Кальмар ойыны: Қарызға батқан адамдарды ойын арқылы өлтіруде

7352
Adyrna.kz Telegram

«Кальмар ойыны» атақты Netflix компаниясы ұсынған Оңтүстік Кореялық 9 сериялы дорама. Апта бойы ауыздан түспеген бұл дорама бірден Топ-10 қатарына енді. Бұл туралы «Адырна» ұлттық порталының тілшісі хабарлайды.

Дүниені дүр сілкіндірген жаңа кәріс сериалын түсіру осыдан 13 жыл бұрын жоспарланған. Бұл туралы режиссер Хван Дон Хек 2019 жылы баспасөз жиынында мәлімдеген еді.

Сериал сюжеті қандай?

Қорқыныш, жауыздық, қантөгіс. Сериал сахнасы дәл осы үш нәрсені негізге алған. Алайда, жасырынған мән мен шымыр шындықты байқамай қалу мүмкін емес.

Ойын ойнау арқылы 38,5 млн АҚШ долларын ұтып аласың. Иә, сериалдың басты фишкасы осы. Қарызға белшесінен батып, қанша тырысса да құтыла алмай жүрген 456 адам ақыры ақша арбасына оңай алданып қалады.

Басты рөлде - қартайған шал, сауатты азамат, бақытсыз әке, қараусыз қыз, сәбиі бар ана, қатігез еркек. Әр түрлі жас шамасындағы адамдарды алудың да өз себебі бар. Маңдайға жазылатын қиындық жас талғамайды. Тек адалдықпен, түзу жолмен төтеп бере білу керек.

Ойыншылар келісім шартқа қол қойып, алғашқы «жасыл түс-қызыл түс ойынынан» бастайды. «Қызыл түс-жасыл түс» ойыны әлемнің көптеген мемлекетінде, әсіресе балалар арасында танымал. Режиссер Хван Дон Хек өзі де сериал желісі бала күнімізде ойнаған ойындар бойынша түсірілетінін айтқан болатын.

Жасыл түс дегенде алға қарай жылжып, қызыл түс дегенде қатып қалу керек. Кім қимылдайды, өмірмен қош айтысады. Ойынның өмірге алмасатынын білмеген қатысушылар шу көтеріп, ойын алаңынан қашуды көздейді. Дегенмен, қашуға тырысқан барлық адам өледі. Келесі кезеңге өткендер ойыннан бас тартып, қайта қалыпты өмірлеріне оралады. Бірақ саналарында 38,5 млн АҚШ доллары тұр. Шынайы өмірлері ойың алаңынан еш айырмасы жоқ екенін түскен қатысушылар қайтадан оралады.

Екінші ойында қатысушыларға 4 есіктің бірін таңдатып, қайнатылған қанттан жасалған бәліштерді береді. Бәліш ортасында өздері таңдаған есіктің белгісі бар. Сол белгіні ине сабымен сындырмай алу қажет.

Үшінші ойын біздің қоғамға таңсық емес. 10 адамнан команда құрылады. Кейін арқан тартысады. Жеңілген команда түгелімен қаза табады.

Төртінші ойында екі адамнан жұптасады. Әр ойыншыға 10 кішкене шар беріледі. Жеңген адам келесі кезеңге толық 20 шармен өтуі керек. Бұл ойындағы көрермендердің есінде сақталып қалған сюжет – сатқындық еді. Бастапқы ойын бойы бірге келе жатқан адамдар өз өмірі үшін түрлі жолмен жұбын жеңуге тырысады.

Бесінші ойында қатысушыларға манекенде тұрған сандардың бірін таңдауға бұйырады. Басты рөлді сомдаушы Ки Хун көп ойлана келе 1 санын таңдағысы келеді. Алайда арттағы бір ойыншы өмірінде ешқашан өз таңдауын жасамағанын, тым құрғанда бүгін ешкімнің артына тығылмай, қорықпай, өз таңдауын жасағанын және ол 1 саны екенін айтып, орын алмасады. Бұл ойында олар таңдаған рет бойынша көпірден өтеді. Көпір әйнектен жасалған. Бірі қалың болса, бірі өте жұқа. Секіріп өту арқылы олар қалың әйнекті табуы керек. Таппаса құлайсың. Құласаң, өлесің.

Финалға 3 қатысушы өтеді. Ки Хун,Сан У,Саэ-Пек. Бойжеткен жаралы еді. Оны білген Ки Хун оған көмек қолын созудың бар амалын жасайды. Алайда қасындағы Сан У оны пышақтап өлтіріп тастайды. Өткен алты ойын барысында қатысушылар өлген сайын, құтыдағы ақша саны көбейіп отырды. Мұны білген қатысушылар жауыздықпен бір-бірін өлтіруге дейін барды. Ең соңғы ойын «Кальмар ойыны».

Ки Хун жеңіске жетіп, қалыпты өмірге оралады. Үйіне барса, анасының қайтыс болғанын көреді. Өмірін ойынға тігіп, жеңген ақшасына мүлде тиіспейді. Ар азабын тартып жүргені айқын еді. Бақандай 455 адам ажал құшты. Бәрінің арманы ақша еді. Алайда жеңіл жолмен жолыққан ақшаның құны болмайтыны белгілі...

Бұл ойын алаңын кім құрды? Адамдардың барлығын кім жинады, ұйымдастырушы кім? деген сұрақтар легі сериал соңына дейін барлық көрерменді мазалады.

Жоғарыда айтып өткендей, басты рөлде қартайған шал болатын. Ол 4-ші ойында жұбынан жеңіліп, келесі кезеңге өтпеді. Ойымызда жүрген шиеленіскен сауалдардың жауабы осы қарияда.

«Құрметті қонақтарымыздың іші пыспас үшін түрлі ойындар ойлап таптық. Бірақ оларға өте келе қызықсыз боп бара жатты. Кейін біз адамдардан құралған, және өмірін ойынға салатын шоуды ұйымдастырдық. Мен ойынды сыртынан бақылаудан шаршадым, маған ішінде ойнаған қызығырақ болды».

Адам өмірі біреуге тамашалар ойын...

«Кальмар ойынын» қараған көрермендер санында шек жоқ. «Адырна» ұлттық порталының тілшісі бірнеше адаммен сұхбат жүргізіп, сериал туралы пікірлерін білді.

Кәсіпкер, журналист, бренд-менеджер Жазира Байдалы алғашқылардың бірі боп сериал туралы өз ойын ашық жеткізді:

-Жаңа кәріс сериалын көріп шықтым. Маған қатты ұнады. Себебі әр сериясы сені таңқалдырады. Жалпы соңғы уақытта осындай ойынға байланысты, адамды сынау, емтихан сияқты тестілеу форматындағы кинолар трендте. Алғашқыда барлығы жарыса айтып жатқандықтан, тренд болғаннан соң қарағым келді. Өйткені журналист болғандықтан, медиатұлға болғандықтан трендтен хабардар болу керек. Мысалы, бірінші сериясы менің ішімді пыстырса мен оны әрмен қарай көрмей қоямын. Осы жол үзбей қарап шықтым.

Мен мына нәрсені ұқтым:

  • Біз бүкіл бақытты, эмоцияны ақшаға байлап қоямыз. Ақшам болса бақытты боламын, мейірімді боламын, жақсылық жасаймын деп ойлаймыз. Шынына келгенде мұный барлығын қазір-ақ жасауға болады. Бүгіннен бастап кірісуге болады. Құдай адамды ақшасыз қалдырмайды. Әр адамның өз несібесі бар. Ал соны қанағат тұтып, әрмен қарай әрекет жасау пенденің өз қолында. Қоғамның проблемасы – барлығын ақшаға байланыстырып қою. Соны ұқтым.

Ақшаны ұтып алған басты кейіпкер кезінде жұмыс істеді, мәселелер туындап шығып кетті. Жұмыссыз қалуы жұбайымен ажырасып кетуіне әсер етті. Жеке өмірі бытшыт болған соң көңіл-күйі түсті. Ең соңында ойыннан бір-ақ шықты. Бірден беріле салуға болмайды. Бар ақшасымен, бар мүмкіндігімен күресе білу керек еді.

Ақша ұғымы құрал деген мағынаны білдіреді. Өмірде құрал көп қой, бастысы ақша. Ақша-махаббат, ақша-өмір, ақша-бақыт, ақша-қолдың кірі деп ойлаудың еш қажеті жоқ.

Мен мысалы кейіпкерлердің ақша туралы ойлауын жаман көріп тұрған жоқпын. Ақшаны ойлау мен үшін ақшаға құнығу емес. Ол тірі адамның тіршілігі. Бірақ ақша туралы ол кісілерде білім жоқ екенін түсіндім. Ақша туралы білім болса бізде көп адамның ойы өзгеріп, дұрыс бағытқа түсуіне жол ашылар еді. Ақша айырбастау формасы. Сұраныс бар жерге ұсыныс жасайсың. Нәтижесінде ақша пайда болады.

Іштей құндылығымыздың көрінісі осы ақша. Құндылық дамыса, ақша да көп болар еді.

Қантөгіс,жауыздық,қатыгездік сахнасының астында жасырынған ештеңе жоқ. Қатыгездік те, қантөгіс те, жауыздық та өмірде бар. Күнде жаңалықтардан естіп біліп жүрміз. Өмір ойын. Өмірге мүмкіндік болса жеңіл қараған дұрыс. Өмірді тым қатты қиындатудың қажеті жоқ. Бүгінгі күнмен өмір сүрейік. Бәрін бүгін істе.

Бұл кәріс сериалында көрсетілген барлық дүние біздің қоғамнан да көрініс табады...

Келесі пікір иесі Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университеті, журналистика факультетінің 4 курс студенті Уән Назархан:

-"Кальмар ойыны" сериалы қай қоғамда, қай ұлтта болмасын, орын алып жатқан негізгі мәселелерді көрсете алған. Мысалы, сериал барысында көрініс тапқан несие алғандар статистикасы өз елімізді еске түсіргендей болды. Несиеден несие алып, талай банктің табалдырығын тоздырған жандарды күнделікті өмірде де көріп келе жатырмыз.

Және бұл барлық елде бар проблема болып отыр. Сонымен қатар кейіпкерлердің ойын барысындағы әрекеті, қабылдаған шешімдері де адамдардың нағыз бет-бейнесін көрсеткендей болды.

Соңғысы, бас кейіпкер Сон Ги Хунды көпшілік тым мейірімді етіп көрсеткен дейді. Иә, мұнымен келісемін. Дәл осы кейіпкер арқылы фильмді түсірушілер адамдар арасында мейірімнің жойылып бара жатқанын айтқысы келді деген ой түйдім.

Қандай орта, қандай ұлт, қандай ел болмасын, мейірім мен адамгершілік жоғары бағаланатынын ұмытпаған жөн.

Гуманитарлық колледждің 3 курс студенті Н. Марал:

-"Игра в кальмара" дорамасы үкімет пен халықтың арасындағы шиеленіскен жағдайды ашық көрсеткен дорама болды. Адамдардың көбі бұл жерде ойынға қатысқан адамдардың қайтыс болып жатқанына, персонаждардың образдары керемет ашылғанына назар аударған болу керек.

Негізінде корейлік сериалдың түбінде айтар ойы - мынау. Үкімет халыққа таңдау жасауға мүмкіндік береді, дұрыс таңдау жасаған адам - тірі қалса, қателескені - өледі. Бұдан бөлек адам қиын ситуацияға түскенде жақын адамын сатып кетуге дейін баратынын көре аламыз.

Психологияға негізделген өнім бәрімізді уайымға салды, күтпеген оқиғалар таң қалдырмай қоймады. Келесі маусымын күтеміз!

Өмір сүру қолымыздан келсе өлімнен еш қорықпаймыз. Өлім кімнің болмасын басына келері хақ. Тек адами құндылықтарды жоғалтып алмау қажет. Өмірдің мәні, маңыздылығы – адамгершілікте.

Інжу Өмірзақ,

«Адырна» ұлттық порталы

 

 

 

 

Пікірлер