“Әкімдер келіп көретін үйлер жөнделуде”: Жамбылдағы жарылыстан жапа шеккендер наразылық білдірді

2617
Adyrna.kz Telegram

Жамбыл облысындағы жойқын жарылыс кезінде үйлері қираған кейбір қайнарлықтар "шенеуніктер құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр" деп елді алдап отыр деп ашынды. Бұл туралы “Адырна” ұлттық порталы 31 арнаға сілтеме жасап хабарлайды. 

1 ай бұрын болған жойқын жарылыс кезінде қайнарлық Гүлайна Масалинованың  тірнектеп тірлік етіп тұрғызған баспаналары қирауға шақ қалған. Ә дегенде қарқынды басталған қалыпқа келтіру жұмыстары да тоқтап тұр деп ашынды ол. Айтуынша, қажетті құрылыс материалдары жоқ екен. Ал бірнеше жылдан бері қайнарлықтарды басқа жаққа көшіру мәселесі де көтеріліп келіпті. 

“Былтыр да айтылды. Былтыр да қозғалды. Оның алдында да сендерді көшіреді деп айтылып жүрген.  Сонымен былтыр несие алып, газ кіргіздік. Көшіреді деп еді, тоқтап қалды”, – дейді Гүлайна Масалинова. 

Құрылыс жұмыстарына көңілі толмайтындардың бірі - Жанар. Ол министр, әкімдер келіп көретін үйлерде ғана жұмыс қарқынды жүргізіліп жатыр деді. 

“Енді Instagram-да жазып жатыр. Барлық үйдің төбесі жабылды. Барлық үйге кіріп жатыр деп айтуда. Ешқандай үйге кіріп жатқан жоқпыз. Енді ғана жасалып жатыр. Түнде мына палаткада жатамыз. Боран, шаң-топалаң. Қалаға барып душқа түсіп келеміз. Бала-шағамыз жан-жақта”, – дейді  Қайнар ауылының тұрғыны Жанар Сүйіндікова.  

Қазірдің өзінде Қайнарда құрылыс жқмыстары аяқталуға жақын үйлер бар. Шенеуніктер баспаналарды 17 қазанға дейін аяқтауға уәде етіпті.

Естеріңізге сала кетейік, 27тамызда  Байзақ ауданындағы әскери қоймада жойқын жарылыс болып 17 адам қайтыс болды. Оқыс оқиға кезінде із-түзсіз жоғалып кеткен бір әскери қызметкерден әлі күнге хабар жоқ.

Пікірлер