Тараздық шенеуніктер он дана батарейканы 9 млн теңгеге сатып алмақ болған

1935

Тараздық шенеуніктер он дана батарейканы 9 млн теңгеге сатып алмақ болды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Хабар24 арнасына сілтеме жасап.

Бұндай баға облыстық цифрлық технологиялар басқармасының мемлекеттік сатып алу сайтында көрсетілген. Егер жоспар жүзеге асқанда ең арзаны 70 теңге тұратын батарейканың әрбір данасына қазынадан 901 мың 700 теңге жұмсалатын еді. Абырой болғанда, ақжағалылардың әрекетіне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті қызметкерлері мен кәсіпкерлер палатасының өкілдері тосқауыл қойды.

Олар ұсыныс хат жазып, тауар құнын 299 теңгеге дейін төмендеткен. Нәтижесінде 9 млн теңге үнемделді. Сала мамандары аталған оқиға тапсырыс беру кезіндегі қателіктен болды деп түсіндірді. Дегенмен, тауар құнын нарықтағыдан шарықтатып көрсету өзге салаларда да байқалған.

Дәурен Омаров, облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басқарма басшысы:

- Сол сияқты жағдай Тараз қаласы білім бөліміне қатысты мәселе болған. Ол жерде компьютерлердің бағасы 380 мыңға аламыз деп жоспарланған болса оның нарықтағы бағасы 280-300 мың теңге тұратыны белгілі болды. Соған да байланысты ұсыныс хат жолдаған болатынбыз. Соның нәтижесінде 16 млнға жуық үнемдеу жағдайлары болып жатыр.

Пікірлер
Ұқсас жаңалықтар