірлеріңізді еркін және бөгетсіз құра беріңіздер. Сіздердің бұған праволарыңыз бар» дейді Ленин мен Сталин. Аталған мүмкіндікті дер кезінде пайдаланған Зәки Уәліби 29-қараша күні Башқұртстанның тәуелсіздігін жариялайды. Ал,желтоқсанның 5-і күні Орынбор қаласында екінші жалпы Қазақ-қырғыз сьезі болып өтті. Құрылтайдың күн тәртібінде тұрған ең негізі мәселе кеңестік билікке қатынас жөніндегі баяндаманы Әлихан Бөкейхан жасады. Сьезде қазақ облыстарын бүліншіліктен сақтау мақсатында Уақытша ұлттық кеңес құрылып, оның аты Алашорда болсын деген шешім қабылданды. Алаш автономиясының төрағалығына 3 азаматтың кандидатурасы ұсынылып, Ә.Бөкейханов төраға болып сайланды.

Өкінішке қарай, өздеріңіздің ұлттық өмірлеріңізді еркін және бөгетсіз құра беріңіздер деген үндеуін Ленин бір жапырақ қағаз ғана деп жарамсыз етіп тастады. Бұл аралықта Алаш автономиясының басшысы өз мүмкіндігін барынша пайдаланып бақты. Мәселен, Әлихан Бөкейхан 1918 жылдың 11 маусымы күні шұғыл түрде «Қазақ халқы кеңес үкіметін мойындамаңдар және кеңес үкіметіне бағынбаңдар» деп қатаң түрде нұсқау берді. Әлекеңнің нұсқауынан кейін Алашорда жасақтары 1918-1919 жылдары Қызыл әскерге қарсы шайқастарда аянып қалмады. Сондай-ақ, ол үкімет мүшелерінің саяси эмиграцияға кетуіне тыйым салды. «Қазақтың Қазақстаннан басқа Отаны жоқ.Сондықтан да қазақ үкіметінің мүшелері қазақ ішінде қалуы тиіс». Аталған жарлыққа бағынған Алаш ардақтылары жан сауғалап шетел асудан бас тартты. Ал, Әлиханның шетелге кетпей қалуын Қөшке Кемеңгерұлы жоғары бағалап былай дейді: «Басқа жұрттың патшалықтары жан-жаққа шығып, тым-тырақай болып шығып кеткенде – Әлииханның қоныс аудармай қалуы да елін сүйгендікке дәлел». Алашорда автономиясы 1917 жылдан 1920 жылға дейін тәуелсіз мемлекет ретінде өзінің ұлттық саясатын жүргізді. Ал, 1918 жылы өзін Ресейдің билеушісімін деп жариялаған Колчак Алашорда мен Башқұртстанды мемлекет деп мойындаудан бас тартты. Жан-жақты қыспақта қалған алашордашылар сол кездегі саяси жағдайды ескере отырып, Кеңес Үкіметін мойындауға мәжбүр болды. Әу баста большевиктер Әлихан Бөкейхановқа, оның саяси талаптарына көнуге мәжбүр болды. Осыны ұтымды пайдаланған Әлекең 1920 жылы қазақ шекарасын заң жүзінде айқындап алады. Әлихан Нұрмұхаммедұлы Бөкейханов 1989 жылы Жоғары соттың қатал үкімімен ақталды.

«Кейінгіге ғибрат аларлық үлгі тастап кетіп, алғыс аламыз ба? Жоқ, далаға лағып жөнсіз кетіп, қарғыс аламыз ба? Кеудесінде көзі бар адам көп ойланарлық жұмыс» дейді ол.

Көзі тірі кезінде аты аңызға айналып, Голощекиннің өзі кәрі көсем деп атаған Әлихан Бөкейханды бүгінде иісі қазақ пір тұтады. Сондықтан да кейінгіге үлгі аларлық ғибрат тастап кеткен оның алдында барша қазақ қарыздар.


Айжан ТОҚШЫЛЫҚОВА,

BAQ.KZ

Пікірлер