СҚО-да құстар жаппай қырылып жатыр

1339

Солтүстік Қазақстан облысындағы Лебяжье ауылында  130 тауық, 290 қаз бен 582 үйрек қырылып, ветеринарлық карантин жарияланды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

24 қыркүйекте Солтүстік Қазақстан облысындағы Лебьяжье ауылындағы 7 шаруашылықта құс тұмауы анықталған.

Өңірлік ветеринария дирекциясы мәліметінше, 21-26 қыркүйек аралығында ауылда тауық, үйрек және қаз жаппай өлген, барлығы 1003 бас. Қазір қырылған құстар түгел өртелген. СҚО ветеринария басқармасындағылар тұмау жабайы құстардан жұғуы мүмкін деген болжам жасап отыр.

- Ветеринарлық қызмет эпизоотиялық тексеру жүргізді, материал іріктеліп, зерттеу үшін зертханаға жіберілді. 24 қыркүйекте "құс тұмауы" диагнозын растау нәтижесі алынды. Аурудың ықтимал көзі - жабайы құстар, өйткені бұл елді мекенде аққулар, үйректер және басқа да жабайы құстар мекендейтін су қоймасы бар, - деді облыстық ветеринария басқармасының алдын алу бөлімінің басшысы Қайырлы Қазанов.

Мамандар 24 қыркүйекте ауырған үй құстарынан сынама алған. Нәтижесінде ауру құс тұмауы екені анықталыпты. Қазір өңірдегі өзге де құс шаруашылықтарында тұмаудың алдын алу мақсатында жаппай тексеру жүріп жатыр.

Еске сала кетейік, былтыр Қазақстанның солтүстігінде құс тұмауы өршіп, мыңдаған құс, оның ішінде құс фабрикаларында құстар қырылып қалған болатын.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер
Редакция таңдауы